Бүгінгі таңда елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтуде. Ауқымды экологиялық акция бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Экоакция шеңберінде облыс бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, қала келбеті көріктене түспек.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында бүгінгі таңда қалалар мен аудандардың коммуналдық қызметтері жалпы аумақты абаттандыру және тазарту жұмыстарын бастап кеткенін мәлім етті. Айтуынша, аулаішілік аумақтарды санитарлық тазарту іс-шараларына кондоминиум объектілерін басқару органдары (ПИК, МИБ, ЖС) және көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары жұмылдырылатын болады.

– Экоакция шеңберінде облыс бойынша санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақ-тарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жүргізіледі. Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды тазарту, көгалдар мен гүлзарларды орнату бойынша іс-шаралар, рұқсат етілмеген полигондарды жою жұмыстары бар. Жалпы облыстық сенбілік аясында аумақты санитарлық тазарту үшін ұйымдардың, тұрғындардың, еріктілердің барынша қатысуы жоспарлануда. Аулаішілік аумақтарды санитарлық тазарту коммуналдық кәсіпорындар мен ұйымдардың күшімен жүзеге асырылады, – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, дәстүр бойынша айлықты өткізу кезеңінде полигондар аумағында қоқыстарды (құрылыс қалдықтарынан басқа) тегін қабылдайды. Сонымен қатар, қала тұрғындары өтінімдер бойынша қажетті құрал-жабдықтармен және мамандан-дырылған техникамен қамтамасыз етіледі. Яғни, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы барысында павлодарлықтар коммуналдық қызмет диспетчерлеріне тұрмыстық қалдықтарды тегін шығару туралы өтініш қалдыра алады. Бұл ретте Павлодар қаласының заңды тұлғалары үшін талон қажет. Ал жеке тұлғалардан талон талап етілмейді. Сондай-ақ, өтініш берген кезде міндетті түрде фото/бейне таспаны тіркеңіз. Қалдықтарды қаптарға жинап, көліктердің жүруіне кедергі жасамай, жол бойында сақтау ұсынылады.

А.МҰҚЫШЕВ.