Маусым басталғаннан бері облыстық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы ғылыми топпен бірлесіп, шыбын-шіркейге қарсы тиесілі аумақта авиаөңдеу жұмыстарын өткізді. Масалар мен шіркейлердің жаппай көбеюін болдырмау мақсатында облыстың барлық ауданында дезинсекциялық жұмыстың екінші және үшінші кезеңі басталды.

Ертіс өзені табиғи арнасына енгеннен кейін жайылма аумақтардағы қапталмаған су қоймалары авиацияның көмегі арқылы химиялық заттармен өңделді. Келесі кезең – өзен өңдеу. Биыл 1130 шақырымға 167 мың литр биологиялық препараттың отыз пайыздық суспензиясын пайдалану жоспарлануда. Бүгінгі таңда облыс орталығында сөмке бүріккіштер мен ыстық тұман генераторлары арқылы тосқауылдарды өңдеу жұмыстары басталды. Мұндай дезинсекциялық жұмыстар облыстың басқа қалалары мен аудандарында да жүргізілуде. Мәселен, өткен аптада Павлодар қаласында барьерлік өңдеу басталып, саябақ, аулаішілік аумақтар мен саяжай учаскелері өнделді. Сондай-ақ, күн сайын теміржол көпірінен Усолка өзеніне дейінгі өзен жағалауы өңдеуден өтеді. Өңірлік коммуникациялар қызме-тінде өткен баспасөз жиыны барысында облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаева авиаөңдеу 90 пайыз тиімділік көрсеткенімен, масаның екінші және үшінші генерациясын бақылау жалғасатынын мәлім етті.

– Келесі кезеңде Ертіс өзенін өңдейміз. Кеше шыбын-шіркейге қарсы күрес басталды. Аққулы ауданының Бесқарағай ауылынан Тереңкөл ауданындағы Жаңабет ауылына дейінгі сегіз нүкте анықталды. Ертіс бойында төрт баржа мен бес моторлы қайық жұмыс істейді. Өзеннің 1130 шақырымында 167 мың литр биопрепарат суспензиясы төгілетін болады, – деді басқарма басшысы.

А.МҰҚЫШЕВ.