Былтыр аязды күні жылу желілеріндегі «жыртықпен» әуре болған екібастұздықтар «биыл қалай болар екен?» деген күйде күн кешіп жатқаны жасырын емес. Жаз бойы жасалған жұмыстан үміт жоқ емес, бар. Десе де, жылдар бойы жиналған түйткіл бір жазда тарқай қоймайтынын да тұрғындар жақсы түсінеді. Кешегі арқадан өткен ызғарды әлі де ұмыта қоймаған екібастұздықтарға келесі жылдан бастап жылуға төленетін тарифті көтеру жөнінде «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облыстық департаментіне өтінім түсіріпті.

Шығыны шаш-етектен

Монополист компанияның өтінімін талқылау мақсатында ағымдағы аптада кеншілер қаласында қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облыстық департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов қатысты. Алдымен «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Анатолий Моисей 2024-2028 жылдарға арналған тарифтік сметаның шығындық бөлігін таныстырды. Яғни, қай бағытта қандай шығын барын егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысты. Айтуынша, бұрынғы тарифтік бағдарлама мерзімінің аяқталуына байланысты жаңа өтінім беріліп отыр. Былтыр берілген өтінім қыстағы ауыр ахуалға байланысты кейінге қалдырылды. Сөйтіп, кәсіпорын биыл бес жылдық ұзақ мерзімді тариф бекітуге өтінім түсірген. Тарифтік сметаның жобасында алғашқы, яғни, 2024 жылғы тариф базалық болып саналады, келесі жылда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жоспары шегінде өзгеріске ұшырап отырады. Алдымен, материалдық шығындарды алға тартты. Мәлімдеуінше, оған бір жылда 940 млн 874 мың теңге жұмсалады деп болжануда. Материалдарға жұмсалатын шығын көлемі 2022, 2023 жылдарда жасалған келісімшарттарға негізделіп түзілген. Одан кейін 2025 жылы инфляция 6 пайыз, ал 2028 жылға дейін 4 пайыз инфляция коэффициенті қолданылған. 182 млн 112 мың теңге орталықтың жұмыс істеуіне қажетті материалдар мен қызметтерге бағытталады. Бұл қаражаттың басым бөлігі көмірді уатуға қолданылатын арнайы шарлар сатып алуға жұмсалатын көрінеді. Тарифтік құрылымда айтарлықтай шығын, яғни, 13 пайыз көмірге кетеді. Жылу өндіруге қажетті электр энергияның да өзіндік шығындары бары айтылды.

Айлықтың аздығынан маман тапшы

Өндірістік персоналдың еңбек-айлығына жұмсалатын қаражат нақты еңбек ететін адамдар санына қарай және ұлттық статистика бюросындағы аталмыш сала мамандарының орташа жалақысы негізінде тарифтік сметаға енгізіліпті. Бұл мақсатқа 2 млрд 148 млн теңге жоспарланған. Кәсіпорын басшысы айлықтың аздығынан адамдардың тұрақтауы қиын, дейді. Орташа жалақы – 321 мың теңге шамасында.

– Кәсіпорынды мамандармен қамту мәселесі өте өзекті. Персоналдың штаттық саны 860 адам болуы керек, бізде 601 қызметкер жұмыс істейді. Яғни, орталықтың кадрмен қамтылуы 69,9 пайызды құрап отыр. Мамандар көп тұрақтамайды. Мәселен, жұмысшылардың тұрақтамауы 23 пайыз болса, кәсіби мамандар – 25 пайыз, басшылар – 17 пайыз, қызметшілер – 29 пайыз. Биыл он айда кадрлардың тұрақтамауы 23 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері 116 адам жұмыстан кетті, олардың 108-і өздері өтініш жазып кетті. Ал кеткен мамандардың орнын толтыру, тіпті, қиын. Кейбір орындар жарты жылға дейін бос тұрады. Мысалы, электрмен, газбен дәнекерлеуші маманды 244 күн күтсек, жылу желілері жабдықтарын жөндеу, оларға қызмет көрсететін слесарьді 254 күн іздеуге мәжбүр болдық, – дейді Анатолий Иванович. Кәсіпорынның мәліметіне сүйенсек, кейбір мамандықтар бойынша 19 адамның орнына
4 қызметкер жұмыс істеуге мәжбүр. Жұмыстан кеткендердің көбі айлықтың аздығын алға тартатын көрінеді. Кадрлардың тұрақтамауы мұндағы жалақының бәсекеге қабілетті еместігін көрсетіп отыр, дейді ол. Шығындардың тағы бір көп көлемі, келесі жылы 29 пайызы жылу орталығы қазандықтарын, жылу желілерін жөндеуге жұмсалатыны айтылды. Биыл қазандық агрегаттарында жүргізілген ауқымды жұмыстардың өзі олардың тозу көрсеткішін небары 5,4 пайызға төмендете алмақ. Сондықтан, 2024 жылға 5 жылу қазандығына жөндеу жүргізу жоспарланыпты. Одан бөлек, жылу магистральдарының жабдықтарын жөндеу де көзделген. Кәсіпорын ұсынған жобаға сүйенсек, 2028 жылға дейін жалпы жөндеу жұмыстарына жыл сайын шамамен 3 млрд теңгеден астам қаражат жұмсау жоспарланыпты. Одан бөлек, сырттан тартылатын фирмалардың қызметтеріне, күзет, өндірістік қалдықтарды жою және басқа да қажеттіліктер шығынын да тізбектеген кәсіпорын басшылығы тарифті көтермесе, шығын көбейе беретінін атап өтті. Айтуынша, жыл сайын 4 млрд шамасында шығынға батып отыр

Өтінімдегі өсім

Сонымен, монополист қазіргі тарифті қаншаға өсіруді көздеп отыр? Бүгінде кеншілер қаласында жылуға бір гигакаллорийге төленетін құн 5500 теңге болса, енді бұл соманы 13 мың 911 теңгеге көтеруді ұсынған. Тұрғындарға келетін болсақ, жылудың есептеуіш құралдары орнатылған үйлерде тариф бұған дейін 1807 теңге көлемінде болса, алдағы жылдары 2960 теңге деп бекітуді ұсынған. Ал мұндай құралдары жоқ үйлердің тұрғындары жылуды бұрынғыша 3337,6 теңгелік тарифпен емес, 3868,3 теңгемен төлесе, деп отыр монополист. Бір айта кетерлігі, тарифтік сметаға сәйкес жүктеме бюджеттік ұйымдарға түседі деп болжануда. Яғни, екібастұздық бюджеттік мекемелердегі қазіргі тариф бір гкал үшін 25 421 теңге болса, өтінім қанағаттандырылған жағдайда 117 мың 467 теңгеге жетпек. Бизнес субъектілері үшін есептеуіш құралдары барларға тариф қазіргі күні 8393 теңге болса, енді 9555 теңгеге жетпек. Есептеуіш құралдары жоқтар жылуды 12 646 теңгелік тарифпен төлейді.

Төлемді көтеретін кез келген жоқ!

Қоғамдық тыңдауға келген тұрғындар тарифтің көтерілуіне түбегейлі қарсы екендерін білдірді.

– Бұған дейін «тариф көтеріп, жабдықтарды жаңғыртып, олқылықтарды жоямыз» деген уәделер сөз жүзінде қалды. Бізге жетіп жатқан жылудың сапасы сын көтермейді. Айтқандарыңызда тұрмадыңыздар. Тұтынушы ретінде бізге ештеңені іспен дәлел-демедіңіздер. Енді келіп, тариф көтереміз деуге еш қисын жоқ, біз қарсымыз, – деді алдымен сөз алған қала шағын бизнес өкілдерінің бірі. Тағы бір тұрғын биылғы қысты жайлы өткізбейінше, бір тиын да артық төлеуге ешбір екібастұздық әзір еместігін кесіп айтты. Қоғамдық кеңес мүшелерінің бірі жылудың жоқтығынан электр құралдарын қосқан тұрғындардың электр энергиясына шаш-етектен қарыз болып жатқанын айтты. Сонымен қатар, қоғамдық тың-
дауда жиналған санаулы адам бір қаланың тағдырын шеше алмайтынын, әлі де талқылануы тиіс, деді ол. Кәсіпкерлердің бірі үйге, нысанға жететін жылу қаншалықты төмен болса да, толық төлем жіберуді тыю қажеттігін тілге тиек етті. Яғни, дифференциалды тариф қарастырылуы тиіс деп отыр. Кәсіпкерлер үшін есеп-теуіш құралдарындағы көрсет-кіштерді қарап, жылу шығынын қайта есептеу жүргізілмейтіні де көтерілді. Көмірдің іргеде жатқаны да кеншілер қаласында тарифтің төмен болуына септігін тигізбейтініне тағы бір тұрғын таңданыс танытты. Ал қалалық мәслихат депутаты жүктеменің бюджеттік мекемелерге түсетіні, біз бен сіздің қазынамыздың қаржысы екенін ұмытпайық, деді. Журналист Жассерік Сәдуақас қала тұрғыны ретінде сметадағы жөндеу жұмыстарына мән беруді сұрады. Яғни, он шақты қазандық неге жыл сайын жөндеуден өткізілетініне таңданыс білдірді. Бір рет күрделі жөнделген жабдық неге бірнеше жыл кідіріссіз қызмет етпейді, деді. Департамент басшылығы бұл ұсыныс та ескерілетінін айтты. Жалпы жиында «әлі де жылуға жарымай отырмыз» деген екібастұздықтардың бірі де тарифтің көтерілуіне қолдау білдірмейтіндерін көрсетті. Қоғамдық тыңдауға қатысқан құзырлы департамент басшысы Нұрлан Әуелбекұлы өтінім жан-жақты сараланатынын айтты. Сондай-ақ, https://www.bazamonopolist.gov.kz сайтына кіріп, әрбір екібастұздық тарифтік сметаның жобасымен танысып, талдау жасап, өздерінің дәлелді уәждерін департаментке жазбаша түрде түсірсе, өтінімді қарау кезінде ескерілетінін атап өтті. Яғни, тұтынушылар да тарифті көтерудің қаншалықты негізді екеніне көз жүгіртіп, жауапты органмен бірлесіп, ой қоса алады. Енді департамент мамандары бір ай бойы өтінімді қарастырып, қараша айының соңында нақты бір шешімге келеді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.