Соңғы уақытта экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселесі еліміз үшін аса өзекті болып отыр. Әсіресе, жұртшылық ауаның сапасы, көшеттерді отырғызу мен оларды күту сынды мәселелерге баса назар аударып келеді. Осы және өзге де экологиялық проблемалар аймағымызда өтетін азаматтық форум барысында талқыланбақ.

Осы аптада, дәлірек айтқанда 6-7 қыркүйек күндері Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облысы мен Астана қаласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері облыс орталығында бас қоспақ. Басты мәселе – қолайлы қоршаған орта құрудағы азаматтық қоғамның рөлі. Сала мамандары осы тақырып төңірегінде ой қозғап, пікір алмасып, тәжірибелерімен бөліседі.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әзілхан Әбеуовтің айтуынша, мұндай жиындар әр аймақта әр түрлі тақырыпта өтеді. Біздің облыста өңірге «таныс» тақырып – экология мәселесі қаузалмақ.
– Бүгінде қоршаған ортаны қорғауға қатысты түйткілдер қоғамда жиі талқыланады. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында аталмыш мәселеге айрықша назар аударды. Осы мақсатта су ресурстары және ирригация министрлігі де құрылды. Осы және өзге де тақырыптардағы өзекті жайттар біздің өңірдегі форумда талқыланады. Бұл тек кезекті жиын емес, қордаланып қалған түйткілдерді тарқататын нәтижелі басқосу болады деп ойлаймын, – деді Ә.Әбеуов. «Павлодар облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрағасы Светалана Могилюк те бұл форумнан күтеріміз көп екенін тілге тиек етті.
– Қоршаған орта бәрімізге ортақ. Демек, оның мәселелері де барлық азаматты бейжай қалдырмауы тиіс. Бұл ретте азаматтық қоғамның позициясы арқылы күрмеулі жайттардың шешімін табуға болады. Өңірлік форумның негізгі өзегі ретінде бүкіл елді алаңдатып отырған ауаның сапасы, көгалдандыру, орманды қалпына келтіру, климаттың өзгеруіне бейімделу сынды тақырыптарды алдық. Талай жылдан бері осы салалар төңірегінде зерттеулер жүргізіп, сараптамалар жасап жүрген білікті мамандар – спикерлердің айтары мол. Осы орайда Павлодар облысының да көрсетер үлгісі, бөлісетін тәжірибесі мол, – дейді С.Могилюк. Сонымен қатар, аталған форум аясында шеберлік сағаттары, тәлімбақтар жұмысымен танысу және басқа да шараларды ұйымдастыру қарастырылған.

Г.МАҒЖАН.