Кеше халық қалаулылары Ұлттық қордан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылады.

Аталмыш құжатты таныстырған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ:

– Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тетіктері әзірленді. Әзірленген жобаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады. Бірінші – тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу.

Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Екіншіден, жинақталған қаражатқа білім алуға болады. Осы ретте, баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл кәмелетке жаңа толған қазақстандықтардың ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді. Яғни, дана бабаларымыз «Баланың өскен бесігі – дүниенің кең есігі» демекші, жас ұрпақтың дүние дидарын кеңінен тануына жол ашылады, – деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының операторы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) белгіленбек. Аталған қорға ақпараттық жүйеге қатысушылардың талаптарын есепке алу, алымшыларға жинақтау шоттарын ашу, жинақ-тарды төлеу, жеке тұлғалардың дербес деректерін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен жинау және өңдеу міндеттері жүктелетіні белгілі болды.

– Осылайша, қаралып отырған заң жобасы Мемлекет басшысының 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосуға қатысты тапсырмасын жүзеге асыру үшін қажетті жағдай тудырады, – деді Үнзила Шапақ. Сондай-ақ, ол жоба аясында бір отбасы балаларының бәрі 18 жасқа толғанда ғана олардың қаражаттарын біріктіруге болатынын атап өтті.

Н.АҚЫТЕГІ.