Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жемқорлардың заңсыз жолмен тапқан қаржысы қазақстандық мектептердің құрылыс жұмыстарына жұмсалуы керектігін қадап айтқан болатын. Бұл қомақты қаражат ескірген білім ордаларын жаңартуға, орын тапшылығы бар мектептерді қосымша ғимаратпен қамтуға бағытталады. Жаңа жобаның игілігін павлодарлық оқушылар да көрмек.

Бүгінде ел қазынасына заңсыз жолмен қаржы тапқан жемқорлардан қомақты қаражат түсті. Қайтарылған 96 млрд 495 млн теңгеге 62 жоба жүзеге асады деп жоспарлануда. Яғни, бұл қомақты қаражат білім мекемелерінің мәселесін шешуге жұмсалады. Бірнеше күн бұрын ҚР Оқу-ағарту министрлігі жемқорлардың ақшасына салынатын мектептердің тізімін жария етті. Сол бойынша Алматы облысында – 10, Астана қаласында – 10, Түркістан облысында – 9, Жамбыл облысында – 6 мектеп және еліміздің өзге өңірлерінде де білім беру мекемелері бой көтереді. Ал біздің облысымызда Павлодар қаласындағы Шапық Шөкин атындағы жалпы орта білім беру гимназия-мектебіне қосымша қосалқы ғимарат салу жоспарланған. Қазіргі таңда аталмыш білім беру нысанының құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Сұлтан Мұзафар:

– Бұл жобаның бас мердігері – «Құрылыс БМҚБ» ЖШС. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Осы мақсатқа қазынадан 1 млрд 200 млн теңге қаржы қарастырылған. Жұмыс барысы біздің бақылауымызда, – дейді. Ал 4 қабатты қосалқы мектеп ғимаратын салумен айналысып жатқан «Құрылыс БМҚБ» ЖШС-нің аға шебері Жанат Күлжановтың айтуынша, бүгінде құрылыс жұмыстарының 70 пайыздан астамы аяқталған.

– Құрылыс жұмыстарын өткен жылдың маусым айында бастағанбыз. Қыс мезгілінде ауа райына байланысты біраз уақыт жұмысты тоқтатып қойдық. Күн жылына салысымен қайтадан іске кірістік. Қазіргі уақытта мектептің негізгі ғимараты толығымен салынып бітті. Электр токтары, жылу желілері тартылды. Сылау, ақтау, әрлеу жұмыстары жалғасуда. Енді еден төсеу, ғимараттың сыртын кірпішпен қаптау, есіктер орнату, басқа да ұсақ-түйек жұмыстар қалды. Жоспар бойынша жоба осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін бітеді деп күтілуде. Белгіленген уақытқа дейін үлгеруге тырысамыз. Құрылыс басында 50-ге жуық адам жұмыс істеуде. Олардың қатарында сылақшы, дәнекерлеуші, тас қалаушы, электрик сынды кәсіби мамандар бар. Қажетті материалдар да жеткілікті, – дейді Жанат Күлжанов. Оның айтуынша, бұл ғимаратта бастауыш сыныптар оқитын болады. Сондықтан төменгі сыныптың шәкірттері үшін барлық қолайлы жағдай қарастырылған.

– Қосалқы ғимаратта тек кішкентай балалар ғана білім алатындықтан оларға арналған жеке асхана, спортзал, мәжіліс залы, медициналық кабинет, музыка, көркемсурет, компьютер бөлмелері болады. Сондай-ақ, 40-қа тарта оқу сыныптары салынады. Балалар екі ауысымда оқиды. Сынып бөлмелері кең, яғни заман талабына сай жабдықталады. Бір сыныптың көлемі шамамен 70 шаршы метрді құрайды. Мектептің іші-сыртына толығымен бейнебақылау камералары орнатылады. Біз барлық жұмысты аяқтап, қажетті жиһаздармен де қамтамасыз етіп, тек кілтін ғана тапсыруды жоспарлап отырмыз, – дейді мердігер компанияның аға шебері. Ал құрылысшылар мектеп ғимаратының сапасына басымдық беріп жатқанын айтады.

– Өзім бұл серіктестікте 20 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Осы нысан – соңғы бірнеше жылдың ішінде біз салып жатқан үшінші мектеп. Ғимарат бастауыш сыныптың балаларына арналғандықтан оның сапалы болуына ерекше мән берудеміз, – дейді құрылысшы Мертай Елшібаев. Құрылыс учаскесінің басшысы Бақтыбек Төлепберген мектеп қыста жылы болуы үшін едені мен қабырғаларына қосымша жылуды сақтап тұратын арнайы материал қосылып салынғанын атап өтті. Сонымен, алдағы жаңа оқу жылында көптен бері таршылық көріп келе жатқан қаладағы Шапық Шөкин атындағы гимназия-мектебінің ғимараты кеңейіп, шәкірттердің қолайлы білім алуына үлкен мүмкіндік жасалмақ.

– Бүгінгі күні білім ордасында 2300 бала оқиды. Олардың қатарында 5 қазақ сыныбы, 83 орыс сыныбы бар. Ал бастауыш сыныптарда 1200 шәкірт білім алады. Мектебіміз тар. Бала саны көбірек. Енді қосымша ғимараттың пайдалануға берілуін асыға күтудеміз. Оқушыларымыз да мәз болып жүр, – дейді мектеп директорының орынбасары Айя Жұмаділова. Бұл жаңалыққа шәкірттермен қатар, ата-аналар да қуануда. Солардың бірі – қала тұрғыны Қабиден Ағыбаев:

– Осы мектептің 2-сыныбында немерем оқиды. Балалардың игілігі үшін қосымша жаңа ғимараттың салынып жатқанына қуаныштымын. Болашағымыз – балалардың қолында! Жас ұрпақтың жайлы да жақсы білім алуы үшін мемлекет ештеңеден аянбауы тиіс деп ойлаймын. Білім беру саласына салған инвестиция еселеп қайтып келеді деп сенемін, – дейді. Жемқорлардан тәркіленген қаражатқа салынып жатқан білім беру мекемесінің құрылысы сәтті аяқталып, құтты мектеп болуына тілекшіміз!

Нұржайна ШОДЫР.