Павлодардан көршілес Абай облысына 15 млн теңге сомасындағы гуманитарлық көмек жөнелтілді. Ұйымдастырушылар қажетті заттарды бір күннің ішінде жинады.

Облыстық әкімдіктің қолдауымен және «AMANAT» партиясы Павлодар өңірлік филиалының ұйымдастыруымен алапат өрттен зардап шегіп отырған Семей жұртына 35 тоннаға жуық гуманитарлық көмек көрсетіледі. Азық-түлік өнімдері, ауызсу, жеке гигиеналық заттар және жанар-жағармайдың ақылы талондарына қаражат жиналды.

Облыстық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының жетекшісі Илья Теренченко облыс жұртшылығы көршілес өңір тұрғындарына қиын кезеңде қол ұшын созуда белсенділік танытқанын айтты.

– Бұл игі бастамаға жергілікті қоғам белсенділері мен ірі кәсіпорын өкілдері белсенді атсалысты. Бір күннің ішінде 15 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Абай облысының тұрғындары сол жерде сатып алуға ыңғайлы болсын деп аталмыш өңір жеткізушілерінен 10 және 20 литрлік талонмен 10 тонна жанар-жағармай сатып алдық. Сондай-ақ, зардап шеккен тұрғындардың балаларына жоғары оқу орындарынан, яғни Торайғыров университетінен 10 грант және Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетінен 5 грант сертификаты беріледі, – дейді И.Теренченко.

Аталмыш істен аймағымыздың жастары да қалыспады. 30 еріктіден құралған жоғары оқу орындарының студенттері қол ұшын созуға Семей өңіріне аттанды.

Tорайғыров университеті жанынан құрылған «Жақсылық жаса» еріктілер ұйымының өкілі Харис Абди адамдарға қол үшін созу – біздің басты мақсатымыз дейді.

– Біз Абай облысына 3 күнге барамыз. Өрттен зардап шеккен ауыл тұрғындарына қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Яғни, азық-түлік, бірінші кезекте қажетті заттарды таратамыз. Осындай қиын сәтте ел болып көмектесуіміз маңызды, – дейді Харис.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Константин Шелков.