Өткен сенбі күні Шарбақты ауданына қарасты Арбиген ауылында есімі елге мәшһүр қайраткер, ағартушы, хазірет ҒабдылУахит Тіленшіұлының 170 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Асайын Байханов, қасиетті бабаның ұрпақтары, ғалымдар, депутаттар және өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары тегіс қатысты.

Ашық аспан аясында ұйымдас-тырылған игі шара барысында ауыл іргесіне 25 ақшаңқан киіз үй тігіліп, тойшыл қауымның құрметіне арналып ақ дастархан жайылды. Жиналған жұртшылық алдымен Ғабдыл-Уахит хазіреттің рухына тағзым етіп, Құран бағыштады. Бұдан соң мерейтой мерекелік бағдарламаға ұласты. Алғаш болып аймақ басшысы Асайын Байханов сөз алды.

— Сарыарқа даласының белгілі, бітімі биік ұлы тұлғасы Ғабдыл-Уахит хазірет Тіленшіұлының 170 жылдық мерейтойына қош келдіңіздер!

Рухани тұлғаны рухани құндылықтар тәрбиелейді. Сол құндылықтарды қалыптастыру жолында Ғабдыл-Уахит атамыздың орны ерекше. Атақты бабамыздың діни ой-толғауы мен ұстанымы қазақ халқының тарихы үшін аса маңызды. Дархан даланың ұлы даналары Исабек ишан, Ғабдыл-Уахит хазірет, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қасиетті Ертіс-Баян өңірінде қазақтың діни дәстүрлерінің тамырын тереңдеткен. Мұндай іс-шаралардың ұлттық рухты жаңғыртуда үлесі мол. Сондықтан әулие бабамыздың асыл өнегесі ғасырлар бойы халқымыз үшін үлгі болып қала береді. Бабамыздың жаны жаннатта, топырағы торқа болсын, — деді ол. Сондай-ақ, павлодарлықтарды аталған мерейтоймен ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, академик, профессор Шахимардан Әбілов құттықтап, жерлестері-нің қуанышына ортақ екенін жеткізді.

— «Алланың жіберген құраны, ол — ілім, ғылым, білім», — деп Абай айтып кеткен. Ғабдыл-Уахит хазірет атамыз да Алланың хақ жолында жүріп, 8 жыл бойы білікті ұстаздардан дәріс алып, діни сауатын ашты. Кейін 15 жыл Бұқара қаласындағы медреседе оқыды. Бұл медресе сол замандағы әлемдік деңгейдегі үлкен оқу орны еді. Бұдан соң бабамыз еліне келіп, халыққа ислам дінінің қадір-қасиетін түсіндіріп, шәкірт дайындап кетті. Осындай қасиетті тұлғалардың дұғасының арқасында бізді жау алмайды. Бар айтарым-бабамыздың мерейтойы құтты болсын, қазақ елінің дені сау, болашағы жарқын болсын! — деді Шахимардан Қайдарұлы. Мерейтой барысында өңірдегі қолөнер шеберлерінің көрмесі де ұйымдастырылды. Онда он саусағынан өнер тамған шеберлер өз қолдарымен жасаған туындылары мен бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, ашық алаңда қазақ күресі, қой көтеру, арқан тарту және басқа да түрлі спорттық сайыстар өтті. Нәтижесінде, 80 кг салмақ бойынша қазақша күрестен 1-орынды Павлодар қаласының палуаны Қабен Дастан, 2-орынды Ақсу қаласынан келген Ғабдығалы Рамазан, 3-орынды майқайыңдық Әсет Бүкенов иеленді. Ал ауыр салмақта (80+) белдескен палуандар арасында 1 орынды Аққулы ауданының палуаны Манап Рахат, 2-орынды Есілбай ауылынан келген Темірғалы Құдайбергенов, 3-орынды екібастұздық Еркебұлан Егімбаев алды. Кір тасын көтеру спорты бойынша 1-орынды Айдархан Қасымхан, 2 орынды Жетпіс Арман, 3-орынды Берік Смағұлов есімді азаматтар еншіледі. Сондай-ақ, арқан тарту жарысында 1-орынды Есілбай ауылы, 2-орынды Ақсу қаласы және 3-орынды Жылыбұлақ ауылының командасы олжалады.   Салтанатты той өңірімізге таны-мал өнер жұлдыздары мен Иса Байзақов атындағы облыстық филармония өнерпаздарының мерекелік ән-шашуымен жалғасын тапты. Ал түс ауа ат жарысы ұйымдас-тырылды. Аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге жарысы өтіп, сәйгүліктер шабысы сынға түсті. Оның қорытындысы бойынша аламан бәйгеде 1-орынды Павлодар қаласының шабандозы А.Мәкенов алып, 10 мың долларға ие болса, 2-орынды еншілеген ақсулық С.Оразов 1 миллион теңгені олжалады. Сондай-ақ, 3-орынды семейлік А.Бақытбеков (500 мың теңге), 4-орынды қарағандылық Сартай есімді азамат (300 мың теңге) иеленді. Құнан бәйгеде 1-орынды Шығыс Қазақстан облысынан келген Е.Бауыржанов (300 мың теңге), 2-орынды семейлік М.Әлімжанов (200 мың теңге), 3-орынды елордалық Е.Жанатаров (100 мың теңге) алды. Сондай-ақ, тоқ бәйге жеңімпаздары да ақшалай сыйлықтарға ие болды. Айта кетерлігі, жұма күні хазірет Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлының мерейтойына орай, облыстық ақындар айтысы және ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Жалпы, екі күнге созылған шара жоғары деңгейде мерекеленді.

 

Қайролла ӘЛҒОЖИН, Астана қаласының тұрғыны:

Мен бүгінгі мерейтойға Астана қаласынан арнайы келдім. Негізі, Шарбақты ауданының тумасымын. Хазірет ҒабдылУахит ата менің туысым болып келеді«Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, жыл сайын қасиетті бабамның басына барып, Құран бағыштап тұрамыз. Бұл кісінің ислам дінін дамытуға қосқан үлесі зор. Оның еңбегін елеп, осындай керемет шара өткізіп жатқан туған еліме алғыс айтамын.

Нұржайна ШОДЫР.