Биыл «Halyq radiosy»-ның құрылғанына 85 жыл толып отыр. Кеше мерейтойға орай Batyrmall сауда орталығының «Accent» киімдер дүкенінде саны шектеулі киімдер топтамасының таныстырылымы өтті.
Топтаманы тамашалауға жиналған жандардың қарасы көп болды. Киім үлгілерінде аймақ үніне айналған «Halyq radiosy»-ның тарихынан сыр шертетін бейнелер мен облыстың жауһарына айналған әсем жерлердің сурет-тері бар. Топтамада «Qandy isem», «Baiannyn balasy», «Pavlodar region», «EST.1938» және тағы сол сияқты сөздер жазылған жейделер көптің назарына ұсынылып, сатылымға шығарылды. Осы орайда «Ертіс Медиа» ЖШС директоры Аида Хамзина айтулы күнге орайластырылған шараға тоқталды.
— Біз 85 жылдық мерейтойларды айналып өтпей, халықаралық музыка фестивалін жариялауды жөн көрдік. Қазақстан, Ресей және Моңғолияның түрлі қалаларынан 100-ден астам өтініш түсіп, музыкалық фестивальге 22 қаты-сушы таңдалды. Енді осы жұма күні «Ertis Promenade» сахнасында топты жарған жеңімпаздардың есімін білетін боламыз. Сондай-ақ, қала тұрғындарын таңғалдырып, өңірімізге келген жанға сыйға беруге болатын дүние ойлап тапқымыз келді. Мұндай идея лездемеде тақырыпты талдау барысында ойға келді. Дизайнер суретін салып, қиялға қанат бітірді. Саны шектеулі топтамада тарих пен аймақтың вайбы (көңіл-күйі) бар. Радио қайта құрудан, соғыс жылдарынан аман қалды. Ендігі біздің міндет – «Halyq radiosy»-н одан әрі дамыту, — дейді А.Хамзина. Тұсаукесер ұйымдастырушыларының бірі — «Accent» дүкенінің директоры Дихан Аманжолов өз ойымен бөлісті.
— «Halyq radiosy»-ның мерейтойы қарсаңында сауда ынтымақтастығы нәтижесінде арнайы киім үлгілерін шығардық. Бұл топтаманың көме-гімен сатып алушылар радио тарихымен танысып, киімдерде бейнеленген QR код арқылы аймақ үнімен бір толқында бола алады. Коллекция аясында барлығы 300-ге жуық киім тігілді. Алдағы уақытта тұрғындар тарапынан сұраныс көп болса, топтаманы қайта шығаратын боламыз, — деді ол. Топтаманы қалың көпшілікке ұсыну кезінде «Halyq radiosy»-ның тарихы мен хабарларына байланысты викторина өткізіп, ойын ойнатылды.
А.ДУМАНҚЫЗЫ.