Жаз – жанға жайлы демалыс маусымы. Десек те, діттеген жерге уақытында жетемін деп асығып, ары-бері ағылған көлік иелері арасында қауіпсіздік ережелерін естен шығарып, жол-көлік оқиғаларына ұшырап жатқандар аз емес. Бала-шағасының несібесін табамын деп несиеге алынған көліктерін аяқасты соғып алып, шығынға батып, шырылдап жүрген жүргізушілер де баршылық.
Полиция не дейді?
Көлік жылдамдығын шамадан тыс асырып, үйде алаңдап күтіп отырған ата-анасы, бала-шағасына жете алмай, қас пен көздің арасында жол үстінде жан тапсырған көлік жүргізушілері мен жолаушылар қаншама… Осындай қайғылы оқиғаларға әкеліп отырған жол-көлік оқиғаларының жиілеуінің себебі неде? Жылдамдықты шамадан тыс арттыру, жаяу жүргіншілерге олардың өтуіне рұқсат етілген өткелінде артықшылық бермеу, рөлде ұйықтап кету, жолдың белгіленбеген жерінен өтуі, қарсы қозғалыс жолағына шығу, көлік құралын мас күйінде басқару – жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері. Облыстық полиция департа-ментінің мәліметтеріне сәйкес, осы жылдың І жартыжылдығында жол-көлік оқиғалар көрсеткіші төмендеген. Алайда, адам шығынына әкелетін апатты жағдайлар азаяр емес. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, жыл басынан облысымызда тіркелген 214 жол-көлік оқиғасынан 33 адам қаза тауып, 276 адам жарақаттанды. Биыл Павлодар қаласының өзінде алты айдың ішінде 114 көлік апаты салдарынан 9 адам қаза тауып,
146 адам жарақат алған. Өткен жылы 124 жол-көлік оқиғасы салдарынан 6 адам қаза болып,
161 жолаушы зардап шеккен. Ал қала сыртындағы күре жолдың бойында болған 41 жол-көлік апатынан 18 адам мерт болып, 64 адам жарақаттанды. Былтыр ұқсас кезеңде 44 көлік қақтығысынан 24 адам қайтыс болып, 83-інің түрлі жарақат алуына себеп болған. Павлодар облысы ПД ЖПҚ бастығының орынбасары Азамат Күркебаевтың айтуынша, көлік апаттарының басты себептерінің бірі – мас күйінде көлік жүргізу.
— Жүргізуші мас күйінде рөлге отырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Көлік рөлінде мас адамның отыруының өзі – қылмыс. Себебі жүргізушілер өз өміріне және жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіреді. Жыл басынан бері алкогольдік мас күйінде жүргені үшін барлығы 500-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкер-шілікке тартылды, — дейді Азамат Күркебаев. Облыстық полиция департаменті автожолдарындағы апаттың алдын алу және азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруда. Жыл басынан бері ҚР жол қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде үгіт-насихат шараларын ұйымдастырады. Қолға алған жұмыстары нәтижелі болуы үшін көлік жүргізушілері жолда өзі және өзгелер үшін жауапкершілікті барынша сезінгені жөн.
«Рөлдегі ұйқы»
Қазіргі уақытта елімізде Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, шілде айында облыс аумағында «рөлдегі ұйқы» акциясы өткізілуде. Оның басты міндеті көлік құралын басқару кезінде шамадан тыс жұмыс істеу себебінен апаттылық деңгейін төмендету болып табылады. Сонымен қатар, тұрақты негізде жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдар тексеріледі. Мәселен, бірінші жарты жылдықта 1900 ақау анықталып, оны жоюға 780 ұйғарым берілген. Полицейлер тұрғындардың назарын жол ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Қазіргі уақытта мобильді көлік түрлерінде, оның ішінде мопедтер мен скутерлерде жүру белең алды. Мопедтерін бар жылдамдығына басып, жол бойындағы қауіпсіздікті қаперіне алмайтын жастар көбейген. Апатты жағдайлар қатарын көбейтпеу үшін ҚР «Жол қозғалысы туралы» Заңының 64-бабына сәйкес уәкілетті органда жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын мотоциклдер, трициклдер, квадрациклдер мен мопедтерді мемлекеттік тіркеуден өткізу қажет. Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жылдамдығы сағатына 50 км-ден аспайтын мопедтер мен скутерлер ҚР Жол қозғалысы ережелерінің 24-тармағының талаптарына сәйкес мопедті басқару құқығы жасөспірім балаларға 16 жастан бастап беріледі. Мобильді көліктер велосипед жолымен немесе қозғалыстың велосипед жолағымен, ол болмаған жағдайда жүріс бөлігінің оң жақ шетімен жүруі қажет. Бұл ретте мопед жүргізушілеріне рульді ұстамай жүруге, жолаушыларды тасымалдауға, басқаруға кедергі келтіретін және ұзындығы мен ені бойынша көлемі 50 см-ден асатын жүкті тасымалдауға, жақын жерде велосипед жолы болған кезде жолда жүруге, жаяу жүргіншілер өткелімен жүруге, мопедпен пайдалануға арналған тіркемені қоспағанда, сүйретуге, сол жаққа бұрылу кезінде немесе трамвай қозғалысы бар жолдарда және осы бағытта жүру үшін бір жолақтан артық жолдардан бұрылуға тыйым салынады. Қозғалыс кезінде жолдың қарсы жолағына шығу жол-көлік апатын тудыру ықтималдығын күшейтеді. Ережеге сәйкес, мұндай қасақана бұзушылық үшін жүргізуші 6 айға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Жауапкершіліксіз адамдар маневр жасауға тыйым салатын тұтас жолақты немесе белгіні байқамай, өзіне ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіреді. Сондықтан балабақша, оқу орындары, жаяу жүргіншілер өткелдері мен қоғамдық көлік аялдамаларының жанында барынша мұқият болу керек.
— Ағымдағы жылы жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер етіп, ЖКО-ның негізгі себептері болып табылатын өрескел жол қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтар анықталды. Автожолдарда балалардың жарақаттануы төмендеді. 6 айдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың қатысуымен 36 ЖКО тіркелді, онда 1 бала апат салдарынан қаза болып, 41 бала жарақат алды. Өткен жылы тіркелген 40 ЖКО-да 1 бала қайтыс болып, 45-і жарақаттанды, — дейді жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Азамат Күркебаев.
Соғыстан бетер…
Жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жұмыстардың жүргізілуіне қарамастан, еліміздің жолдарындағы апаттылық жағдайы алаңдаушылық тудырып отыр. Өткен демалыс күндері жол апатында ондаған адамның өмірі қиылды.
— Өткен жұма сенбі, жексенбі күндері 24 адамнан айырылып қалдық. Қала маңындағы трассаларда үш немесе одан да көп адам шығынымен орын алған жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткені алаңдатады. Осы жағдайлардың барлығы жол жүрісіне қатысу-шылардың тәртібінің төмендігін көрсетеді, – дейді ІІМ ӘПҚ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова. Бүгінгі таңда еліміздің жолдарында 1 022 адам қаза тауып, 7 370 адам жарақат алған. Олардың қаншасы аман қалатыны және қаншасы мүгедек болып қалатыны белгісіз. Сондықтан жолда асықпай, барынша абайлап жүрген жөн. Үнемделген секундтар немесе минуттар адам өмірінен маңызды емес. Осы жағдай дәрігерлер қауымын да алаңдатып отыр. Адам өмірін сақтап қалуға асығып бара жатқан жедел жәрдем көлігіне жол бермеуі – көлік иелерінің жауапкершілігі жоқтығының бір көрінісі. Рұқсат етілген бағдаршам сигналына ауысып, жыпылықтайтын маяктар қосулы болса да, көлік жүргізушілері «103» көлігіне жол бермейді. Жақында Павлодарда жол-көлік оқиғасы салдарынан жол талғамайтын көлік жедел жәрдемге соқтығысып, «103» көлігі қатты зардап шекті. Бұл – биыл «жедел жәрдем» көлігі қатысқан екінші жол апаты. Осындай жағдайлар қайталанбауы үшін ақ желеңділер облыс тұрғындарын жол ережелерін қатаң сақтап, қауіп-қатерге жол бермеуге шақырады. Мамандар жүргізген талдауға сәйкес, барлық жол-көлік оқиғаларында жүргізушілер асығыс жүріп, басып озу үшін қарсы жолаққа шыққан. Жылдамдықтың жоғарылауына байланысты олар автокөлік тізгініне ие бола алмай, келеңсіз оқиғаларға тап болады. Жол апаттарының басым көпшілігі – жүргізушілердің немқұрайлылығы мен салғырттығынан. Осы қайғылы жол апаттарын ескере отырып, әкімшілік полиция комитеті жол жүрісіне қатысушыларды қауіпсіз жүріс жылдамдығы мен автокөліктер арасындағы қашықтықты қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
Торғын ОРАЗАЛЫ.