Жуырда Алматы қаласында «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» қоғамдық бірлестігінің ІІІ құрылтайы өтті. Алқалы жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерманның өкімімен одақтың Павлодар облыстық филиалы құрылып, оның төрағалығына ақын, сазгер, «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі Асығат Тұрғанбек тағайындалды.

Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманованың қатысуымен Ертіс-Баян өңіріндегі айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің жиыны өтті. Айзада Құрманова ресми бұйрықты оқып, Асығат Сәулетұлының жұмысына сәттілік тіледі. Филиал төрағасы Асығат Тұрғанбек бұған дейін осы бағытта атқарылып келе жатқан жұмыстарды ары қарай ширатып, дамытуға бар үлесін қосатынын айтты.

– Құрылтайда айтыс өнерін дамыту бағытында жоба-жоспарлар талқыланды. Ретро айтысты тұрақты ұйымдастыру қажет. Айтыстың алғашқы қарлығаштары –
ағаларымыз бен апаларымызды ел іздейді, сағынады. Сонымен бірге, айтыс ардагерлерінің мерейтойларын ескерусіз қалдыруға болмайды. Ендігі уақытта, кез келген деңгейде өтетін айтыстар айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одақтың келісімімен ұйымдастырылады. Құрылтайда айтыстың жүлде қорына байланысты да талаптар қойылып, мәселелер көтерілді, – деді Асығат Сәулетұлы. Филиал төрағасы айтыс өнерін қолдау жұмысы еліміз бойынша да, Павлодар облысында да жолға қойылға-
нын атап өтіп, жыр мен терме өнеріне көп көңіл бөлу қажеттігін алға тартты. Осы мақсатта еліміздің әр өңірінде жыршы-термешілердің республикалық байқаулары тұрақты өткізілетін болады. Жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері одақ филиалының ашылуы үлкен қуаныш екенін және басшылыққа Асығат Тұрғанбектің келуі әділ шешім екенін айтып, көкейдегі ойларын, мәселелерді ортаға салды.

– Айтыскерлер одағының негізгі жұмысы айтыс өткізіп, жүлде тарату емес деп ойлаймын. Одақ жұмысының негізгі бағыты айтыс өнерін наси-хаттаған, дамытқан, бүгінге жеткізген алдыңғы буын өкілдерінің еңбегін көрсету, терең тарихты зерттеу және жазу болу керек. Айтыстың Павлодар облысы өңіріндегі тарихының электронды базасын жасақтау аса маңызды. Бұл біздің рухты түгендеу болмақ, – деді ол. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бейбіт Бөжен өз сөзінде марқұм Алмагүл Жүгінісова атындағы айтыс өткізуді, тігілген жүлдені толықтай марқұмның анасы мен қыздарына беруді ұсынды.

Аяулым ДУМАНҚЫЗЫ.