Соңғы жылдары елімізде орманды алқап аймағында рекреациялық аймақ құруға, сондай-ақ, қала аумағын жасылдандыруға және жас көшеттер алаңын ұлғайтуға ерекше назар аударылуда. Кеше облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен өңірдегі экологиялық ахуалға арналған кеңес отырысы өтіп, облыс аумағын-дағы «жасыл белдеуді» дамыту мәселесі талқыланды.

Кеңес барысында Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева көктемгі абаттандыру жұмыстары негізгі үш бағытта — мемлекеттік орман қорында, облыстың елді мекендерінде ағаш отырғызу, сондай-ақ, өнеркәсіп кәсіпорындарын жасылдандыру саясаты бойынша жүзеге асып жатқанын жеткізді. Айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында 2021 жылдан бастап облысымыздың мемлекеттік орман қорында бекітілген кешенді жоспарға сәйкес орман отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес 5 жыл ішінде 20 мың гектар аумақта 106 миллионға жуық жасыл желек отырғызу жоспарлануда. Нәтижесінде облыстағы орман алқаптары 7 пайызға артады.

— Облыстың мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы шамамен 480 мың гектарды құрайды, оның 57 пайызын немесе 275 мың гектарын жасыл желек алып жатыр. Облыстағы ормандарды қорғау, молықтыру және орман өсіру мәселелері 5 мекемеге жүктелген. Атап айтсақ, бұл — 2 республикалық маңызы бар «Ертіс орманы» қорығы мен Баянауыл ұлттық паркі. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің қарауындағы Павлодар, Үрлітүп және Максим Горький орман шаруашылықтары бар. Соңғы 3 жылда облыстың мемлекеттік орман қорының орман алқаптары 5 мың гектарға немесе 2 пайызға (270,6 мың гектардан 275,5 мың гектарға) ұлғайды. Негізгі бөлігін, яғни жоспарланған көлемнің 70 пайыздан астамын республикалық мекемелер егеді. Яғни, олар 14 мың гектардан астам алқапқа 74 миллионға жуық қарағай көшеттерін отырғызады, — деді Ә.Қабылтаева.

Сонымен қатар, басқарма басшысы ағымдағы жылы облыстың орман қорына 24,5 млн дана көшет отырғызуды жоспарлап отырғанын айтты. Мәселен, көктемде шамамен 2 мың гектар алқапқа 9,5 млн көшет отырғызылмақ.

— Биыл Железин ауданы, Қайыңды орман шаруашылығы алқабында 140 гектар алқапқа өзіміздің уақытша питомниктерімізде өсірілген 800 мың түп қарағай көшеті отырғызылады. Ал Максим Горький мекемесінде 360 гектар жерге 2,1 млн көшет егу жоспарланып отыр. Отырғызу негізінен механикалық жолмен жүзеге асырылады. Жұмысқа 160-қа жуық адам жұмылдырылған, оның ішінде мемлекеттік орман күзетшілері мен уақытша штаттан тыс жұмысшылар бар. Бұдан бөлек, «Ертіс орманы» қорығында бұл бағыттағы жұмысқа 34 трактор, 83 орман отырғызу техникасы жұмылдырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалу барысын бақылау мақсатында Экология министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен бірлесіп, Интерактивті карта әзірледі. Бұл арнайы онлайн геосервис, оның дерекқорына барлық орман қорғау мекемелері атқарылған жұмыстар туралы маусымдық мәліметтерді енгізеді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы өнеркәсіп кәсіпорындарын олардың санитарлық-қорғау аймақтарында абаттандыруға қатысты 21 мыңнан астам түрлі ағаштар мен бұталарды отырғызу жоспарлануда, — деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр қыркүйек айында өткен санитарлық аймақтарды абаттандыру жөніндегі кеңесте Екібастұз қаласындағы ірі кәсіпорындарды абаттандыру бойынша арнайы жоспар бекітілген болатын. Нұсқауларды ескере отырып, биыл аталған бағыттағы абаттандыру жұмыстарының көлемі ұлғайтылды.

— Биыл кеншілер шаһарына қарасты ГРЭС-1 кәсіпорнында 2000-нан 6000-ға дейін көшет (станцияның санитарлық-қорғау аймағында – 5000 дана, күл үйіндісінің санитарлық қорғау аймағында – 1200 дана) отырғызуды жоспарлауда. Ал, ГРЭС-2 жылына 2000-нан 2500-ге дейін көшет егуді қолға алмақ. Сондай-ақ, ГРЭС-1 стансасында тамшылатып суару әдісін енгізу де зерттелуде. Ағымдағы жылға санитарлық аумақты бағалау, техникалық шарттарды әзірлеу, баға нарығын зерделеу, бюджетке түзетулерді негіздеу жоспарлануда. Екінші проблемалық мәселе — ғарыштық суреттерді пайдалана отырып, облыс аумағындағы жасыл желектердің үлесін бақылау керек. Қоғамдық және экологиялық кеңестерде бұрын бірнеше рет атап өтілгендей, бұл жұмыс географиялық ақпараттық жүйелерде сенімді деректердің жоқтығынан және кәсіпорындардың өздерінің санитарлық-қорғау аймағының шекарасын белгілеу координаттары туралы ақпаратқа ие болғандықтан орын алып отыр, — деп толықтырды басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, отырыс барысында Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков қала әкімдігі дендрологиялық жоспарды, жасыл желектер тізілімін және қаланы жасылдандырудың 2028 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп қойғанын атап өтті. Оның сөзінше, ағымдағы жылы қаланың түрлі аудандарында абаттандырумен 8 шағын алаңын құру жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, түгендеу қорытындысы бойынша жалпы ауданы 11 гектарды құрайтын тағы 15 аумақ ұсынылады. Жалпы 2024 жылы облыс орталығында 20 мың ағаш отырғызу жоспарлануда. Жасыл кеңістіктердің түрлері дендроплан ұсыныстарына енгізілген.

Кеңес отырысы барысында облыс әкімі Асайын Байханов ағаш көшеттерін күтіп ұстаудағы бірқатар кемшіліктерді сынға алды. Аймақ басшысы көшеттердің өнуі көңіл көншітпейтінін алға тартып, күтіп ұстау жұмыстарының ойдағыдай еместігін айтты. Басқосу барысында тәлімбақтардың жұмысына қатысты жағдайлар да сараланды. Жиын қорытындысымен жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.

А.МҰҚЫШЕВ.