Тұрмысын қалалық жерде түзегісі келетіндер бастапқыда баспана жалдап, күн көреді. Тұрақты тіркеуге тұратын мекеннің болмауы кейбір жеңілдіктерге қол созуға, қалаған жұмысына орналасуға кейде кедергі келтіреді. Пәтер кезегіне тұруға да мүмкіндік бермейді. Сондықтан, мұндай азаматтар үйіне тұрақты тіркеуге тұрғызатын адам іздеп, бірі туысын жағаласа, бірі ақысына пәтер иелерін тауып, мәселесін шешіп жатады. Шаһарларда алпыс шаршы метрлік баспанасына ондаған адамды тіркеп, «резеңке пәтер» атанып кеткендері де аз емес. Сондықтан, көші—қон саласы мамандарының бірі тіркеуге қоюға нақты норма қарастырылып, пәтер иелері өзіне туыс емес адамдарды тіркеуге шектеу енгізуді ұсынып отыр. Яғни, бұл ұсыныста туысы емес азаматтарды тіркеу кезінде 18 шаршы метрге бір адамнан артық қоюға рұқсат етпеу қажет делінген. Мәселені Мәжіліс деңгейінде көтеру көзделіп отырған көрінеді. Бұл қаншалықты орынды? Шектеу мәселенің шешімі ме? Бұл тақырыпты «Алаңда» талқылап көрелік.
Дәулет ЫСҚАҚОВ, облыстық көші-қон қызметі басқармасының басшысы:
— Осыдан біраз жыл бұрын мұндай мәселе кездесетін. Қазіргі таңда пәтер кезегіне тұрғызу, алып тастау баспана иесінің электронды кілті арқылы жүзеге асырылады. Яғни, заңсыз тұрғандарды ешқайда бармай-ақ электронды үкімет немесе басқа да қосымшалар арқылы пәтер иесі қашықтықтан тіркеуден алып тастайды. Заңсыздыққа жол жоқ деген сөз.
Бәлкім, үлкен мегополистер үшін «резеңке пәтер» өзіндік түйткілдер туғызатын болар. Яғни, жан-жақтан еңбек етуге келгендер тіркеуге тұру үшін ақылы түрде «баспанасына енгізетіндерді» іздейді. Ал өзіміздің өңірімізге келетін болсақ, соншалықты күрделі жағдай болған емес. Егер орын алса, әр аумақтағы учаскелік полицейлер жағдайды реттеп отырады.
Қобыланбек ҚОЖИН, Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы:
— Мұндай шектеу енгізу дұрыс емес деп ойлаймын. Шектеу жасамас бұрын, алдымен, азаматтарымызға жағдай туғызуымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы қай өңірде, қай мекенде тұрғысы келсе, сонда тіршілік етуге құқылы. Сондықтан, орайын тауып, заңды түрде тіркеуге тұрып, еңбегін етіп, ел қатарлы өмір сүріп жатқандарға кедергі келтірмегеніміз жөн. Жалпы, тұрақты тіркеу әрбір шаһар үшін аса қажет. Мәселен, бір ғана қоғамдық көлікті алайық, атқарушы билік сол тұрғындар санына қарай автобустардың санын, интервалын, тағы басқасын есептеп, қолайлы кестесін, жолаушылар тасымалына жолға шығатын көлік санын шығарады. Соған қарай қаланы дамыту жұмыстары қолға алынады. Ал «резеңке пәтерлерге» келетін болсақ, оны реттеуді құзырлы органдар жүйеге келтіруі тиіс деп санаймын.
Бота ДУЛАТ, қала тұрғыны:
— Ойға қонымсыз ұсыныс деп білемін. Себебі, қаншама жас отбасылар ауылдан қалаға, өзге өңірлерге қызмет етуге қоныс аударады. Бірден баспаналы болу мүмкін емес. Жылдап пәтер жалдап, еңбек етеді. Кейбірінің пәтер кезегіне тұру үшін де тұрақты тіркеуде болуы талап етіледі. Ал егер сол қалада туысы болмаса, қалай, қайда тіркеуге тұрады? Ендеше, ұсынысты айтып отырған азаматтар мәселені шешудің басқа жолын айтсын. Бәлкім, заң жүзінде пәтерін жалға берушілерді сол жалдайтын тұрғындарды тіркеуге алуды міндеттесін. Әйтпесе, бұл шектеу талай отбасының арман-мақсатын шектеуге әкеледі. Кейбір жұмыс берушілер қызметкерлерін өз үйіне тіркейтінін мамандар алға тартыпты. Меніңше, бұл, керісінше, үлкен қамқорлық, жанашырлық белгісі емес пе?! Бір азаматтың болсын мәселесін шешуге жұмыс беруші атсалысса, елімізде қаншама тұрғынның түйткілі тарқайтын еді. Ал пәтеріне тым көп тұрғынды тіркеп, одан табыс тауып отырғандарды салық органдары бақылағаны дұрыс деп есептеймін.
«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.