Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары биыл көктем жылдағыдан ыстық болатынын айтады. Күннің күрт ысуы мен жауын-шашынның аз болуы өрт фактілерінің орын алуына себеп болуы мүмкін.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Қайрат Шаймарденов сөз етті. Оның айтуынша, алдағы сенбі-жексенбі күндері ауа температурасы +25 градусқа дейін көтерілмек. Биыл көктемде күн күрт ысып, жауын-шашын аз түседі деп болжануда. Жердің ылғалдылығы да төмен болмақ.

– Өткен жылы дала және орман өрті кезеңінде елді мекендердің отқа орануы мен адам өлімі фактілері тіркелмеді. Наурыз айының соңында өрт қауіпсіздігі кезеңіне дайындық шараларын жүргізу бойынша ауқымды жиын өткізіліп, тиісті тапсырмалар берілді. Орман, дала өрті орын алғанда құтқарушылар қатердің алдын алуға дайын. Арнайы техника да әзір. Сонымен қатар, өртті сөндіруге арналған тікұшақ  жұмыс істейді. Жағдай қиын болғанда Абай, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астанадан жоғарыдан су себетін арнайы тікұшақты қоса шақырта аламыз. Өрт ошағын анықтауда «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамымен келісімшарт жасалған. Бұл мониторинг тәулігіне 2-3 рет есеп беру арқылы облыс төңірегінде өрт ошақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, мобильді топтар да дала және орман өртіне жол бермеу мақсатында арнайы тексеру жүргізеді, – дейді Қ.Шаймарденов.

Қайрат Зиядаұлының айтуынша, мамандар шаруа қожалықтарын аралап, тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауға шақыруда. Тілсіз жаудың орын алуына бірінші кезекте адами фактор әсер етеді. Көп жағдайда тұтанған сіріңке, темекі тұқылы, орманда жағылған алау дала және орман өртінің пайда болуына себеп болады. Мамандар тұрғындардан саяжайларды ретке келтіргенде желді күні қоқысты өртемеуге кеңес береді.  Биыл өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаған 3 саяжайда өрт фактісі тіркелген.

Атап өтерлігі, алдағы уақытта жергілікті атқраушы органның бастамасымен Баянауыл, Железин, Тереңкөл, Ақтоғай және Ертіс аудандарында өрт сөндіру бөлімшелері ашылмақ. Мұндағы  мамандар өрт сөндіру қызметі оқиға орнына жеткенше  тілсіз жауды сөндіруге аттанады.

Өткен жылы 4 мың гектар аумақта жалпы саны 207 орман және дала өрті өрті тіркелген. Тілсіз жаудың 55 пайызына найзағай себеп болса, 22 пайызы далада тұтанған өрттің орман аумағына кіргенін көрсетеді.

 

Айдана  ҚУАНЫШЕВА.