Жаз басталса, жыр болатын мәселе көп. Әсіресе, абайламаса, адам мен оның денсаулығына төнетін қатер көп. Өңірде тыйым салынған жерлерде суға түсу, қауіпсіздік ережелерін сақтамау нәтижесінде жыл сайын суға батып, ажал құшқандар қатары көбеюде. Бұған басты себеп не? Суға шомылу маусымына
дайындық және қауіпсіздік шаралары қандай? Осы сұрақтар төңірегінде Павлодар қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғаныс тобының офицері, аға лейтенант Темірлан Жапалбайды әңгімеге тартып көрдік.

 

– Темірлан Мейрамбекұлы, өңірде суға шомылу маусымы қашан ашылады? Дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Жалпы, еліміз бойынша шомылу маусымы 1 маусымнан басталады. Ал өңірде қашан ашылатынын кейін хабарлаймыз. Оның белгілі шарттары бар. Облыс аумағында жалпы саны 42 жағажай бар. Оның 24-і -коммуналдық және 18-сі – жекеменшік қолданыстағы жағажай. Алдағы шомылу маусымына дайындық барысында департаменттің құрылымдық бөлімшелер ұйымымен жағажайларда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларға жабдықтау бойынша хаттар жолдады. Төтенше жағдайлар департаментінің 4 мобильді посы, жергілікті атқарушы органдардың 3 посы қойылады. Аймақта барлығы су үстінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 206 млн 745 мың теңге бөлу жоспарланып отыр. Маусым басталар алдында тазарту жұмыстары жүргізіліп, шомылуға жарамдылығын анықтау үшін акваторияның түбін зерттеу жұмыстары өткізіледі. Жедел-құтқару жасағының базасында жағажайларда кезекшілікті жүзеге асыратын құтқарушыларға оқу жүргізіліп, тиісті құжаттар беріледі. Сондай-ақ, жағажайларды қауіпсіздік құралдарымен жабдықтау жұмыстары өткізіледі.

– Өткен жылдарғы тәжірибелерден байқағанымыздай, өзен жағалауында құтқарушылар аз болып жатады. Бұған не себеп?

– Өткен жылдың шомылу маусымы кезеңінде Павлодар қаласының коммуналдық жағажайларында құтқарушылардың аздығы байқалды. Бұл заңнама талаптарын бұзу болып табылады. Сәйкесінше жауапты ұйымға қатысты тексеру жүргізілді. Нәтижесінде әкімшілік хаттама толтырылып, бар бұзушылықтар көрсетіліп нұсқама шығарылды. Оның ішінде, құтқарушы-жасақтардың жетіспеушілігі де бар. Биыл Павлодар қаласы бойынша коммуналдық жағажайларда кезекшілікті жүзеге асыру үшін 20 құтқарушы-жасақшы оқытылатын болады.

– Өткен жылы рұқсат етілмеген және жабдықталмаған жерлерде бірнеше қайғылы жағдай орын алған. Осы жылы мұндай оқыс оқиға қайталанбас үшін қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Облыс бойынша көшелерде бұл жағдайдың енді қайталанбауы үшін 7 LED экранда, сондай-ақ «№1 автобус паркі» ЖШС мониторларымен «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында бейнероликтер көрсетіледі. Облыс бойынша 163 «Шомылуға тыйым салынады» белгісі, 20 ақпараттық стенд орнатылды. Жағажайларда бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Рейд барысында демалушылармен әңгімелер өткізіліп, тақырыптық жадынамалар беріледі.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.