Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қорының» ұйытқы болуымен Моңғолиядағы қазақтар арасында кіші Құрылтай өтті. Айтулы шара Ұлан-Батыр, Хобда, Баян-Өлгей аймақтарында болды. «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы бастаған қазақстандық делегаттар құрамында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері бар.
Ұлан-Батырдағы жылы жүздесу
Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы Ұлан-Батырдан басталды. 4 шілдеде «Отандастар қоры» президенті бастаған Қазақстандық делегация Моңғолияның елордасы Ұлан-Батырдың Налайх ауданының әкімі Ч.Раднаабазар және мәслихат депутаттарымен кездесті. Айта кетерлігі, бұл ауданда 5 мыңнан астам қазақ тұрады екен. Кездесуге «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Моңғо-лиядағы елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев бастаған делегация мүшелері, ҚР Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапак, Нұргүл Тау, Жарқынбек Амантай, дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы, жазушы Кәдірбек Құныпия, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, жазушы Ауыт Мұқибек, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулвахап Қара, Налайх ауданында қызмет ететін «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым басшылары мен өкілдері қатысты. Кездесу барысында Қор басшысы Абзал Сапарбекұлы Моңғолиядағы және Қазақстанға көшіп келген қандастарымыз Моңғолия мемлекетінің қамқорлығын ерекше ықылас-ризашылықпен еске алатынын атап өтті. Өз кезегінде ҚР Мәжілісі депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау және Жарқынбек Амантай Моңғолия елінің тумалары ретінде Моңғолияға келгендеріне қуанышты екенін және парламентаралық байланыстарға өз үлестерін қосуға дайын екендеріне сенім білдірді. Дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы 1992 жылы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын-дағы қарым-қатынастар туралы сыр шертті.
Налайхтағы қандастар қауышуы
Сол күні аталған делегация Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы аясында Ұлан-Батырдың қазақтар шоғырлана орналасқан Налайх ауданына арнайы ат басын тіреп, сондағы қандастармен кездесті. Басқосу Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі мен Моңғолиядағы «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қолдауымен ұйымдастырылды. Кездесу барысында Абзал Сапарбекұлы Қоғамның мақсат-міндеттері, шетелдегі қазақтармен жұмыс жүргізу барысы туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, Қор басшысы шетелден елге көшіп келуді жоспарлаған қандастарымыз үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы да баяндады. Бұған қоса, биылдан бастап іске асырылуы жоспарланған, шетелдегі этникалық қазақтарға арналған «Ата жолы» картасы туралы ақпарат берді. «Ата жолы» картасы шетелдегі қандастарымыздың 10 жыл бойы визасыз елге келуіне, кәсіппен айналысуына, т.б. мүмкіндік береді. А.Сапарбекұлы: «Біз қазақ пен моңғол халықтары – ежелден бері келе жатқан Ұлы дала өрке-ниетінің мұрагерлеріміз. Екі елдің бір-бірін мақтан тұтатын ортақ құндылықтарымыз бар: тарихымыз, тіліміз, салт-дәстүріміз қазақ, моңғол халықтарының бір-біріне етене жақын екенін көрсетеді» деді. Сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның Моңғол елімен байланыстарға ерекше назар аударатындығын айрықша атап өтіп, қазақ қандастарымызға қамқор болып отырған Моңғол үкіметіне ықыласы мен ризашылығын жеткізді. Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев өз сөзін Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайының ашылуына орай құттықтау сөзімен бастады. Елшіліктің қандастарға елімізде көрсетіп жатқан қолдауларға дәнекер ретінде қызмет ететіндігіне тоқталды. Сөзін қорытындылай келе, елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан Налайхтағы «Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымының мүшесі Жеңісбек Қабидоллаұлына Моңғолияда қазақ тілі мен мәдениетін сақтауға, ұлттық салт-дәстүрін кеңінен насихаттауға қосқан үлесі, сондай-ақ қазақ-моңғол қарым-қатынастарының одан әрі нығаюына сіңірген еңбегі үшін алғыс хатпен және төсбел-гімен марапаттады. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Унзила Шапаққызы өз сөзінде осы ауылдың тумасы екенін айтып, жастық шағы өткен кезді тебірене еске алды. Налайх шағын қала болғанына қарамастан, халық санының 3%-ын қазақ халқы құрайтындығы туралы ақпаратпен бөлісіп, шетелден оралып Қазақстанға қоныстанған азаматтардың жоғары білім алып, адал еңбек етіп жатса, мемлекет тарапынан еленіп, үлкен биіктерге жете алатынына тоқталды. Отандастар қорының президенті А.Сапарбекұлы бастаған делегация мүшелері қазақтармен өткен кездесуден кейін Налайхтағы «Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымының орталығына барды. Орталықта Қоғам тарапынан ұйымдастырылып жатқан қазақ тілі, домбыра, қазақша сөйлеу курстары туралы сөз қозғалды. Биыл осы орталықта «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен өтіп жатқан домбыра курстарында 45 бала домбыра үйренген. Орталық қызметкерлерімен сұқбат барысында жергілікті қазақтар атынан сөз алған ауыл ақсақалдары мен жас буын өкілдері балалар мен жастар арасында қазақ тілінде сөйлеудің қиыншылықтарына тоқталды. Атап айтқанда, ауылда қазақ балабақшасының жоқтығы, бүлдіршіндерге арналған түрлі кітапшалардың болмауы, қазақ тілі мамандарының жетіспеушілігі туралы мәселелерге көңіл бөліп, Қазақстан, Елшілік және «Отандастар қорының» қолдауларына үлкен үміт артатынын білдірді. Өз кезегінде, ресми делегация мүшесі Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулвахап Қара алдағы уақытта шетелдік тәжірибені зерттеп, қандастар арасында әр салада маман алмасу, екі жақты зерттеулер жасау сияқты мәселені қарастыру қажеттілігі туралы ұсыныс білдірді. Ал қоғам қайраткері, ақын Ауыт Мұқибек келешек ұрпаққа ана тілінде білім алуға мүмкіндік тудырудың бір жолы ретінде қазақ мектептерінің филиалдарын Моңғолияда ашу туралы ұсыныс айтты. Жиын барысында қатысушылар, білім, әдебиет, өнер салаларында екіжақты тиімді әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды тілге тиек етті. Басқосуды қорытындылай келе, Қоғам президенті Абзал Сапарбекұлы Налайхта қазақ салт-дәстүрімен әдет-ғұрпын насихаттаушы, қазақи нақыштағы қолөнер шебері Сайлау Түлкібайқызын «Отандастар қоры»-ның «Алғыс медалі»-мен марапаттады.
Қос елдің қатынасына — 30 жыл
Бұдан әрі Құрылтай қазақтар шоғырлана қоныстанған Баян-Өлгий аймағында жалғасты. Мұнда аймағында Тұғрыл-Хан бейресми ұйымының бастамасымен бизнес форум өтті. Форум осымен 4-рет ұйымдастырылуда, бұдан бұрын Астана қаласында бастау алып, Көлсайда, Катон-Қарағайда өткен болатын. Шараның Баян-Өлгийде жалғасуының басты себебі – форум қатысушыларының дені Моңғолиядан Қазақстанға келіп өз кәсібін ашқан азаматтар. Атап айтсақ, аталған іскерлік жиынға Қазақсаннан 60-тан аса кәсіпкер, Баян-Өлгий аймағынан ең атақты 50 кәсіпкер, сонымен қатар Еуропадан да қандас кәсіпкерлеріміз арнайы келіп қатысты. Сонымен қатар, Кіші құрылтай аясындағы шараға Қазақстаннан келген делегация мүшелері, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев пен Мәжіліс депутаты Болат Керімбек те қатысып, мемлекеттер арасындағы заңдық тұрғыдағы кейбір кедергілердің реттелу қажеттілігін айтты. «Бизнес форумның негізгі мақсаты – екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайтып, сауда-саттықты, импорт-экспортты дамыту», – дейді форум төрағасы, кәсіпкер Мұрат Дәкейұлы. Форумның аясында «Арқадан Алтайға» атты кәсіпкерлер бірлестігі де құрылған. Моңғолияға жұмыс сапары 5 шілдеде Ұлан-Батырда «Қазақстан мен Моңғолия қарым-қатынастарының даму болашағы» атты дөңгелек үстелмен жалғасты. Жиын Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы және Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Аталған шараға Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшісі Ғ.Қойшыбаев, «Отандастар қоры» КеАҚ президенті А.Сапарбекұлы, екі елдің Мәжіліс депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, ардагер дипломаттар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелдің құрметті қонағы ретінде Моңғолияның тұңғыш президенті П.Очирбат қатысты. Дөңгелек үстелде Қазақстан мен Моңғолияның дипломатиялық, мәдени, саяси-әлеуметтік, экономикалық қарым-қатынастары әңгіме арқауы болды. Жиынды Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Ғабит Қойшыбаев кіріспе сөз сөйлеп ашып, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың маңызы туралы баяндады. Содан кейін «Отандастар қоры» жетекшісі Абзал Сапарбекұлы сөз алып, Қазақстан мен Моңғолия арасын-дағы қарым-қатынастың тарихы тереңде жатқанын, бауырлас халықтардың ежелден етене араласып, сан ғасырдан бері бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасап келе жатқандығына тоқталды. Дөңгелек үстел барысында Қазақстан мен Моңғолия тарапынан қатысқан сарапшылар мен қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен саясаттанушылар екі ел арасындағы қатынастардың одан әрі даму жолдарын талқылады. Қазақстаннан келген депутаттар өз кезегінде екі ел Парламенті достық тобының күн тәртібіндегі мәселерді шешуге күш жұмсау керектігін атап өтті. Осы ретте, Баян-Өлгий аймағымен тікелей рейс ашу және Қазақстанға жақын аймақ-тарда Қазақстанның консулдығын ашу пысықталып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, халық қалаулылары Қазақстан Респуб-ликасы Президенті ұсынған «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидасы шеңберіндегі реформаларға тоқталды. «Елде жасалып жатқан реформалар нәтижесінде биыл Парламентке 6 саяси партия кірді», —
деп атап өтті ҚР Парламент Мәжі-лісінің депутаты Унзила Шапақ. Құрылтай аясындағы жұмыс сапары ары қарай Моңғол Ұлттық университетінд ежалғасты. Сол күні осы білім ордасында Моңғолияның халық жазушысы, тарихшы, драматург, қоғам қайраткері Сұлтан Тәукейдің «Отандастар қоры» ұйымдастыруымен, Қазақстан Жазушылар одағы және Sun компаниясының қолдауымен «Ұлы Дала» айдарымен шыққан «Сеңгір таулар» романының тұсаукесері өтті. Сөз алған Қор басшысы А.Сапарбекұлы «Ұлы Дала» айдары жобасы туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, бұл жоба шетелдегі қандастардың шығармашылығын Қазақстан оқыр-мандарына таныстыруды көздейді. Кітап авторы Сұлтан Таукей бұл кітапты қазақтардың Моңғолиядағы тұрмыс-тіршілігі мен тарихын моңғол оқырмандары түсіну үшін моңғол тілінде жазғанын айтты. Сөз соңында автор «Отандастар қорына» өз алғысын білдіріп, Қор жұмысына сәттілік тіледі. Тұсаукесер барысында Абзал Сапарбекұлы Сұлтан Таукейге Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі куәлігін тапсырды.
Жалпы алғанда, Қазақстан және Моңғолияның өзара дипломатиялық байланысының 30 жылдығын арқау еткен іс-шаралар жоғары деңгейде өтіп, алдағы уақытқа бірқатар межелер белгіленді.
Өз тілшіміз.