«Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған…»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қоғамның бір дерті бар. Емі әлі табылмаған. Дұрысы, бұл дерт бүтін мүлік көрсе, бүлдіргенше асық тұратындарға тән. Олардың жұдырығы ұрып қалуға, аяқтары теуіп кеткенге әрдайым әзір болады. Ғылыми тілмен айтсақ, вандализм. Бүлінген мүлік, мәдени мұраны қалпына келтіру қаншама қазына қаржысын қажет етеді. Бұл — елдің дамуын кері тартатын факторлардың бірі. Сондықтан да, аталмыш мәселеге жоғары мінберден мән беріліп отыр.
Шамдарды бүлдіруге бейім
Нақтысы, биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселенің қоғамға тигізіп жатқан залалын асқан алаңдаушылықпен айтты.
— Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпір-тасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүние жүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек? – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Ұлттық Құрылтайда.
Ол рас, кез келген мүлікті қалпына келтіру қазынаға қаншама салмақ. Негізі, заң бойынша қоғам мүлкіне залал келтірген азамат оның шығынын толық қалпына келтіруге міндетті. Алайда, көп жағдайда бұзақылыққа барғандардың бәрі қолға түсе бермейді. Әлбетте, бейнебақылау камералары бар орындарда мүлікті сындырғандарды тауып, жазасы беріледі. Бірақ, қаншама жағдайда бұзақылыққа барғанды анықтау мүмкін болмайды. Өкініштісі, осылайша біз бен сіздің салығымыз еліміздің ілгерілеуіне емес, бүлдіргінің келтірген шығынын өтеуге жұмсалып кете береді. Мұндай қара күші бойына сыймай жүргендердің кесірінен өркениет көшіне ілесу мүмкін болмай отыр. Былтырдың өзінде елімізде ескерткіштерді қирату, қоғам мүлкін бүлдіру бойынша 5 мыңнан аса дерек тіркеліпті. Көп жағдайда бөтеннің мүлкін жастар, балалар бүлдіретін көрінеді. Мұны психологтар жастар жағы бойындағы агрессия ошақтарын қанағаттандыру үшін осындай әрекеттерге барады деп пайымдайды. Сондай-ақ, олардың тәрбие көзіне тікелей байланысты. Яғни, тал бесіктен тәрбиесі жүгенсіз болса, оның қоғамға келтірер зияны осындай кішігірім бұзақылықтан бастау алатын көрінеді.
Жалпы, шынысы шытынап, қаңқасы майысқан аялдама-ларды, орындықтардың шарбақтары сынып, қоқыс жәшіктерінің сұрықсыз күйін кез келген елді мекеннен кездестіруге болады. Осы орайда, облыс орталығындағы жағдайды білген едік. Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, бұзақылар көбінде көше шамдарын бүлдіруге бейім. Сонымен қатар, қоршауларды да құртуға құштар. Шағын сәулеттік нысандар да вандалдардың қолынан бүлінеді. Жылына шамамен 50 шақты аялдаманы құзырлы орган қалпына келтіретін көрінеді. Әсіресе, шынысы бар аялдамаларға жиі зақым келеді. Яғни, шынысын шытынатып немесе сындырып кететіндер кездеседі.
— Бөтеннің мүлкін қолды қылатындармен, бүлдіріп-сынды-ратындармен күрестің ең тиімді жолы ретінде қалада бейнебақылау камераларын орнатуға басымдық береміз. Бүгінде мұндай құрыл-ғылар саябақтар мен скверлерге, саяжай шаруашылықтарына көптеп қойылуда. Камера орнатылған орындарда мүлікті бүлдіру, ұрлау деректері тіркелмейді, — дейді бөлім мамандары.
Жасыратыны жоқ, көпқабатты үйлерде лифттерді бүлдіру деректері де аракідік тіркеліп тұрады. Қалалық тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, соңғы уақытта подъездерде камераның көптеп қойылуынан бұл бұзақылық деректері сиреген. Жылына лифтке қатысты шамамен 5-6 жағдай орын алады екен. Бұзақылар анықталған жағдайда мүлікке келтірілген шығынды өтейді.
Мұндай дерек мүлдем жоқ!
Вандализмге қатысты айма-ғымыздағы ахуалды білмекке облыстық полиция департаментіне сұрақтар жолдаған едік. Құзырлы органнан 2023 жылдан қазіргі уақытқа дейін облыста Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 294-бабында көзделген құқықбұзушылықтар, яғни вандализм
тіркелген жоқ деген жауап алдық.
— Аталған баптың санкциясы 160 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарын жүргізуді немесе 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды немесе 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды көздейді, —
дейді облыстық полиция департаментінің әкімшілік басқарма бастығы, полиция полковнигі Қабдылманап Әкебаев.
Сондай-ақ, полиция депар-таментінің өкілі вандализм бабы заңдық тұрғыдан қандай әрекет-терге қолданылатынын айтып берді. Вандализм — тарихи-мәдени мұра объектілерін, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекет қорғайтын табиғи объектілерді, жазулармен немесе суреттермен немесе қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіретін өзге де әрекеттермен қорлау.
Ал қоғамдық мүлікті бүлдіру, сындыру, нұқсан келтіру бұл бапқа жатпайды. Ол көп жағдайда бұзақылар ұсақ бұзақылық бойынша жазаға тартылатын көрінеді.
Инспектор көзге ілгенін…
Вандализмді сөз еткенде, Президент мәдени мұраларымыздың туристер жазбаларының астында қалғанын қатаң сынға алды. Соның ішінде Баянауылдағы тарихи тастарды да атап өтті. Ол рас, табиғаты талайды тамсандырған Баянауылдағы мол мұрамызға туристердің қалдырып жүрген «таңбасы» аңызға айналған тау-тасымыздың сиқын кетіріп бітірді. Мұндай сорақылықты көрген саналы жан қынжылыс танытып, бүлдіргендерді сыбап алғысы-ақ келеді.
Әзірге, жауһарымызды «жазба» «жауларынан» толық қорғау, таста «таңба» қалдырғандарды тезге салу мүмкін емес болып тұр. Себебі, кім жазып, кім белгі қалдырғанын анықтау мүмкін емес. Бұзақыны қылмыс үстінде қолынан ұстап алған жағдайда ғана Баянауыл ұлттық паркінің инспекторлары полиция шақырып, жазалай алады. Міне, сондықтан да облыстық полиция департаментінің берген ақпаратында аймағымызда соңғы бір жарым жыл аралығында вандализм дерегі тіркелген жоқ делінген. Демек, шимай қалдырғанды қылмыс үстінде ешкім ұстамаған соң, іс қозғалып, бұзақы жаза алмайды.
— Біздің ұлттық парктің аумағын 111 мемлекеттік инспектор бақы-лайды. Әркімге бекітілген аумақ бар. Біріне 5 гектар, біріне 15 гектар аумақ бөлінген. Күн сайын олар сол аумаққа мониторинг жасайды. Жазғы уақытта демалушылар легі көбейгенде жұмыс қызады. Өрт қауіпсіздігін күшейтеміз. Тұрмыстық мақсатта бейберекет, заңсыз от жаққандарға, рұқсатсыз жерге қоқыс тастағандарды анықтаса, инспекторлар бірден хаттама толтырып, айыппұл белгілейді. Әсіресе, от жаққандарға жаза қатаң. Оларға 103 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Былтыр балықшылар осындай әрекеттері үшін айыппұл арқалаған еді, — дейді Баянауыл ұлттық паркінің директоры Аждар Жүсіпов.
Иә, қоқыс тастап, от жаққандарға парк мамандары бірден жаза қолдана алады. Ал тарихи тастарды шимайлап, ойына келгенін жазғандарға инспекторлардың хаттама толтырып, жаза қолдануға құзыреттері жоқ. Оған қоса, нақты «іс» үстінде ұстап алмаса, жазбаның иесін таба да алмайды.
— Биыл бақылауды күшейтеміз. Мамандардың жалақысы 100 па-
йызға көтерілді. Олар да жауап-кершілікпен қарайды деген ойдамыз. Талап та болады. Инспекторлар өздері жауаптанған аумақтан фото-бейне есеп жіберіп, жұмысын күнделікті атқарып жатқанынан хабардар етіп отырады. Ал жазбаларды жою үшін экология департаменті мен еріктілермен бірлесіп, жұмыс атқарылуда, — дейді Аждар Сағынтайұлы.
«Жазу» қалдырғанды жазаласа…
Сондықтан, павлодарлық жастар жағы, «тым болмағанда барымызды сақтап қалайық, ары қарай «жазулар» Баянауылдың әр тасын жайлап кетпесін» деген ниетпен жыл сайын барып, тастарды жазудан тазартуда.
— Үш жыл қатарынан бардық.
20 ерікті жас мәдени мұрамыздағы мәнсіз жазбаларды жою үшін күш салды. Туристер, демалушылар есімдерін, туған жылын, ай-күнін, руын, тіпті жеті атасын жазып кетуге әуес. Өкінішке қарай, боқауыз сөздерден де көз сүрінеді. Біз тарихи тастарды шимақтардан тазарту үшін екі тәсіл қолдандық. Яғни, кейбірін химиялық заттардың көмегімен өшірсек, кейбірін темір щеткамен, электр құрылғымен қырып, тазалауға тура келді, — дейді аймағымызда волонтерлер фронт-кеңсесіне жетекшілік еткен Еркебұлан Күнтуғанұлы.
Бір өкініштісі, жастар күш салып, шимайдан тазартқан тастарда келесі жылы тағы да бүлдіргіштердің «таңбасы» менмұндалап тұратын көрінеді.
— Мұндай көріністі көргенде қынжылып қаламыз. Еріктілердің қаншама еңбегі далаға кетеді. Туристер көбінде «жазбаны» адамдар көп тамашалайтын тарихы тереңдегі, аты аңызға айналған Кемпіртас, Саймантас және басқа да мәдени мұрамызды бүлдіруге құштар келеді. Осындай шимай қалдырғандарды тезге салмаса, тарихи мұрамыздан ұрпаққа түк қалмайды, — деп ашынады еріктілер ісімен айналысқан азамат.
Сондай-ақ, ол мұндай ванда-лизмдік әрекетке баратындарды жазаламайынша, тарихи мұрамызға келтірілетін залал тыйылмайтынына сенімді. Оған жыл сайын қайталанатын «көрініс» дәлел, дейді. Сол себепті туристер жиі баратын тарихи тастарға камера қою керек деген пікірде. Айтуынша, мұндай тәжірибе Алматы маңындағы әсем табиғатында кездеседі.
Түйін:
Бір анығы, өркениеттен жаны жұрдайлармен жұрт болып күресуіміз керек. Заңды күшейтіп, бала тәрбиесін қолға алу қажет. Тазалық пен айналаға ұқыппен қарауды мектеп қабырғасынан бастап баланың бойына сіңіру арқылы кеселдің бетін қайтаруға болар. Әлбетте, жаза қатаңдатылмайынша, тәрбиесіздерді тезге салу тағы мүмкін болмас.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ