Хазірет (қазірет, әзірет) – діни лауазым. Жоғары дәрежелі дін иелеріне беріледі. Мұхаммед пайғамбардан (ғ.с.) кейінгі төрт халифтің бірі Әли қазаққа Әзірет Әлі деген атпен мәлім. Хазірет лауазымы аймақтық діни басқарма өкіліне де беріледі. Сондықтан Тіленшіұлы ҒабдылУахиттың хазірет атағына ие болуы ислам діні жөнінен терең білімі болғанын толық дәлелдейді. Мұндай атақ жүздеген мың адамның біріне ғана бұйырады.

 

Өз заманының озық тұлғасы

Хазірет Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы  өз заманының танымал адамы болды. Адалдық пен әділдікке, ізгілік пен мейірімділікке бастайтын ислам дінін тереңінен меңгеріп, оны халық арасында насихаттады. Әулие адам болған. Халық құрметіне бөленіп, ел арасында беделі жоғары болған. Өмірден өткеннен кейін де соңында қалған ел-жұрты жадынан шығармады. Ғабдылуахит Тіленшіұлы руы уақ ішінде Байдалы, Шарбақты өңірінде 1853 жылы өмірге келген.Әкесі Тіленші еті тірі, пысық, заман ағымын қатарластарынан ерте түсінетін, өмірге деген ұстанымы берік болды. Балаларын қалың бұқара ортасында сауатсыз қалмас үшін оқытып, сауатын ашты. Ғабдыл-Уахит хазірет ең алдымен алты жасынан бастап ауыл молдасынан дәріс алды. Семей өңіріндегі Қапияш, Шархы, Шәмші, Шериаздан деген білікті ұстаздардан ислам діні жөнінде терең дәріс алып, сегіз жыл оқыды да, білімін одан әрі жетілдіру үшін 1873 жылы Бұхарай-Шәрифтегі «Мір Араб» медресесіне қабылданып, мұнда 15 жыл оқиды. 1873-1888 жыл-дары Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы дәріс алған Өзбекстан Республикасының Бұхара қаласындағы «Мір Араб» медресесі 1535 жылы салынған. Бұл – Орта Азиядағы ислам діні жөнінде білім беретін теңдесі жоқ оқу орны. Бұл жөнінде дінтанушы, «Құрайыш» мешітінің имам-хатыбы Абдулла Жолдас «Мір араб» медресесінде оқытылатын пәндер негізінен: Құран, араб тілі, фикһ, Хадис, ислам тарихы. Араб тілі жоғары деңгейде оқытылатын. Араб тілінен риторикаға дейін бардық. Мұндай жоғары деңгейде білім беріп жатқан оқу орындарын мен қазір еш жерде кездестірмедім», – деп айтқан екен. Хазірет бұл оқуын 1888 жылы үздік бітіріп, жоғары діни хазірет атағына ие болып, туған еліне оралған.

Туған жерде бала оқытқан

Туған жеріне оралған хазірет ислам дінін насихаттаумен, шәкірт оқытумен шұғылданды. Өткен ғасырдың басында Темірғалы болыс салдырған мешіттің имамы әрі ұстазы болды. 500 адамға арналған мешіт Павлодар облысы, Шарбақты ауданының Есілбай ауылында салынған болатын. «Мір араб» медресесін бітірген соң 1921 жылға дейін «Темірғалы» мешітінде имам болып, Хазірет Ғабдыл-Уахит жүздеген шәкіртке дәріс берген. Өмірінің соңғы жылдарында Шарбақты ауданының Арбиген ауылының оңтүстік шығысындағы «Келдіқыз» жайлауына өзі салдырған Алла үйінде ұстаздық жұмысын жалғастырды. Әубәкір, Смағұл, Сәдуақас деген шәкірттері Троицк қаласындағы жоғары діни оқу орнына қабылданып, өзінің жолын қуып, хазірет атағына ие болады.      Ғабдыл-Уахит хазірет қасиетті адам болды. Сырқат адамдарды емдейтін, болашақты болжайтын, мұқтаждарға қолынан келген жәрдемін беретін, осы қызметтері үшін үлкен құрметке ие болды. Көзі тірісінде көрсеткен жақсылықтары бақиға аттанғаннан кейін де жалғасты. Оның бейітінің басына адамдар үмітпен, сеніммен келіп, тәу етіп, Алладан жәрдем сұрайды. Ғабдул-Уахит хазіретті жергілікті халық дінді апиын санаған одақ кезінде де пір тұтты. Хазірет Ғабдыл-Уахит Тіленші-ұлының туып-өскен қонысы «Қызыл шілік» деген ауыл. Ол жасынан өте зерек, әр нәрсеге көңіл аударғыш, бәрін білгісі келіп өседі. Кітаптардың бәрін тауысып оқиды. Қолынан Құран кітап түспейді. Он жасында ауыл молдасына көмекші болады. Үлкендерді, балаларды, шәкірттерді оқытады. Он үшке келгенде әкесі үйлендіргісі келіп, ауылдың қызына құда түседі. Бірақ есіл-дерті оқу болғандықтан, ол үйленбейді. Ғылым, білім іздеп басқа шаһарға баруды армандайды. Ауылда қалғысы келмей, ата-анасынан рұқсат сұрайды. «Мен ұзақ сапарға аттанамын, ауылға енді оралмаймын, басқа жігітке тұрмысқа шық» деп, ауыл қызымен қоштасады. Содан Семейге барып молданың үйіне жалданып жұмыс істеп, екі жыл оқу оқиды. Ол кезде көлік, ұшақ болған жоқ. Кей жерлерді жаяу жүріп, кейде керуеншілерге еріп, түйемен ұзақ жүріп Бұхара қаласына барады. Өзбектің шаһарына жету оңай болмайды. Ол кезде жасы 14-те болатын. Бөтен ел, бөтен адамдар, қаражат жоқ. Бірақ қаладағы дүкендерде жалданып жұмыс істеп, он бес жыл оқиды. Жиырма бес жасқа жеткенде жеті жұрттың тілін біліп, жеті түрлі білім алады. Енді туған жеріне оралғысы келеді. Алайда қалтасында ақшасы болмайды. Көп қиындық көріп, жаяулап Сыр бойына жетеді. Одан әрі елге бара алмай отырғанда бір қарияға жолығып, ақыл сұрайды. Ол Бименді деген байдың үйіне бар, ол кісі саған үш сұрақ қояды, егер соған дұрыс жауап берсең жолың болады, – дейді. Содан хазірет Бименді байдың үйін тауып алып, сәлем береді. Әлгі ақсақал: «Алланың әмірімен ауыртпашылық болады. Құрт-құмырсқа кіретін жер таппайды. Осы қиындықтан құтылу үшін құмырсқа падишасы Сүлеймен пайғамбармен сөйлесіп, құмырсқаның илеуіне жасырынады. Пайғамбармен сөйлескен ер ме, әлде әйел ме, – деп сұрайды. Ғабдыл-Уахит оқыған Құран Кәрімді, кітаптарын есіне түсіреді. Көп ойланбастан әйел деп дұрыс жауап береді. «Балам, болашағың зор екен» деп, Бименді батасын беріп, Семейге жеткізеді.

Қасиетімен атағы аспандаған

Туған жеріне хазірет болып оралған ол, өмірінің соңғы жылдарында Шарбақты ауданының Арбиген ауылының оңтүстік шығы-сындағы «Келдіқыз» жайлауына өзі салдырған мешіт үйінде ұстаздық еткен. 1926 жылы өмірден өтті. Хазіретті «Келдіқыз» жайлауына жерлеп, басына бөренеден мазар тұрғызыпты. Ол кісі өте қасиетті адам болды. Сырқат адамдарды емдеген, болашақты болжаған. Мұқтаждарға қолынан келген жәрдемін берген. Көзі тірісінде көрсеткен жақсылықтары өзі жоқ болса да, одан әрі жалғасты. Оның бейітінің басына адамдар үмітпен, сеніммен келеді. Арбиген ауылының маңы – айнала қалың ағаш. Сондай әдемі, көрікті жер. Өткен ғасырдың 40-шы жылдарының басында осы өңірде үлкен өрт болады. Сонда Ғабдыл-Уахит бабаның ағаштан салынған кесенесі өрттен аман қалады. Лаулап жанған өрт кесенеге 10 метр қалғанда кілт тоқтап, екіге айырылып, кесенені айналып өткен. Сол өртті бала кезінде Арбаиген ауылының ақсақалдары көріпті. Өрттен аман қалған ағаш мазар әлі бар. Оны басқа жерге көшіруге, бұзуға болмайды. Сондықтан оның қасына жаңа зәулім кесене салынды. Хазірет атаның кесенесіне үлкен де, бала-шаға да келеді. Жазғы демалыс уақытында немерелерім де барды. Біз кесенеге кірмес бұрын атамыздың зиратына бардық. Жаяу жүріп келе жатқанда құлашымыз жетпейтін екі-үш адам қатар тұрғанда құшағына сыймайтын үлкен ағаш көрдік. Жапырақтары жайылып кетіпті. Балалар мұндай дәу ағашты бірінші рет көрдік. Бізге таныс емес жемістер өсіп тұр. Мың жылдық қарағай дегенді естіген едік, бұл ағаш қарағай емес, жапырақтары басқаша екен. Бұл ағашқа мың жыл болыпты. Шырақшы Ермек ата құран оқыды. Содан кесенеге кірдік. Үй ішінде атаның құдығынан су іштік. Мөлдірлігі сондай, дәмі де ерекше екен. Мұздай суды іше бергің келеді. Үлкен бөлмеге кіргенде үлкен суреттерді көрдік. Нұрбек пен Айдария екеуі төрде тұрған заттарды тамашалады. Үлкен кітапты көруге жарыса  қолдарын  созғанда, шексіздікті білдіретін сувенирді құлатып алды. Алайда Нұрбек жерге түсірмей көтеріп алды да, екі үш бөлікті орын-орнына қойып, құрастырып қайта орнына қойды. Сувенир жиналмалы болып шықты. Кеңес үкіметі орнаған жылдары «Келдіқыз» қонысына жалған ақпармен қызыл отряд келеді. Ғабдыл-Уахит хазірет намаз оқып жатқан екен. Бір солдат құранды жыртып, одан папирос етіп орап, шылым шегеді. Сол сәтте-ақ оның аузы-басы қисайып қалады. Оған көңіл бөлмеген екі солдат хазіретті атуға орманға алып шығады. Атар алдында хазірет олардан намаз оқуға рұқсат сұрайды. Оқып болған соң «Мен дайынмын» деген. Оған бағытталған мылтық үш рет оқталса да, атылмайды. Екінші солдат қылышпен шауып тастамақ болғанда қолы көтерілген күйі  қатып қалады. Солдаттар болған жағдайды командиріне айтады. Командир келіп, солдаттардың пұшайман түрлерін көріп, таң қалады. Сөйтіп, ол хазіреттің қойған шартымен келісіп, мөр басылған анықтама жазып береді. Тек осыдан кейін ғана хазірет намаз оқып, солдаттарды тылсым күштен босатады. Осы уақиғадан кейін бақиға аттанғанша ешкім қайтып тиіспейді.

Халық жадында

Хазірет бабамыз имам болумен қатар елді имандылыққа баулыды. Ағартушылық салада толайым іс тындырды. Есеп және жағрапия пәндерінен дәріс берген. Білім алу үшін алдына келген шәкірттерге шығыс поэзиясы мен философиясын оқытты. Ел аузында хазірет жөнінде аңыздар көп сақталған. Ғұлама Машһүр-Жүсіп Көпейұлы Ғабдыл-Уахит хазіретті арнайы іздеп келіп, сәлем берген. Сыйлаған, құрметтеген. Тағы бір атап өтерлігі, Мәшһүр-Жүсіп шығармашылығында хазіреттің есімі кездеседі. Әулиелік, көріпкелдік, болжа-ғыштық қасиеті бар Ғабдыл-Уахит хазіретті көзі тірісінде де, өмірден өткен соң да ел-жұрты пір тұтады. Ауырып-сырқаған адам мазарына барып, Алладан мейірім-шапағат тілейді. Хазірет – бір отбасының тұңғышы. Екі інісі мен екі қарындасы болған. Өкініштісі, халқының құрметіне бөленген әулие бабаның Қарақұл, Сарықұл, Сабанқұл есімді үш ұлы екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болған. Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтті. Осы көрмеге кесенесінің суреттері де қойылды. Халықаралық көрмеге келген шет елдік туристер хазірет атаның кесенесіне өз көзімен көріп, басына бару үшін Арбиген ауылына келіпті. Мұнда қазір қонып жату үшін он бес орындық сәулетті ағаш бар. Хазірет Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы 1926 жылы өмірден өтті. Өмірін дін жолына арнаған хазіретті соңында қалған ел-жұрты «Келдіқыз» жайлауына жерлеп, басына бөренеден мазар тұрғызды. «Келдіқыз» жайлауы ну қарағайлы өңірде орналасқандықтан өрттің қауіп-қатері ықтимал болды. Сол себепті уақыт өте келе бөренеден тұрғызылған мазардың орнына кірпіштен мазар салынды. Жалпы алғанда хазіретті соңында қалған ел-жұрты әрдайым құрметтейді. Аққулы (Лебяжі) ауданының орталығындағы мешітке Ғабдыл-Уахит хазіреттің есімі берілді.

Шолпан Байғалы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Павлодар облысының Құрметті азаматы.