Күн жылынып, жаз шығысымен Павлодар облысында шыбын-шіркеймен күрес жұмыстары басталады. Себебі қара Ертісті бойлай қоныстанған облыс тұрғындары жыл сайын қанатты зиянкестерден зардап шегеді. Десе де, соңғы жылдары облыста масаны улау шаралары кешенді түрде қолға алынып, шыбын-шіркеймен күрес жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы орайда, аталмыш тақырыпта «Saryarqa samaly»-ның Instagram-дағы парақшасында «Онлайн желі» ұйымдастырдық. Тікелей желі қонағы — Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқарма басшысының орынбасары Сағын Төлеутаев биыл шыбын-шіркейге қарсы қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы туралы баяндап берді.
Тілші сауалы:
— Ертіс-Баян өңірінде шыбын-шіркей улау жұмыстары – көктем келе күн тәртібіне шығатын өзекті мәселе. Биыл қанатты зинкестермен күрес жұмыстары қалай жүргізілуде?
— Өңірде көктем-жаз мезгілінде шыбын-шіркей және сол сияқты қос қанатты қансорғыш жәндіктермен күрес жұмыстары қыза түседі. Биыл да облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Ертіс өзені бойында орналасқан елді мекен аумақтарында және Ақсу, Екібастұз қалалары мен аудандарында дезин-секциялық жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда облыстық мердігермен сары маса дернәсілдеріне қарсы авиаөңдеу жұмыстары толығымен аяқталды. Ең алдымен, су тасу кезеңінде жайылмаларды «Бактицид» биологиялық препаратымен өңдедік, одан кейін Ертіс өзені табиғи ағысына енгеннен кейін жайылма аумақтарындағы су айдындарында авиациямен химиялық өңдеу жүргізілді. Ол үшін екі пунктке орналастырылған 2 «АН-2» ұшағы жұмылдырылды. Атап айтсақ, Атамекен ауылындағы бірінші аэродром және Ақсу жайылмасының қосымша аэродромдарын қамтыған Кенжекөл ауылындағы екінші аэродром жұмыс істеді. Ағымдағы жылдың 3 мамыры мен 22 мамыры аралығында 183 әуе өңдеу жұмысы жүзеге асырылды, оның 118-і биологиялық препараттар, 65-і химиялық препараттар арқылы жүзеге асты. Атап айтсақ, Павлодар қаласы бойынша 26,1 мың гектар жер өңделді. Оның ішінде 40 биологиялық, 28 химиялық перпараттармен 68 ұшу жүзеге асты. Ал Ақсу қаласында өңделген жердің көлемі 10,7 мың гектарды құрады. Оның ішінде 18 биологиялық, 10 химиялық препараттармен 28 ұшу жүзеге асты. Дезинсекциялық жұмыстарды жүргізуде шағын ұшақтарды қолдану масалардың дернәсілдік кезеңінде жойылуына өте тиімді нәтиже береді. Осылайша, әуе өңдеулерінің орташа тиімділігі 90 пайыздан асты. Дегенмен, маса дернәсілдерінің екінші толқынын жою үшін фенологиялық бақылау әлі де жалғасуда. Келесі кезең — өзен өңдеу жұмыстары. Өзеннің бүкіл ұзындығы бойынша сыйымдылығы 20 тонна болатын 4 баржа мен 5 моторлы қайық тартылады. Жалпы ұзындығы 1130,6 шақырымға 166,7 мың литр биологиялық өнімнің 30 пайыз суспензиясын пайдалану жоспарлануда. Бұрнағы күні шіркейге қарсы өзен өңдеудің бірінші кезеңі басталып, Ертіс өзенінің 4 нүктесінде 34 мың литр биологиялық препарат ағызылды. Бұл ретте екі баржадан су төгу жұмыстары жүргізілгенін айта кету керек. Бесқарағай және Ново-ямышев ауылдарына 10 мың литр суспензия, әрі қарай Аққулы ауданы Черный ауылында және Ақсу қаласында әрқайсысы 7 мың литр суспензия ағызылды. Негізгі арнадан басқа, шіркейдің қалаға өтуіне жол бермеу мақсатында Теплая өзені бойынша ГРЭС елді мекенінен Павлодар қаласына дейін, Май ауданынан Ақсу қаласына дейін Белая арнасы өңделді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Ертіс өзенінің Тулка, Талинка, Подстепка, Қаратүн және өзге де аудандарында шіркейлердің шығуы мүмкін негізгі арналары анықталды. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін фенологиялық бақылау жалғасады және ғылыми топтың ұсынысы бойынша екінші кезеңге көшеміз. Зиянкестердің қанатты түріне қарсы тосқауылға келетін болсақ, 12 мамырдан бастап облыс орталығының барлық жерін-
де бүріккіштер мен ыстық тұман генераторларын қолдану арқылы тосқауылдық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.
Тілші сауалы:
— Былтыр Павлодар облысында Ақтоғай, Тереңкөл сынды бірнеше аудан шыбын-шіркейдің шырмауында қалып, тұрғындарды әбігерге түсірді. Биыл аталмыш аудандарда қандай жұмыстар атқарылуда?
— Иә, былтыр бірнеше ауданда дезинсекциялық жұмыстар толығымен жүзеге аспай, оң нәтиже бермеді. Сол себепті өткен жылдардың тәжірибесіне сүйене отырып, биыл аталмыш аудан-дардағы шыбын-шіркейге қарсы күрес жұмыстары қарқын алды. Сондай-ақ, биылғы жылдың жаңашылдығы – бірқатар өңдеу өрістерінің көлемі ұлғайды. Атап айтқанда, өңделетін алқап 27 мың гектардан 71,5 мың гектарға дейін кеңейді. Сондай-ақ, Ақтоғай және Тереңкөл аудандарында авиөңдеу жұмыстары өткізілді. Яғни, Ақтоғай ауданы мен Тереңкөл өңірінде де бір-бірден бөлініп, 2 ұшақпен авиөңдеу жұмыстары жүргізілді. Тереңкөл ауданы бойынша 42 ұшу, оның ішінде 30 биологиялық, 12 химиялық өңдеу жұмыстары 16,1 мың гектар жерге жүргізілді. Ақтоғай облысында 45 ұшу, оның ішінде 30 биологиялық, 15 химиялық препаратпен 17,2 мың гектар жер өңделді. Жалпы, Ақтоғай мен Тереңкөл аудандарының жайылмасы өзге ауданмен салыстырғанда төмен орналасқан. Аталған аудан-дардағы су басқа елді мекендерге қарағанда екі есе ұзақ тұрады. Бұл дегеніміз қансорғыш жәндіктер популяциясының көбеюі үшін қолайлы орта болып табылады. Сондықтан биыл бұл аудандарда ғылыми топтың сүйемелдеуімен биологиялық препарат қолдана отырып авиациялық өңдеу жүргізілді. Сонымен қатар, ұшақтың жетуі қиын жерлері (1,4 мың гектар) қол бүріккіш көмегімен жаяу өңделді. Мұнда 3460 келі «Бактицид» және 130 литр химиялық препарат қолданылды. Сонымен қатар, биыл Аққулы ауданы Бесқарағай ауылының бірінші нүктесінен бастап Тереңкөл ауданы Жаңабет ауылының соңғы нүктесіне дейін биологиялық препаратты төгетін 8 орын анықталды.
Тілші сауалы:
— Былтыр бұл аудандарда дезинсекциялық жұмыстардың оң нәтиже бермегені мердігер ұйымға байланысты ма?
— Былтыр әр аудан бойынша жеке мердігерлер анықталып, бекітілді. Биыл барлық жұмыстар ортақ ғылыми топтың сүйемелдеуімен жүзеге аспақ. Өткен жылы аталмыш аудандардағы дезинсекциялық жұмыстардың оң нәтиже бермеуінің себеп-салдарын аудандық әкімдік түсіндіре жатар. Сол дұрыс болады. Менің білуімше, бұл аудандарда жұмыс жүргізген мердігерге былтыр қаражат төленбеді. Себебі, қаржы еңбектің нәтижесіне, дезинсекция-
лық жұмыстардың тиімділігіне байланысты төленеді.
Тілші сауалы:
— Облыстың қалған аудандарында қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Аудан орталықтарына келсек, әр ауданда зиянкестермен күресу шараларын жүргізетін мердігер мекеме қарастырылған. Мердігер ұйымдардың материалдық және еңбек ресурстары бүгінгі күні жұмыстарды толық көлемде, соның ішінде шағын авиацияны тартуға мүмкіндіктері бар. Мәселен, жақында Май ауданында масалардың дернәсілдік кезеңіне қарсы әуеден өңдеу жұмыстары жүргізілді. Басқа аудандардан да мұндай ұсыныстар болса авиация көмегі қарастырылады. Бұдан бөлек, барлық аудандарда ғылыми топ зиянкестердің дернәсілдік және ұшу формаларына фенологиялық бақылауларды тұрақты түрде жүргізеді. Осылайша бүгінгі күнде барлық аудандарда масалардың дернәсілдік формасы жойылды, енді масалардың ұшу формасы кешкі уақытта белсенді фазасында аз мөлшерде болады. Кедергілерді өңдеу үшін бүріккіштер және көлікке орнатылған ыстық тұман генераторы қолданылды. Ыстық тұман генераторы жапырақтардың, ағаш бұтақтарының, бұталардың және шөптердің беткі қабатындағы шіркейлердің ұшатын түрін азайтуға септігін тигізеді. Оларды бір мезгілде қолдану арқылы максималды нәтижеге қол жеткіземіз. Бүкіл жұмыс барысын жұртшылықты тарта отырып, жергілікті атқару-
шы органдар бақылайды.
Оқырман сауалы:
— Масаны улау жұмыстарында қолданылатын биологиялық, болмаса химиялық препараттар адам ағзасына қаншалықты зиянды?
— Дезинсекциялық жұмыстарда қолданылып жатқан барлық препараттар ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен мақұлданып, бекі-тілген. Бұл препараттар «Baier» фирмасының өнімі, Еуропадан жеткізіледі. Сонымен бірге, шыбын-шіркейге қарсы дезинсекциялық жұмыстар ғылыми топ өкілдері мен қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы-
мен бірлесіп жүргізеді. Бұл ретте дезинсекторлар адам, жануар және өсімдік үшін қауіпсіз ерітіндіні қолданады. «Бактицидтің» адам, жануарлар мен өсімдіктерге кері әсері жоқ. Ол тек шыбын-шіркей дернәсілдерін жояды. Химиялық препараттан да адам ағзасына келер зиян жоқ.
Оқырман сауалы:
— Шыбын-шіркейді улауға қажетті қаражат жеткілікті деңгейде бөліне ме және мақсатты жұмсала ма? Ол жағы бақылана ма?
— Мердігерлердің жұмыс нәтижесі 80 пайыз тиімді болса ғана мемлекеттік қазынадан оларға қаржы төленеді. Қалай десек те, мердігерлер шыбын-шіркейді улауға бөлінген қаражатты өзіне тиесілі аумаққа жеткізуі тиіс. Демек, мердігер келісімшарт жаса-лғандықтан, бүкіл шығынын алдын-ала болжап, қамдануы керек. Бұл аздай, оның қаншалықты тиімді болғанын жергілікті тұрғындар мен қоғамдық кеңес мүшелері бақылайды. Әрі мердігер олардың ескертуін орындауға міндетті.
Тілші сауалы:
— Дезинсекциялық жұмыстар қай уақытқа дейін жалғасады?
— Жалпы, ғылыми сүйемелдеу сәуірдің ортасында басталып, дернәсілдердің даму сатысын бақылау жұмыстары жүргізілді. Соның қорытындысы бойынша Ертіс өзені мен жағалауында дезинсекция шаралары басталды. Бұл дезинсекциялық шаралар шамамен маусым айының соңына дейін жалғасады. Қазіргі уақытта күнделікті кешке шіркейлерге қарсы өңдеу жұмыстары темір жол көпірінен бастап, шаңғы базасы және Усолка шағын ауданындағы бөгетте жүргізіледі. Сондай-ақ, Павлодар қаласы аумағындағы уақытша және тұрақты су қоймалары да өңделді. Ғылыми топтың ұсынысы бойынша мұндай жұмыстар Ақсу және Екібастұз қалаларында да жүргізілді. Сонымен қатар, қалалық мердігер саябақтарға, алаңдарға, қаланың орамішілік учаскелеріне, саяжайларға күн сайын жұмыс жасайды. Тұрғындармен кері байланыс үшін өткізіліп жатқан барлық іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында және «gnus.tabigat_pv» арнайы құрылған Instagram аккаунтында кеңінен қамтылған.
Соңғы жылдары Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы зарарсыздандыру шаралары ерте басталады. Мамандардың айтуынша, бұл күн жылымай түрып жәндіктердің қанаттану кезеңін өткізіп алмай, олардың жаппай таралуын бодырмау үшін маңызды. Олай болмаған жағдайда дернәсілдерді
жою қиындай түседі. Жұрт масаға таланып, жағдай ушыға түсуі мүмкін. Не де болса «ерте тұрып, кеш қалмайық». Биыл маса мазамызды алмасын!
«Онлайн желіні» жүргізген – Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.