Оқушылардың жазғы демалысының жартысынан көбі өтіп кетті. Осы салаға жауапты мамандар павлодарлық шәкірттердің көңілді демалуы үшін лагерьлер мен балалардың бос уақытын қамту орталықтарында күн сайын қызықты іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын айтады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.

Облыстық білім беру басқармасының тәрбие жұмысы мен қосымша білім беру бөлімінің басшысы Бекбатыр Айтмаханның айтуынша, биыл 40 мыңнан астам оқушыны қамтитын 326 мектеп жанындағы лагерь мен алаң жұмыс істеуде. Сондай-ақ, орта және жоғары буын оқушылары үшін мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарының базасында 55 мыңға жуық балаға арналған 424 бейіндік лагерь мен түрлі бағыттағы жасақтар бар. Ал қала сыртында 12 лагерь қызмет көрсетеді.

– Жалпы, өңірдің қала маңындағы лагерьлерінде 6 мыңға жуық оқушыны сауықтыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 3532 бала аталған орындарда демалып қайтты. Биыл қала сыртындағы 12 лагерьдің 10-ы ғана жұмыс істеуде. Күрделі жөндеу жүргізуге байланысты Баянауыл ауданындағы «Балдәурен» және «Орленок» жекеменшік лагерінің жұмысы тоқтап тұр. Сонымен қатар, «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен 925 ауыл баласына, оның ішінде оқу үздіктері мен түрлі байқау жүлдегерлеріне жолдама сатып алу жоспарланған болатын. Соның нәтижесінде, бүгінде 485 бала облыстық «Жас дәурен» оқу-сауық-тыру орталығында демалып қайтты, ал 240 бала 24 шілдеден бастап қатысатын болады. Бұған қоса, Астана қаласындағы Назарбаев университеті жанындағы «Айналайын» лагеріне 200 оқушымыз демалды, – дейді Бекбатыр Айтмахан. Оның сөзінше, облыс оқушыларының бос уақытын тиімді өткізуі үшін олардың түрлі қызықты іс-шараларға қатысуына да мүмкіндік жасалған. Осы мақсатта «Ұлы дала кереметі» атты жоба аясында өңіріміздің және республиканың киелі жерлеріне экскурсиялар жасалуда. Демалыс уақытында еңбекке құштар жасөспірімдерді жұмыспен қамту мәселесі де оң шешімін тапқан. Бұл ретте, бөлім басшысы есепте тұрған балалар мен жайсыз отбасыларынан шыққан оқушылардың жұмыспен қамтылуы ерекше бақылауда екенін атап өтті. Баспасөз мәслихатында Павлодар қалалық білім беру бөлімінің башысы Қуаныш Қыдырәлин де сөз алып, шаһардағы шәкірттердің жазғы демалысы жайлы баяндады.

– «Жаз-2023» жобасы аясында 1-10-сыныптардағы 41 442 оқушы жазғы демалыспен және жұмыспен қамтылды. Осы бағыттағы іс-шараларға биыл бюджеттен 144 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Мектеп жанындағы лагерьлерге 21 мыңнан астам оқушы баруда. Мұндағы балалар 3 реттік тамақпен қамтамасыз етіледі. Бір бала үшін 1 күндік төлемақы мөлшері шамамен 900 теңгені құрайды. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, қамқоршылары бар отбасыларында тұратын жеткіншектер мектеп жанындағы лагерьлерге тегін барды. Ал әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған отбасылардан шыққан балалар жолдама құнының 50 пайызын ғана төлейді, – деді Қуаныш Қыдырәлин. Жиынға қатысқан «Жас дәурен» облыстық оқу-сауықтыру орталығының басшысы Жұлдыз Селеусина да балалар игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті.

Нұржайна ШОДЫР.