Павлодар қаласында Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовке мемориалды тақта ашылды.

Қорғаныс істері департаментінің ғимаратында орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуында қалалық әкімдіктің, ішкі саясат бөлімінің мамандары, әскери қызметшілер және зиялы қауым өкілдері жиналды. Сағадат Нұрмағанбетов 1924 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. 1942 жылы мектепті бітіргеннен кейін әскер қатарына шақырылып, пулемет училищесіне жіберілді. Оны тәмамдаған соң 1943 жылы майданға аттанған. 1945 жылдың мамырына дейін соғысқа елі мен жерінің амандығы үшін соғысқан. Осыдан кейін ол Фрунзе әскери академиясында оқып, әскери қызметші атанған. 1992 жылы Сағадат Нұрмағанбетов ҚР Қорғаныс министрі болды. Армия генералы атағымен отставкаға кетті.

– Сағадат Қожахметұлы ел үшін қиын уақытта Армияны басқарды. Оның қалыптасуы мен дамуына баға жетпес үлес қосты. Оның жоғары беделі әскери әлеуетті сақтауға және жеке құрам арасында әскери тәртіпті нығайтуға көмектесті, – деп атап өтті Ішкі саясат бөлімі. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетовтің есімі облыс орталығында бұрынғы Чкалов көшесіне 2020 жылы берілгенін еске салды. Оның ұзындығы 3,5 шақырым. Бұл – біздің қаламыздағы ұзын, магистральдік көшелердің бірі. Сонымен қатар, салтанатты рәсімге Павлодар қаласының аумағында қызмет атқаратын әскери қызметшілер, кадет мектебінің түлектері, «Жас сарбаз» лицейінің оқушылары қатысты.

– Біздің қор үлкен патриоттық жұмыс, қайырым-дылық іс-шаралар өткізеді. Оның ішінде Жеңістің 75 жылдығына орай «Генералдар кеңесімен» бірлесіп, Сталинградта қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің құрметіне обелиск орнаттық, – дейді қор президенті Махмұд Нәлібаев. Қор қаражатына Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрінің өмірі туралы кітаптар шығарылып, екі деректі фильм түсірілді. Қазір Сағадат Нұрмағанбетовтің туыстары Қазақстанда жерлесімізге арналған көркем фильм түсіру туралы ұсыныс білдіруде. Сондай-ақ, олар Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында батырдың ескерткішін орнатуға рұқсат алғысы келеді.

Өз тілшіміз.