Аймақ басшысы Асайын Байханов Екібастұз қаласына сапары кезінде әлеуметтік нысандарды да аралады. Тұрғындар тарапынан қазіргі жағдайлары сын көтермейтін №17 орта мектеп жанындағы бассейн ғимаратын күрделі жөндеу және Атығай ауылы мектебі мәселесіне шешуге байланысты шағымдар түскен.

 

№17 мектептің ғимаратында орналасқан 300 балаға арналған бассейн 1988 жылы салынған. Нысан қазір «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінің қарамағында. Оның жағдайы заманауи талапқа сай болмағандықтан, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің нұсқауымен жабылған. Содан бері бассейнді жөндеуге қаражат қарастырылмаған. Типтік бассейн ғимаратының іші-сырты тозып, қондырғылары ескірген. Кеншілер шаһарында бассейн зор сұранысқа ие болғандықтан, оны қалпына келтіру үшін тұрғындарға облыс әкімінің көмегіне жүгінуге тура келген. Облыс әкімі Асайын Байханов ғимарат пен оның қосалқы үй-жайларын қарап шыққаннан кейін облыстық білім басқармасына 2024 жылы күрделі жөндеу үшін қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауды тапсырды. Бассейнді қайта құру кезінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың қолже-тімділігін қамтамасыз ету жағы да ескеріледі. Балаларға қолжетімді инфрақұрылымды құру – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі болғандықтан, облыс әкімі мәселенің шешімін жеке бақылауына алды. Бұдан кейін аймақ басшысы кеншілер шаһарының Шешембеков көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің тұрғындарымен кездесті. Бір айта кетерлігі, қақаған аязда қала жылусыз қалғанда Шешембеков көшесі, 5, 7-үйлерден жылу үзілмеген.

– Тұрғындар ортақ шаруаларды бірлесе отырып атқарғандықтан, қақаған қыста бейнет көрген жоқпыз. Аязды күндері үйіміз жылы болғандықтан ешкім ешқайда кеткен жоқ. Үлкен-кішіміз еңбектен қашпаймыз. Қазір ауламыздағы балалардың өзі гүл суарып, еңбектеніп жүреді, – дейді қала тұрғыны Жақсыбала Жүнісова. Тұрғындар мақсатты жұмыстарға жұмыла кірісіп, қажетті қаражатты жылдамдатып жинап береді. Соның арқасында қазір Шешембеков көшесі, 7-үйде төрт подъездің екеуінің күнқағары жаңартылған. Басқа тұрғындар да үй ауласын абаттандыру жұмысына кіріскен. Облыс әкімі Асайын Байханов өзгелерге үлгі көрсетіп отырған көпқабатты үйдің тұрғындарына алғыс білдірді. Тұрғындар өз кезегінде облыс әкімінің аулаға заманауи балалар ойын алаңы қажеттігін айтты. Екібастұз қаласына сапар соңында облыс әкімі Бәйет ауылдық округіне қарасты Атығай ауылына ат басын тіреді. Ауылда типтік мектеп болмағандықтан, ауыл балалары тоқсаныншы жылдары балабақшаға лайықталып салынған ғимаратта оқуға мәжбүр. Қайта құру кезінде жоспардағы мектеп құрылысы аяқталмай қалғандықтан, балаларды дайын балабақша ғимаратында оқытуға тура келген. Сол уақыттан бері ғимаратқа жөндеу жүргізілмеген. Атығай ауылында 500-ден астам тұрғын бар. Оның басым бөлігі – қандастар. Қалаға жақын орна-ласқан ауыл азаматтары өңір кәсіпорындарында жұмыс істейді. Мектепте 123 оқушы білім алады. Ауылда 6 жасқа дейін 70 бүлдіршін болса, оның 23-і шағын орталықта тәрбиеленуде.

– Атығай – болашағы бар ауыл. Сондықтан мұнда жаңа мектеп салу қажет. Ал балабақша ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, балабақша ретінде қайта іске қосу керек, – деп түйіндеді Асайын Қуандықұлы. Жаңа мектеп салынса, ауылға көшіп келуге ниеттілер қарасы да көбеймек.

Т.ӘБІЛДА