Елімізде мүгедектік бойынша жәрдемақы тағайындау шарасы толығымен автоматтандырылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әзірге жаңа қызметті 300-ге жуық отандасымыз пайдаланып үлгерген.

Бұл қызмет бұған дейін мүгедектігі бар жандарға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мамандарының қатысуымен көрсетіліп келген және оны көрсету мерзімі 8 жұмыс күнін құраған. Ал қазір бұл бағыттағы жұмыстар жеңілдеп, жәрдемақыны тағайындау туралы өтінішті қарау толық автоматтандырылған. Нәтижесінде, қызмет көрсету мерзімі 2 есеге қысқарды. Яғни, өтініш берушіге 4 жұмыс күнінің ішінде шаруасын біржақты етуге мүмкіндік жасалған. Мамандардың айтуынша, қызметті проактивті форматта бір ғана 1414 нөмірінің SMS-хабарламасына жауап беру, жәрдемақыны проактивті ресімдеуге келісім беру және банк шотын растау арқылы алуға болады. Ал қызмет көрсету үшін барлық қажетті мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен келіп түседі. Өкінішке қарай, ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметі бойынша аймағымызда мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары жыл санап артуда. Өткен жылы өңірдегі 11 118 тұрғын мүгедектік бойынша құжаттарын рәсімдесе, оның ішінде 3 025 адам алғаш рет осы санатқа қосылған. Енді мұндай жарымжан жандар мүгедектігін рәсімдеу үшін емдеу мекемелерінің есігін тоздырып, бұрынғыдай шаршамайтын болады. Атап өтерлігі, осыдан екі ай бұрын дәл осындай қағида бойынша «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған аналарға жәрдемақы тағайындау автоматтандырылған болатын. Осы жылдың соңына дейін бұл тәсілді тағы 2 басқа мемлекеттік қызмет бойынша іске асыру жоспарлануда, дейді министрлік өкілдері.

 

Н.АҚЫТЕГІ.