Дала еңбегі – мол өнімнің бастауы

Мау 11, 2026

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі егіс науқанының қорытындылары мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелеріне арналған селекторлық кеңес өтті. Жиында аймақтардағы көктемгі дала жұмыстарының нәтижелері сараланып, саланы одан әрі дамыту бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Үкімет басшысы бірқатар облыс әкімдерінің есептерін тыңдап, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттерді айқындады. Кеңес жұмысына облыс әкімі Асайын Байханов пен өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері де қатысты.

Салада серпін бар

Жиын барысында Премьер-Министр ауыл шаруашылығы ел экономикасының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саланың қарқынды дамуына ерекше назар аударып, оның ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудағы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және экономиканың орнықты өсуін қолдаудағы маңызын үнемі атап көрсетіп келе жатқанын жеткізді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл елімізде 23,8 миллион гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артып отыр.

– Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы құрылымын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде жоғары рентабельді әрі әлеуметтік маңызы бар дақылдардың үлесі ұлғайып, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 15,8 млн гектарға, майлы дақылдар – 4,3 млн гектарға, ал мал азықтық дақылдар 3,3 млн гектарға орналастырылды. Саладағы фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шегірткеге қарсы күрес жұмыстары да қарқын алды.

Биыл 2,2 млн гектар жерді өңдеу жоспарланса, бүгінде оның шамамен 665 мың гектарында зиянкестерге қарсы іс-шаралар аяқталды. Шаруаларға 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, 2,3 млн тонна тұқым қажеттілігі толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 2,3 млн тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспары жүзеге асырылуда, – деді А.Сапаров.

Егіс алқабы кеңейді

Павлодар облысында да биылғы көктемгі егіс науқаны агротехникалық талаптарға толық сәйкес жүргізіліп, белгіленген мерзімде сәтті аяқталды. 2026 жылы егіс алқаптарының көлемі 43 мың гектарға ұлғайып, жалпы аумағы 1,7 миллион гектарға жетті. Егіс құрылымын әртараптандыру мақсатында майлы дақылдардың үлесі арттырылды. Шаруашылықтар тұқыммен және техникамен толық қамтамасыз етілді. Жыл басынан бері облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары 845 жаңа техника сатып алып, техникалық әлеуетін нығайтты.

Көктемгі дала жұмыстарын сапалы ұйымдастыру үшін 27,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, 127,2 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. Егіс науқанын қаржылай қолдауға 9,4 миллиард теңге бағытталды. Сонымен қатар, жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары аясында шаруаларға жалпы сомасы 26,1 миллиард теңгені құрайтын 300 несие берілді.

Павлодар облысы агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту жөнінен республикадағы көшбасшы өңірлер-
дің қатарында қалып отыр. Биылғы жылдың алғашқы 4 айында салаға 64,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 еседен астам өсімді көрсетті.

Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 63,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артты. Мал шаруашылығы саласында да оң үрдіс сақталуда. Ауыл шаруашылығы жануарларының саны орта есеппен 10 пайызға көбейсе, ет өндірісі 8,7 пайызға, жұмыртқа өндірісі 5,3 пайызға өсті. 4 ай ішінде 67,2 мың тонна сүт өндірілді.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өндірістерді жаңғырту және мал шаруашылығын дамыту бағытындағы инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 4 жаңа ветеринариялық пункттің құрылысы жүргізілуде.

Мемлекеттің тұрақты қолдауы, техникалық паркті жаңарту, заманауи агротехнологияларды енгізу және инвестициялық белсенділіктің артуы облысымыздың агроөнеркәсіптік кешенінің қарқынды дамуына жол ашып отыр. Соның нәтижесінде өңір еліміздің жетекші аграрлық аймақтарының бірі ретіндегі орнын нығайта түсуде.

Айта кетейік, биыл облыстағы егіс науқаны өткен жылдармен салыстырғанда 5 күнге ерте басталды. Соған сәйкес көктемгі дала жұмыстары да жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталды.

Шаруаларға қолдау көп

Павлодарлық шаруалар да көктемгі дала жұмыстарының табысты аяқталғанын атап өтуде. Мәселен, «Галицкое» ЖШС басшысы Александр Касицынның айтуынша, шаруашылықта барлық агротехникалық жұмыс белгіленген мерзімде орындалып, егіс науқаны уақытылы аяқталған.

– Біз көктемгі дала жұмыстарын сәуірдің 20-сында бастап, мамырдың 29-ында толық аяқтадық. Шаруашылықтағы 35 мың гектар алқапқа арпа, бидай, күнбағыс және қарақұмық егілді. Жалпы, барлық жұмыс уақытылы атқарылды. Дегенмен, көктемдегі ауа райының құбылмалылығы мен топырақтағы ылғалдың аздығы белгілі бір алаңдаушылық туғызды. Соған қарамастан мемлекеттік қолдау жұмысты тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Әсіресе, «Кең дала» бағдарламасы бойынша алғашқы қаражаттың өткен жылдың желтоқсан айында бөлінуі көктемгі маусымға ерте дайындалуға жағдай жасады, – дейді шаруашылық басшысы.

Ал «Ақтоғай-Агро» ЖШС басшысы Александр Терентьев мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін атап өтті. Оның айтуынша, көрсетілген қаржылай және техникалық қолдау шаруашылықтың көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізуіне мүмкіндік берген. Сонымен қатар, жаңа агротехнологияларды енгізу өндіріс тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізіп отыр.

– Биыл 1200 гектар алқапқа «Гала» сұрыпты картоп, 200 гектарға «Каскад» және «Абака» сұрыпты сәбіз егілді. Сонымен қатар, тауарлы сүт фермасының қажеттілігі үшін жүгері де себілді. Көктемгі дала жұмыстарына 1 миллиард теңгеден астам қаржы алдық. Соның нәтижесінде заманауи техника мен жаңа технологияларды кеңінен пайдалануға мүмкіндік туды. Қазір егістіктерде химиялық өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жаңа технологиялар топырақты сапалы өңдеуге және өнімділікті арттыруға септігін тигізеді, – дейді ол.

Кеңес қорытындысында Олжас Бектенов облыс әкімдеріне су үнемдеу технологияларын енгізу, мал шаруашылығын дамыту және агроөнеркәсіптік кешен үшін білікті кадрлар даярлау бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.

Айдана Боранбаева.