«Ертіс Медиа» ЖШС директоры болып Руслан Тілектесұлы Билялов тағайындалды
Бүгін жаңа басшыны ұжымға облыс әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев таныстырды. Бұған дейін серіктестік директоры болған Аида Хамзина басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен кетті.
Руслан Тілектесұлы 1977 жылы туған, Павлодар облысының тумасы. 1998 жылы Инновациялық Еуразия университетін экономист-менеджер, 2004 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдап, 2016 жылы сол жоғары оқу орнынан саясаттану бойынша магистр дәрежесін алды.
Еңбек жолын қалалық мәдениет сарайының менеджері (1998-2000) болып бастады. Кейін «Қазақстан-Павлодар» телеарнасының дикторы, редакторы (2000-2006), «Арлан» жеке телестудиясының директоры (2006-2010), қалалық мәдениет сарайының директоры (2010-2012) қызметтерін атқарды. 2012-2014 жылдары «Ертіс Медиа» ЖШС директоры болды. 2015-2023 жылдары Торайғыров университетінің Ақпарат және ақпараттандыру департаментінің директоры, промоушен және коммуникациялар орталығының басшысы қызметтерін атқарды.
Дидар Ибраев шығармашылық ұжымның алдына қойылған мақсат-міндеттерді атап өтті.
— Руслан Тілектесұлы осы ақпараттық холдингтің бастауында болды, бұл саладағы жұмыс жақсы таныс. Ендігі ретте ақпараттар мен талдамалық материалдардың «агрегаты», газеттер мен электронды басылымдардың оқырманы көбеюі керек. Осы бағытта оң өзгерістер күтеміз, — деді Д.Ибраев.
Өз кезегінде Руслан Тілектесұлы бірлескен еңбек арқылы жұмысты одан әрі жетілдіріп, заман талабына сай сапалы өнім ұсынуға бейілді екенін атап өтті.
Айта кетейік, «Ертіс Медиа» — құрамына облыстық «Saryarqa samaly» және «Звезда Прииртышья» газеттері, Pavlodarnews.kz және aiqara.kz сайттары мен Halyq radiosy, «Найзатас» журналы кіретін ірі медиахолдинг.
Өз тілшіміз.