Таза орта – ортақ жауапкершілік

Мау 25, 2026

Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру –
бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Экологтар күні қарсаңында осы саланың өзекті мәселелері мен болашағы туралы пікір білу мақсатында «Байтақ» жасылдар партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы, экология саласының маманы Думан Тоқашевпен сұхбаттастық.

— Эколог мамандығын таңдауыңызға не себеп болды? Бұл салаға қалай келдіңіз?

— Экология саласына келу жолым тікелей емес, тәжірибелік жобалар арқылы қалыптасты. Біраз уақыт суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын салу жұмыстарымен айналысып, су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық талаптар мен рұқсат беру рәсімдері мәселелерімен тығыз жұмыс істедім. Кейін «Тұрғын үй су-электр станциясы» жобасын іске асыру барысында жаңартылатын энергия көздерінің технологияларын және олардың тұрақты даму үшін маңызын терең зерттедім. Соңғы алты жылда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыру саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысып келемін. Біз енгізіп жатқан автоматтандыру жүйелері су, жылу және электр энергиясын үнемдеуге, ресурстарды басқару тиімділігін арттыруға және еңбек өнімділігін көтеруге мүмкіндік береді.

— Қазіргі таңдағы Павлодар облысының экологиялық жағдайын қалай бағалайсыз? Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қаншалықты маңызды және қандай нақты жұмыстар атқарылып жатыр?

— Павлодар облысының экологиялық жағдайына біржақты баға беру қиын. Өңір еліміздің ірі индустриялық орталықтарының бірі болғандықтан, экология мәселесін экономикалық дамумен қатар қарастыру қажет. Өндіріс орындары өңір экономикасының негізін құрап, мыңдаған жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Экологиялық қауіпсіздікті арттыру мақсатында ірі кәсіпорындарда нақты жұмыстар атқарылуда. Павлодар алюминий зауытында ERG компаниясының 2030 жылға дейінгі экологиялық стратегиясы аясында газ тазарту жүйелері жаңғыртылып, ескі электрофильтрлер заманауи гибридті сүзгілермен алмастырылуда. Павлодар мұнай-химия зауыты өндірістік экологиялық бақылауды күшейтіп, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және энергия тиімділігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар өңірде кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауына тұрақты бақылау жасалып келеді. Экологиялық мониторинг пен мемлекеттік бақылау мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауына тұрақты бақылау жүргізіліп, белгіленген нормативтерден асып кеткен жағдайда әкімшілік шаралар мен айыппұлдар қолданылады.

— Қазіргі таңда «Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба халықтың экологиялық мәде-
ниетін қалыптастыруға қанша-лықты әсер етуде?

— Менің ойымша, «Таза Қазақстан» бастамасының басты құндылығы тек аумақтарды тазалау, ағаш отырғызу немесе экологиялық акциялар өткізумен шектелмейді. Бұл жобаның негізгі мақсаты – қоғамда жаңа экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қағидатын қалыптастыру. Осыған байланысты өз тәжірибемнен бір мысал келтіргім келеді. Биыл мамыр айының басында Семейден Павлодарға келе жатқанымда, жол жиегінде шашылып жатқан қоқысты байқадым. Ашығын айтқанда, бұған таңғалдым. Себебі соңғы жылдары мұндай көріністерді сирек кездестіретін едік. Алайда біраз жер жүргеннен кейін сол аумақта тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан жол қызметкерлерін көрдім. Сол сәтте мәселенің назардан тыс қалмағанын және қажетті жұмыстардың атқарылып жатқанын түсіндім. Қазір біз таза ортаға үйреніп келеміз. Егер бұрын қоқыс үйінділері немесе ластанған аумақтар қалыпты жағдай ретінде қабылданса, бүгінде керісінше, мұндай жағдайлар көзге бірден түседі және қоғам тарапынан орынды сын туғызады. Бұл экологиялық мәдениеттің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы халықтың экологиялық санасын арттыруға және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға нақты ықпал етіп жатыр деп есептеймін.

—  Бүгінде әртүрлі себеппен ең өзекті экологиялық мәселелер тасада қалып жатқан жоқ па?

— «Таза Қазақстан» бастамасы мен экологияның өзекті мәселелері — бір-біріне қарсы қойылатын дүниелер емес, керісінше өзара тығыз байланысты бағыттар. Экологиялық мәселелерді тек заңдармен, бақылау шараларымен немесе жаңа технологиялар арқылы толық шешу мүмкін емес. Кез келген оң өзгеріс ең алдымен адамның санасынан басталады. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасының басты мақсаты – аумақтарды тазалау немесе сенбіліктер өткізу ғана емес, қоғамда жаңа экологиялық мәдениет пен жауапкершілік қағидаттарын қалыптастыру.

— Қазақстанда атом электр станцияларын салу жоспары бар. Бұл экологиялық мәселені шешуге көмектесе ме, әлде жаңа қауіптер тудыруы мүмкін бе?

— Атом электр станциялары мәселесіне біржақты қарауға болмайды. Кез келген энергетикалық технология сияқты оның да артықшылықтары мен тәуекелдері бар. Бір жағынан, әлемдегі энергияға деген сұраныс жыл сайын артып келеді, ал дәстүрлі ресурстар шексіз емес. Сонымен қатар көптеген мемлекеттер көміртегі шығарындыларын азайту және экологиялық таза энергия көздеріне көшу жолдарын іздеуде. Осы тұрғыдан алғанда атом энергетикасы тұрақты энергия өндіруге және атмосфераға шығарылатын зиянды заттар көлемін төмендетуге мүмкіндік береді.    Екінші жағынан, атом энергетикасында қауіпсіздік мәселесі әрқашан бірінші орында болуы тиіс. Атом станциясының құрылысы мен пайдаланылуы адамның денсаулығына, қоршаған ортаға және ұлттық қауіпсіздікке қатысты жоғары жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан мұндай жобаларды іске асыру кезінде барлық тәуекелдер алдын ала жан-жақты бағаланып, халықаралық стандарттарға сәйкес қатаң бақылау қамтамасыз етілуі қажет.

— Жасанды интеллект, дрондар, спутниктік бақылау сияқты технологиялар экология саласында қаншалықты тиімді қолданыла алады?

— Соңғы алты жыл бойы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында автоматтандыру жүйелерін енгізумен айналысып келемін. Мұндай жүйелер су, жылу және электр энергиясын нақты уақыт режимінде бақылауға, шығындарды анықтауға және деректер негізінде тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект элементтері қолданылатын автоматтандыру жүйелерін шамамен 300 мың тұрғыны бар қала көлемінде енгізген жағдайда ресурстарды тұтынуды 40 пайызға дейін оңтайландыруға болады. Егер осы көрсеткішті жылдық көлемде есептеп, оған еңбек өнімділігінің артуын және тұрғындардың шағымдарының 50 пайызға дейін азаюын қоссақ, онда бұл тек қаржылық үнемдеу ғана емес, сонымен қатар айтарлықтай экологиялық нәтиже екенін көреміз. Яғни біз бұрын байқалмаған резервтерді анықтап, ресурстарды әлдеқайда тиімді пайдалану мүмкіндігіне ие боламыз.

— Егер сізге Қазақстандағы экологияға қатысты бір заң қабылдау мүмкіндігі берілсе, ең алдымен нені өзгертер едіңіз?

— Егер маған Қазақстанның экология саласындағы заңнамасына бір маңызды өзгеріс енгізу мүмкіндігі берілсе, мен жаңа тыйымдар мен айыппұлдарды көбейтуден гөрі табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және қоршаған ортаға әсерді азайтуға бағытталған заманауи технологияларды міндетті түрде қолдану қағидатын енгізер едім.

Сұхбаттасқан — Сара ӘБДОЛ.