12 сәуірде қазақ даласының ұлы перзенті, ғұлама ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының тұңғыш президенті, геолог Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Айтулы мерекеге орай облыс орталығында академиктің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

 

Маңызды шараға облыс әкімі Асайын Байханов, зиялы қауым өкілдері, мәдениет мекемелерінің басшылары, жергілікті тұрғындар және БАҚ өкілдері қатысты. Дәл осы күні Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция да өткізілді. Оған облысымыздан аттанған делегация қатысуда. Сонымен қатар, өңір делегациясы Ресей Федерациясы Томск қаласында атақты жерлесімізге арналған шараларға да қатысты.

Айтулы мерекеде Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернаты мен дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның жас ақындары ғұлама ғалымның мерейтойына арналған арнау өлеңдерін оқыды. Одан кейін академик ескерткіші алдына жиналған қауым гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Атап өтерлігі, павлодарлықтар жыл сайын 12 сәуірде ғалым есімін ұлықтауды игі дәстүрге айналдырған.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.