Сенбі күні облыс басшысы Асайын Байханов Екібастұз жылу-электр орталығында болып, жұмыс барысын қадағалады. Қаланың тұрғын үй қорының алдағы жылыту маусымына дайындығы туралы  мемлекеттік органдар мен «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС басшылары баяндады. Аймақ басшысы жөндеу ісінде жеделдік танытуды талап етіп, барлық жұмыстарды уақытылы тапсыруды ескертті.  

Жауапты мекемелердің есебін тыңдаған аймақ басшысы Екібастұз жылу желілерін қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын көбейту қажеттігін баса айтты.

– Бұл жұмыс қанағаттандыр-майды. 2021, 2022 жылдары гидравликалық сынақтар 16 кг берсе, мұндай жағдай болмас еді. Ыстық сусыз қалған 300 үйге 15 маусымда беруге уәде берілді. Уәде орындалған жоқ. Халық алдында қалай есеп береміз? Мердігерлер ақша табады, ал шағымдар бізге түседі, – деді Асайын Байханов. Кеңеске «Павлодарэнерго» АҚ, «Екібастұзжылуэнерго» АҚ басшылығы және мердігерлік ұйымдардың басшылары қатысты. Жылу желілері жұмысының сенімділігін қамтамасыз ету және апатты учаскелерді анықтау үшін 25-30 шілде аралығында Екібас-тұзда гидравликалық сынақтар қайта жүргізіледі. Қазір төрт жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда жоспарланған 5,6 км-ден 3,3 км құбыры төселген. Он қазандықтан тұратын ЭЖЭО-ның екеуі жөнделді, сегізінде жұмыс жалғасуда.

– Жылыту маусымына дайындық бойынша барлық мәселелерді күнделікті бақылауда ұстаймын. Тұрғындардың қыста үйлердегі жылуға деген үміттері мен сенімдерін ақтауымыз керек, – деді облыс әкімі. Қазіргі таңда Екібастұз ЖЭО-да бес су жылыту қазандығын жөндеумен 250 адам айналысады. №№11, 14 және №15 қазандықтарды
20 қыркүйекке дейін қалпына келтіру жоспарланып отыр. №12 және 13 қазандықтар 31 қазанға дейін жөнделеді.

– Үш қазандықта текшелер, панельдер орнатылуда. Жұмыстың 40 пайыздан астамы орындалды. №12 және №13 қазандықтарда жуу жұмыстары жүргізілді, бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде. Қалған құбырлар тексерілді. Құбырларға тапсырыс берілді. Олар жеткілікті болады, – деді «САЭМ-Павлодар» ЖШС-нің бас директоры Тимур Календарев. Тимур Календарев келесі аптада станцияға екі желілік сорғы жеткізілетінін және тамыз айының басында тағы бір сорғы алатынын айтты. Желілік құбырларды ауыстыруға 30 адам тартылмақ. Сонымен қатар, ЖЭО-да экрандық құбырлар жеткізіледі деп күтілуде. Кестеге сәйкес уақытында әкелінсе, онда орнату жұмысы тамыз айының соңына дейін аяқталады. Станцияда бұған дейін бекіту арматурасы ауыстырылып, үш жаңа желілік сорғы орнатылатыны және алты желілік су коллекторының төртеуі ауыстырылатыны айтылды. Барлық қазандықтарда шаң жүйелерін жөндеу жоспарлануда.

– Су қазандықтарында қиындықтар жоқ. Тамыз айында гидравликалық сынақтар басталады. Сондықтан мердігер ұйымдар адамдардың санын көбейтуі қажет. Келесі аптаның соңына дейін 11-ші қазандықта конвективті пакеттерді орнатуды аяқтау көзделеді, – деді Тимур Календарев. Гидравликалық сынақтардың бірінші кезеңі 24 шілдеден бір аптаға дейін созылады. Сондықтан тұрғын үйлердегі ыстық су 30 шілдеге дейін тоқтатылады. Осы уақыт ішінде магистральдік және орамішілік қалалық жылу желілері беріктігі мен тығыздығын тексеріліп, сынақтардан кейін импульстар пайда болған жерлер жөнделеді. Облыс әкімі, сондай-ақ, теміржол бөліктерін шығаратын өндірісті аралады. Өңірімізде интеграцияланған теміржол кластері жаңа инвестициялық бағыттары дамып келеді. «Railcast Systems» ЖШС локомотив бандаждарын шығаратын зауыт – еліміз үшін өте қажет жоба.  «Railcast Systems» ЖШС-нің құрылтайшысы Сергей Павлингердің айтуынша, жоба мемлекет және өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен жүзеге асуда.  Кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында, 2024 жылы аталған өндірістік нысанды ашу жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру нәтижесінде 160 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Т.ӘБІЛДА

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.