Аймағымызға алыс-жақыннан көшіп келушілер қатары артуда. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында оңтүстік өңірлер мен шет мемлекеттерден 1526 адам қоныс аударған. Алайда, алдағы уақытта қоныстанушылар 4 санатқа бөлініп, тек 1-інші санатына ғана мемлекет тарапынан материалдық көмек көрсетілмек. Мұндай қолдау нақты кімдерге тиесілі? Ал басқа санаттағы адамдар қалай күн көреді?

 

Осы және өзге де сұрақтарға Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма-сының басшысы Альмира Дисюпова жауап берді. Оның айтуынша, биыл ұлттық жоба аясында аймағымызға 3493 адам, яғни 869 отбасына квота бөлінген. Оның ішінде 2691 адам ішкі көш бойынша қоныс аударушы және 802 қандас бар. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3 772 млн теңге қарастырылған.

– Жалпы, биыл жыл басынан бері квота бойынша облысымызға 324 отбасы (1526 адам) көшіп келді. Олардың қатарындағы қандастар үлесі 92 шаңырақ (462 адам) және 232 отбасы (1064 адам) еліміздегі жұмыс күші аз өңірлерден қоныс аударушылар болып табылады. Бүгінгі таңда бұл бағыттағы жоспар 43,7 пайызға орындалып отыр. Биыл көшіп келушілердің ішінде еңбекке қабілетті жастағы 1 мыңнан астам адам бар. Қазіргі таңда қоныс аударушылар тарапынан 357 отандасымыз тұрақты жұмыс орындарына орналастырылып, 3 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысуда. Сондай-ақ, 1 азамат грант алып, 4 адам оқуға жіберілді. Ал қандастар арасында еңбекке қабілетті жастағы 259 адамның 128-і тұрақты жұмыспен қамтылып, 4 адам грантқа қол жеткізді, – дейді Альмира Дисюпова. Сонымен қатар, ол шетелден келетін қандас-тарды өңірдегі ірі өнідіріс орындарына жұмысқа орналастыру үшін мамандықтары жоқ екенін айтып, бұл жағдай қиындық тудырып отырғанын да алға тартты. Баспасөз мәслихатында Үкімет қандастарды қабыл-даудың жаңа тетіктерін енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатқаны да сөз болды.

– ҚР Сыртқы істер министрлігі «Бір терезе» қағидаты бойынша шет елдерде тұратын қазақтардың «Қандас» мәртебесін алу туралы өтінішін қабылдап, көмек көрсете алады. Бүгінгі таңда бұл қағида Түркіменстаннан көшкісі келетін этникалық қазақтар үшін пилоттық режимде қолданылуда. Қазіргі уақытта аталмыш жоба аясында Түркіменстанда тұратын этникалық қазақтардан 1 937 өтініш қабылданған. Ендігі кезекте Моңғолия азаматтары үшін осы жаңашылдықты енгізу жоспарлануда. Этникалық қазақтарға елге кірер алдында «Қандас» мәртебесін беру туралы алдын ала шешім шығарылады, – деп түсіндірді Альмира Аманқызы. Оның сөзіне қарағанда, бұдан былай алыстан көшіп келген ағайынның автоматты түрде «Қандас» мәртебесін алып, ҚР-ның азаматтығына құжаттарын тапсыруға мүмкіндігі бар. Ал азаматтық 3-6 ай аралығында берілетін болады. Көші-қон саласындағы тағы бір өзгеріс – материалдық көмек беру тәртібінің өзгеруі. Яғни, бұдан былай көшіп келушілер 4 түрлі санатқа бөлінеді. Оның ішінде 1-інші санатқа Үкімет бекіткен мемлекеттік квота арқылы өңірлерге коныс аударушылар жатады. Осы жеңілдікпен келген отбасының әр мүшесіне 80 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде ақшалай көмек, тұрғын үй алу үшін ұтқырлық сертификаты және басқа да қолдаулар көрсетіледі. Ал өзге санаттағыларға мұндай материалдық көмек берілмейді.

– Себебі, 2-нші санат бойынша келетін этникалық қазақтар – кәсіпкерлікпен немесе белгілі бір жұмыспен айналысатындар. Осындай азаматтар біздің мемлекеттен қаржылай қолдау емес, кәсібін жалғастыруға мүмкіндік жасауымызды сұрайды. Сол сияқты 3-інші санаттағылар тек жұмыспен қамтуға көмек қолын созуымызды өтінеді. Олардың қатарына жұмыс берушілердің шақыруы бойынша бос жұмыс орнына орналасқысы келетіндерді қосуға болады. Әрине, «жұмыс тауып берсеңдер болды, өз жағдайымызды өзіміз жасаймыз» дейтіндерге мемлекет тарапынан қолдау бар екенін атап өткен жөн. Ал 4-інші санаттағылар – осындағы жақын туыстарының шақыруы бойынша отбасын біріктіру мақсатында көшіп келгендер. Олар мемлекеттік квотаға енгізілмегендіктен, қаржылай көмек көрсетілмейді, – деді Альмира Дисюпова.

 

Нұржайна ШОДЫР.