Бұрынғының баласы шыбықты ат қып мініп шапқылайтын еді, бүгінгінің баласы электросамокатпен жүйткіп жүр. Тап осы көлік құралы еш ережеге бағынбайды. Салдарынан осындай самокаттардың қатысуымен оқыс оқиғалар, жол апаттары жиілеп кетті. Бірақ енді олардың қозғалысы заң бойынша шектелуі мүмкін. Жақында Парламент Мәжілісінің депутаттары осы мәселені көтеріп, талқылап, заң жобасын әзірледі. Десе де, кейбір қала тұрғындары самокат жүргізушілеріне талаптың күшейтілгенін қаламайды. Жалпы, бұл мәселеге қатысты пікір мен талас көп. Бірқатарын «Алаңға» салып көрдік.
Мақсат ТОЛЫҚБАЙ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (пікір интернеттен алынды):
— Ірі қалаларда самокаттардың саны жыл сайын көбейіп жатыр. Түсі де, күші де әр түрлі. Оған деген тұрғындардың көзқарасы да әр қилы. Біз самокатты басқаратын азаматтарға қатысты тағы бірнеше ереже ұсынып отырмыз. Енді олар жарық сәулелі арнайы жейде мен каска киюі керек, бағдаршамнан өтерде жаяу жүруі тиіс. Ал ең бастысы – жылдамдық. Мопед болсын, самокат болсын велосипедке арналған жолақпен ғана жүруі керек. Ондай жолақ көп жерде жоқ.
Сондықтан да осындай шектеу енгізейін деп жатыр. Ал үлкен трассада жүру үшін жасы 18-ге толу керек. Және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс.
Әділет СЕЙІТОВ, көлік жүргізушісі:
— Соңғы кезде қалада электр самокаттардың көбейгенін көріп жүрміз. Бұрын демалыс орындарында ғана көрінетін, балалардың ермегі саналатын заманауи құрал қазір көшеге шықты. Жалпы, көліктің осы түрін дамытудағы мәселелердің бірі — арнайы бөлінген жолдар мен жолақтар түріндегі қалалық инфрақұрылымның болмауы. Өкінішке қарай, біздің қалада самокат жүргізетіндерге арналған орындар өте аз. Ал кішкентай балалар жол ережесін білмейтіні анық.
Жолға шығып, самокат теуіп жүрген балаларды көлік қағып кетуі де мүмкін. Көліктің бұл түрін кез келген адамға беруге болмайды. Бұл ретте самокат тізгіндеген жастардың өзі де қауіп тудырады. Жаяу жүргіншілер жолымен жүйткіп жүреді, автомобиль жолын қалаған жерден кесіп өтеді.
Самокат жүргізушілерге талапты күшейту керек. Әйтпегенде, самокаттар талай жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін.
Индира АЙТУҒАНОВА, студент:
-Электр самокатын көлік құралы ретінде емес, жай ғана көңіл көтеру үшін пайдаланамын. Дос-құрбыларыммен күн сайын самокатты бір-екі сағатқа жалға алып жүреміз. Жылдамдықты жаным сүйеді. Осы уақытқа дейін ешқандай жол-көлік оқиғасына түспедім. Бастысы, сақтық шараларын ескеріп жүргізген дұрыс. Жақында заң бойынша самокат иелеріне шектеу қойылмақ. Бұл дұрыс емес. Абзалы, қала инфрақұрылымын дамытып, самокат иелеріне арнайы жол салу керек. Бізде тек орталық жағалаудағы жаяу жүргіншілер жолының бойында велосипедтер мен скутер жүргізушілеріне арналған қызыл жолақ бар. Біз сол жерде ғана еркін самокат тебе аламыз. Ал қала ішінде бұл қауіпті.
Жалпы, қандай да бір мәселе төңірегінде талас-тартыс туындаса, шектеу қоя беруді доғару керек. Оның орнына жайлы жағдай жасауды ойластырған жөн. Самокат пайдаланушылардың қозғалысын қауіпсіз етудің амалын қарастыру керек.
«Алаңды» үйлестірген – Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.