Бүгінде қазақ тілін үйретуге арналған түрлі әдістемелер мен оқу құралдары бар. Алайда олардың басым көпшілігі діттеген нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бермей отыр. Сол себепті жеке тәжірибесі негізінде авторлық әдістемесін шығарған «Жағдаятты қазақ тілі» («Ситуативный казахский») атты кітаптың авторы Қанат Тасыбековпен сұхбаттасқан едік.
– Сізді «Жағдаятты қазақ тілі» кітабының авторы ретінде білеміз. Бұл кітаптың ерекшелігі неде? Оны жазуға не түрткі болды?
– Кітап жазу деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Жасым елуге жақындай келе қазақ тілі туралы көп ойландым. Ердің жасына келгенде елдің алдында бірауыз сөзді айта алмауым қалай деп іштей намыстандым. Ел ағасы атанар жаста мұным жарамас деп, қазақ тілін үйренуге бел будым. Бала-шағамды өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған соң, табысты кәсібімді ысырып қойып, мемлекеттік тілімізді меңгеруге шындап кірістім. Қолыма қалам алып, әртүрлі жағдайға байланысты қазақша мәтіндер жазып дайындала бастадым. Әр тойда айтылатын сөздер де әралуан. Әрқайсысына байланысты сөздерді жазып алып жаттай бердім. Реті келгенде сол сөздерді қолданатын болдым. Осылайша қазақ тілін әр жағдайға тиісті мәтін құрап жүріп меңгеріп алдым. Менің қазақ тілін меңгергенімді көріп, тіл үйренгісі келетіндер қатары көбейді. Сұранысқа сәйкес жазып алған мәтіндеріммен бөлісейін деген ой келді. Сөйтіп, барлық жазып-сызған дүниелерім негізінде «Жағдаятты қазақ тілі» кітабы дүниеге келді. Жұртшылық кітапты әдістеме ретінде қабылдады. Қазіргі таңда таралымы 55 мыңға жетті. Үш кітаптан тұратын кітабыма сұраныс жоғары. Бірінші кітапты «Ситуативный казахский – мир казахов», екіншісін «Ситуативный казахский – диалоги» деп атадым, үшіншісін «Ситуативный казахский – словарь» деп атап, сөздік ретінде ұсындым.
— Қазақ тілін елудің ауылына жақындаған кезде үйренген екенсіз. Тіл үйренуге жас ерекшелігі әсер ете ме?
— Иә, елу жасқа жақындағанда қазақ тілін үйрене бастадым. Әлбетте, орта жасқа келгенде тіл үйрену қиындау болады екен. «Жас кезіңде оқыған тасқа қашап жазғанмен тең, жас ұлғайғанда оқығаның суға жазғанмен тең» деген. Жас кезде оқыған тез есте қалады. Мәселен, 90-жылдары француз тілін 10 айда үйреніп, қызмет бабымен 4 жыл Францияда тұрдым. Жергілікті тілді меңгеріп алғандықтан, онда тұруда ешқандай кедергі болған жоқ. Қазақ тілін үйренуде бұрын шет тілін үйренгенімнің пайдасы тиді. Тіл үйрену ойлау қабілетін дамытуға, таным көкжиегін кеңейтуге ықпал етеді. Жалпы, адам өзіне нақты керек нәрсені тез үйренеді. Мәселен, қазір ағылшын, орыс тілдерін нан тауып жеуге керек болғандықтан тез үйренеді. Қазақ тілін адам өз қалауымен үйренбесе, оны үйренуге еш мұқтаждық жоқ. Сондықтан қазақстандықтардың басым көпшілігі қазақ тілін үйренбей-ақ, елде емін-еркін өмір сүруге болады деген пікірде. Яғни, ұлттық намыс жоқ жерде, жеткілікті табысы бар адамды мемлекеттік тілді үйренуге мәжбүрлейтін еш себеп те жоқ.
— Сіздің азаматтық намы-сыңызды жанып, тіл үйренуі-ңізге не түрткі болды? Қандай әдістемелерге сүйендіңіз? Тілді білмеген кезіңізде қандай кедергілерге жолықтыңыз?
— Жас кезімізде басқа басымдықтарға көбірек мән беріппіз. Балаларды оқытып, аяқтандыру үшін кәсіппен айналыстым. Көздеген мақсатыма жеткенде ел аға деп сыйлап, төрге отырғызатын жасқа келіп қалдым. Азаматқа жиын-тойда бата беріп, өлім-жітімде көңіл айта білу сын екен. Оң-солымды бағамдап, ешқашан жеткізбейтін дүниенің соңынан қуа бермей, қазақ тілін үйренуге бекіндім. Баратын жерге алдын ала дайындалып баруға тырыстым. Мен тіл үйрене бастағанда балаларым 18-20 жаста болатын. Институт бітіріп, қалыптасып қалған кездері. Олардың да қазақ тілін үйренгенін қаладым. Ол үшін өзім де тілді жетік меңгеруім керектігін салмақтадым. Бұл ретте тілдің грамматикасына емес, ауызекі сөйлеуге басымдық бердім. Қазақ тілінде сөз тіркестері, мақал-мәтелдерді орынды қолдану білу керек. Қазақта әр тойға қатысты айтылатын сөз қалыптары бар. Осы қалыптарды жаттап алып, қажеттілігіне қарай қолданса, тілді тез үйренуге болады. Осылайша мемлекеттік тілімізді меңгеру арқылы ұлтымыздың құндылықтарын жете тани түстім.
— Қазақ тілін үйретудің өзіндік әдістемесін құрастырдыңыз. Қазақ тілін үйретуге арналған өзге әдістемелерге неліктен көңіліңіз толмады?
— Ана тілін жеке әдістемеме сүйеніп үйренгенім рас. Алдымен мектептің тіл үйрету әдістемесін қарастырдым. Орыс сыныптарының балаларымен сөйлесе келе, тіл үйренуге мектептің әдістемесі жеткіліксіз екенін түсіндім. Себебі мектеп оқушылары тілді жетік меңгермеген. Әдістеме тиімді болса, балалар 11 жылда қазақ тілінде еркін сөйлеп кетер еді. Жақсы әдістеме болмағандықтан, қазақ тілін үйрету баяу жүргізіліп отырғанын түсіндім. Осылайша тіл үйренудің басқа жолдарын қарастырдым. Бастапқыда қажетті сөздерді жазып алып жаттауға кірістім. Қыз ұзатуда, қырқынан шығаруда, келін түсіргенде айтатын сөздер бар, наурызда айтылатын тілек-бата бар. Қай жиында қалай сөйлеу керектігін ұғып алып, орынды қолдана білу керек. Осыған көбірек мән бердім. Қарапайым сөздерді, тілектерді жаттау арқылы қазақ тілін үйрендім. Менің әдістемемнің негізгі тірегі — осы. Осының негізінде сөздік қорым молайып, бірте-бірте тіл қалыптасты. Қазір ағып тұрған шешен болмасам да, жеке әдістемемнің нәтижесін көріп отырмын. Әдемі сөйлеген соң адамдар қолпаштайды. Бұл адамды қанаттандырады. Бір түсінгенім, адам кез келген тілді қажеттіліктен үйренеді.
— Қазақ тілін үйретудің олқы тұсы қайсы деп ойлайсыз?
— Менің ойымша, орыс тілді қазақтарға және өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді оқытуда жеке әдістеме болуы керек. Себебі әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі бар. Мысалы, мен елу жыл
орыс тілінде сөйлеп, түбінде өзімнің ана тіліме, дәстүріме қайтып келдім. Тіл үйренуіме мемлекеттік қызмет немесе белгілі бір мансапқа жету мақсаты мәжбүрлеген жоқ. Мен қазақ тілін саналы түрде үйрендім. Өзге ұлт өкілі менімен қатар тіл үйренсе, оған «ғ», «қ» дыбыстарын шығару қиынға соғар еді. Сондықтан қазақ тілін жалпыға бірдей әдістемемен үйрету дұрыс емес. Тіл үйрену әдістемесі қазақ тілді және орыс тілді аудитория үшін бөлек болуы керек. Сонымен қатар, ересектер мен балалардың жас ерекшеліктері ескерілгені жөн.
– Қазақ тілін үйрену сізге не берді? «Жағдаятты қазақ тілі» кітабының ерекшелігі неде?
– Қазақ тілін үйрену қазақ әлеміне есік ашып берді. Қазір сол ғажайып әлемде рахаттанып, сүйсініп, тамсанып жүрмін. Өз халқымның әлемін жақын тани түстім. «Жағдаятты қазақ тілі» кітабын жазу барысында қаншама дәстүрді, жыр-толғауларды, мақал-мәтелдерді бәрін-бәрін қоса меңгеріп шықтым. «Жағдаятты қазақ тілі» кітабының ерекшелігі — қазақтың ұлттық құндылықтарын орыс тілді аудиторияға лайықтап түсіндіруінде. Мені қазақ тілінде сөйлегенде үш-төрт орап алатын адамдар толып жатыр. Бірақ олар орыстілді аудиторияға ойын анық жеткізе алмайды.
— Сіздің кітабыңызға сұраныс қалыптасты ма?
— Мақтанғаным емес, «Меломан» дүкенінің мәліметі бойынша қазақ тілін үйрету әдіс-темелері арасында «Жағдаятты қазақ тілі» кітабы 1-орында. Бұл — мақтанышпен айтуға тұрарлық жетістік деп ойлаймын. Екінші кітабым ұлтаралық қатынасқа құрылған диалогтар болса, үшінші томы – сөздіктер. Кітапта атақты тұлғалардың цитаталары, тұрақты тіркестер, фразеологиялық тіркестер, т.б. қамтылды. Мысалы, «сколько лет, сколько зим» деген тіркесті «көрмегелі қай заман?» десе, «нет дыма без огня» дегеннің баламасы «жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» болады. Сөздікті осы сипатта құрастырдым. Бүгінде кітаптар халықтың көңілінен шығып отыр. Үкімет қолдауымен үш томы шығарылып, министрліктердегі қызметкерлерге, барлық кітапханаларға таратылды. Орыс тілді адамдарға арналған ауызекі қазақ тілін оқыту әдістемесі сипатындағы «Жағдаятты қазақ тілі» үш томдық өзін-өзі оқыту кітабым мол сұранысқа ие. «Қазақтар әлемі» оқулығының бірінші томы 2012 жылы жарық көрді және барлық авторлар мен барлық баспалар арасында Қазақстандағы ең көп сатылатын кітап болды. Бүгінгі таңда 36 мың данасы сатылды. Кітап үнемі қайта басылып тұрады. Мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесім үшін 2013 жылы «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен, 2016 жылы ҚР ҚХА «Бірлік» алтын медалімен марапатталдым. «Эксперт Казахстан» интернет-порталының деректері бойынша кітап «Қазақстан азаматтарының ұлттық сана-сезімін айқындайтын топ-100 кітап» қатарына енгізілді.
— «Мәміле» тіл үйрену клубының жұмысына тоқталып өтсеңіз…
— «Мәміле» тіл үйрену клубы 6 жылдан астам жұмыс істеп жатыр. Әр сенбі сайын ұлттық кітапханада жиналамыз. Клубымызға тіл үйренуге ниетті қаншама адам келді. Оның ішінде танымал тұлғалар да, олардың бала-шағалары да бар. Қазіргі уақытта Қазақстанның 17 қаласында және Ресей Федерациясының Омбы, Түмен қалаларында «Мәміле» ауызекі қазақ тілі клубтары жұмыс істейді. Ортақ жұмыс барысында орыс тілділер мен қазақ тілділер мәмілеге келіп, достасады деген оймен осылай атадым. «Мәміле» клубына егде адамдар, ересек адамдар, зейнеткерлер немерелерімен қазақша сөйлеуді үйрену үшін келеді. Бір қызығы, тіл үйренуге келуші орыс тілділер көп те, қазақ тілін үйретейін деген ниетпен келушілер тым аз. Яғни, олар клубқа келуге мүлде құлықсыз. Ілуде біреу ғана келеді.
— Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін қандай шараларды қолға алу керек?
— Тілдің мәртебесін көтеру үшін жан-жақты қолдау керек. Бір адамның қолынан келетін іс емес. Тіл жанашырлары мәңгүрттер деп қазақша білмейтіндерді көп сөгеді. Шындап келгенде, бұл бағытта айтарлықтай іс тындырмайды. Бос айғайдан, зекіп-бақырғаннан, «тіл білмейсің» деп кеудеден итергеннен ештеңе шықпайды. Тіл жанашыры болса, бір адамға болса да тіл үйрету керек. Бірақ қоғамда бейжайлық басым. «Тіл жанашырымыз» деп айғайлайтындар көп болғанымен, қазақ тілін көркейтуге үлес қосуға келгенде тартынып қалатыны жасырын емес. «Тілім менің» деп тебірене сөйлегенде жылағың келеді, нақты іске келгенде іліп алар ештеңесі жоқ. Сөзі мен ісі қабыспайтындар осындай жандар көп. Олар көзіңді шұқып, тырнақ астынан кір іздеуге шебер. «Мен білмеймін, бірақ сенікі де дұрыс емес» деген теріс позицияда жүргендерге көзқарастарын өзгерту керек. Айналаңа ұрсып-зекіп, «мен қазақпын, сен мәңгүртсің» немесе «Қазақша сөйлеңдер!» деп айғай-шу шығарғанмен, қазақ тілінің мәртебесі көтерілмейді. Нақты әрекет ету қажет. Мәселен, қазір қазақша контенттер жетіспейді. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Халық қалаулылары мен тіл жанашырлары бірлесе жұмыс атқарып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан — Торғын ОРАЗАЛЫ.