Успен ауданының тұрғындары су тасқынына қарсы жүргізілген шаралар үшін алғыстарын білдірді. Ауқымды жұмысқа облыстық төтенше жағдайлар басқармасы мен жергілікті атқарушы органдардан жалпы 30-дан астам техника, 100-ден астам адам жұмылдырылды.

 

Успен ауданы әкімінің орынбасары Талғат Бешенбаевтың айтуынша, ауданда су тасқынына қарсы жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде.

– Еріген қар суының салдарынан 41 отбасы зардап шекті. Кейбір үйлерге су көп көлемде енсе, басқа үйдің қорасын ғана су басты. Үй маңындағы ғимараттарға ғана су кірген жағдайлар орын алды. Облыс әкімінің қолдауымен барлық зардап шеккен отбасыларға бюджеттік емес ұйым, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар есебінен қаржылай көмек көрсетті. Ешбір отбасы далада қалған жоқ, жағдай толығымен бақылауда, – дейді Талғат Бешенбаев.

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың бірі — Надежда Фоменко. Оның ауылда тұрып жатқанына 40 жыл болған.

— Биыл қар суынан осындай жағдай орын алады деп күтпеген едік. Себебі, ауылға қар аз жауған еді. Тас жолынан су келе бастағанда қорыққанымыз рас. Тәулік бойы есікті ашпай отырдық, су табалдырықтан жоғары көтерілді. Жертөле мен ас үйдің іші суға толды. Зардап шеккендердің жағдайын реттеу үшін арнайы комиссия құрылып, тұрғындар мен еріктілер күні-түні жұмыс істеді. Осы орайда, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек үшін ризашылығымызды білдіреміз. Қаражат жеткенше қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргіземіз, қалғанын өз күшімізбен жөндеп аламыз. Бізде су еденге ғана көтерілді. Қалғандарының жағдайы одан да қиын болды, – дейді Надежда Фоменко.

Азима Арынова «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге келіп, баспана сатып алған. Ол бөлінген қаражаттың жөндеу жұмыстарына қалай жұмсалатынын мамандар есептейтінін айтады.

– Үйіміздің несиесі әлі толық өтелмеген. Өтініш жазғаннан кейін облыстық бюджеттен келесі күні тез арада қаражат түсті. Жөндеу жұмыстарын өз күшімізбен жүргіземіз. Мұндай табиғи апат болады деп ешкім ойламады. Дегенмен, билік тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, жұмыстар жедел атқарылып жатқанына ризамыз, – дейді ауыл тұрғыны.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Павлодар облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың материалдық шығыны толықтай өтелді. Облыс бойынша құрылған арнайы комиссия шешімімен барлығы 125 отбасыға түрлі деңгейде шығын есептелді. Бүгінгі таңда 120 отбасыға жалпы сомасы 97 млн теңге көлемінде өтемақы берілді. Қалпына келтіруге жарамайтын Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылындағы бес үй жаңадан салынады. Арнайы комиссия сәуір айының соңына дейін өз жұмысын жалғастырады.

Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.

Успен ауданы.