Аққулы ауданының Жамбыл ауылында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында мәдениет үйі жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен 110 млн теңге қаражат бөлінді.
Конституция күні қарсаңында мәдениет үйінің салтанатты ашылуына аудан әкімі Руслан Мұқанов қатысты. Мемлекеттік қызметке келген мемлекеттік қызметшілер ант қабылдап, ауданның дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. Аққулы ауданы мәдениет үйінің басшысы Самат Момынжановтың айтуынша, нысан 1987 жылы салынған. Жөндеу жұмыстарын «Иман» ЖШС жүргізген.
– Жөндеу жұмыстары сәуір айында басталды. Мәдениет үйінің терезелері мен жылыту, электр жүйесі ауыстырылды, кафель салынды, ғимараттың сырты сайдингпен қапталды. Бірінші және екінші қабаты толығы-мен жаңартылды. Қоршау орнатылып, алаңға кеспе тастар төселді. Соңғы рет 2011 жылы жартылай күрделі жөндеу жүргізілген, – деді С.Момынжанов. Өнер ордасында вокал және би, драма театр үйірмелері жұмыс істейді. Бір әдіскер қызмет етеді. Ауыл жастары ауданның мәдени өміріне белсенді қатысады.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.