Менің өміріме Амангелді есімді азаматтар ерекше әсер етті. Бірі өсіріпжеткізген нағашым Амангелді Төлеубаев болса, екіншісі журналистика саласына келген жас маман ретінде тұсауымды кескен белгілі журналист Амангелді Қаңтарбаев болды.

 

Амангелді ағамен алғаш кездескен күн әлі есімде. Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің сол кездегі қызметкері Сая Молдайып мені редактордың кабинетіне алып келді. Кабинеттің төрінде хәкім Абайдың суреті бейнеленген кілемше ілулі тұрғаны жадымда жатталып қалыпты. Бұл қазір Жайылма деп аталатын қазақы қаймағы бұзыл-
маған ауылда тоғызжылдық бітіріп, 2000 жылы №26 қазақ орта мектебінде 10-сыныпта оқып жүрген кезім болатын. Қалың дәптерімнің беттерін парақтай отырып Амангелді аға: «Нағашың бар ма?» – деді көзінің қиығымен қарап. «Бар» деп жауап бердім тосылмай. Сөйтсем ол кісі менің өлең деп жазып жүрген шимай-шатпағымды «біреуден көшіріп, жиендік жасап жүрген жоқпысың?» дегенді меңзеп отыр екен. Кейін газетке «Адам болып туған соң…» деген толғауымды ұсынғанымда, «шалдар құсап толғау жазбай, өлең жаз» деп жөнін айтып, жол нұсқаған еді. «Отарқа» газетінде тырнақалды өлеңдерім мен мақалаларым жарық көрді. Амангелді ағам редакторлық еткен жылдары газет редакциясында өндірістік тәжірибеден өттім. Жазудың алғашқы әліппесін осы редакцияда үйреніп, «әріп» таныдым. Редакцияның хат-қоржынына толассыз түсіп жататын оқырман хаттарын қорытуды да осында үйрендім. Бірде Амангелді аға маған бір хатты қорытуға берді. Көлемі әжептәуір хатты түзеймін деп қысқартып жіберсем керек, редактор: «Мынаны күзеп тастапсың ғой» деп ескерту жасағаны бар. Әр бейсенбіде баспадан шыққан газеттің әрбір бетін түгендеп, оқырмандарға таратуға бірге дайындайтынбыз. Осылайша Амангелді Қаңтарбаев негізін қалаған киелі қара шаңырақта журналистика саласының қыр-сырын меңгердім.  Амангелді ағам ұжымды ұйытып, ұйымшылдыққа баулитын. Дастар-хан басында тұшымды әңгімелер айтып, әзіл-қалжыңға да ерік беретін. Тағы бір есімде қалғаны — «Отарқа» газетінде тәжірибеден өткен аз ғана еңбегімді бағалап, есепшіге алғашқы қаламақымды бергізуі. Бұл ол кісінің жанашырлығы және үлкен адамгершілігінің белгісі деп білемін. Осының бәрі мен үшін үлкен тәрбие мектебі болды. Амангелді ағаның «қазағым» деп соққан жүрегі тоқтағанымен, туған халқы үшін атқарған зор еңбегі ешқашан ұмытылмайды.

Торғын ОРАЗАЛЫ.