Қара күздің сенбілік таңы қайғылы хабармен атты. 28 қазанда Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болып, 45 кенші қаза тапты. Тағы бір шахтер әлі де іздестіріліп жатыр. Қалың қазақ елі қыршын кеткен есіл ерлерді еске алып, жексенбіде жалпыұлттық аза тұту күні болды. Өкінішке қарай, бұл ел тарихындағы ең ірі өндірістік апат ретінде аталып отыр.

Өткеннен сабақ алған жоқ

Жеті қат жердің астында еңбек ететін кеншілер жұмысы қашан да қауіпті. Соған сай кәсіпорын басшылығы үнемі еңбек және техника қауіпсіздігін сақтап, жұмысшылардың өмірін бірінші кезекке қоюы тиіс. Алайда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы соңғы 30 жыл бойы ережелерді елемей келеді. Оның салдары қарапайым халыққа ауыр соғып отыр. Тарихқа шегініс жасасақ, үнділік азамат, әлемге әйгілі олигарх Лакшми Миттал 1995 жылы Қарағандыдағы металлургия комбинатын бар-жоғы 225 млн АҚШ долларына сатып алған. Соның негізінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы құрылды. Жаңа кәсіпорын іске қосылған жылы-ақ Ленин атындағы кеніште метан жарылып, 13 кенші опат болды. Араға үш жыл салып тағы да осы шахтада тау-кен массасы мен газ жарылып, бір адамның өмірін жалмады. Бір жылдан соң дәл осы шахтадағы жарылыстан үш шахтер қаза тапты. 2004 жылы «Шахтинская» кенішіндегі жарылыстан 23, 2006 жылы Ленин шахтасындағы апаттың салдарынан 43 азаматымыздан айырылдық. Бірақ осындай ірі апаттардан да ешкім сабақ алған жоқ. Салдарынан 2008, 2017, 2021, 2022 жылдары да шахталардағы өрттің салдарынан кеншілердің өмірі үзілді. Осыдан екі ай бұрын ғана «Қазақстан» шахтасында қайғылы жағдай орын алып, бес шахтердің қаза тапқанын ел ұмыта қойған жоқ. Жалпы, кәсіпорын жұмысын бастағалы 160-тан астам шахтер қызмет орнында қаза тапты. Енді, міне, Костенко атындағы шахтада тағы да ірі апат болып, 45 кеншінің өмірі үзілді. Бұл қайғылы оқиғалардың барлығы қауіпсіздік жүйесінің болмауы, техникалардың әбден тозуы, басшылық тарапынан жұмыстың дұрыс жүргізілмеуі салдарынан орын алып отыр. Бұл жолғы жарылыс 700-800 метр терең-дікте болып, оның толқыны екі шақырымға дейін жеткен. Апат орын алған кезде шахтада болған 252 кеншінің 206-сы дер кезінде шығып үлгерді. Ал 46 жұмысшы жер астында қалып қойды. Алдын ала болжам бойынша, оқыс оқиғаға көмір оятын орыннан өрттің шығуы себеп болған. Құтқару жұмыстары күшейтілген режимде жүргізіліп, бүгінде 45 адамның денесі табылды. Бір шахтер әлі де болса іздестіріліп жатыр. Электр қуаты желілерінің зақымдануы мен тау-кен учаскелерінің ұзын болуы, көптеген механизм мен құралдың қирауы, кейбір учаскелерді су басуы жағдайды одан әрі қиындатып отыр. Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының 55 тау-кен құтқарушысы және 15 техникасы жұмылдырылды. Ал жердің үстіне шығып үлгерген 28 азамат облыстағы емдеу мекемелеріне жеткізіліп, оның 24-і ауруханаға жатқызылды. Олар газдан жеңіл және орташа дәрежеде уланған. Қазіргі уақытта ақ желеңділер оларға барлық ем-домды жасауда. Сонымен қатар, дәрігерлер, психологтар мен апаттық құтқару бөлімінің мамандары кеніште жақындарына қатысты хабар күтіп отырған кеншілердің туған-туыстарына да барынша көмек көрсетуде.

Жанға демеу, дегенмен…

Сенбі күні қайғылы жағдай орын алған соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірден Қарағандыға барып, қаза болған кеншілердің жақындарымен жүздесіп, оларға толыққанды көмек көрсетілетінін де жеткізді.

– Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр. Егер қажет болса, арнайы қор ашамыз. Мұнымен өзім айналысамын, – деді Президент. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, қаза тапқан кеншілердің отбасыларына асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады. Ол республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді.

– Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс, – деді Светлана Жақыпова. Сонымен қатар, компания қаражаты есебінен отбасыларға баспана беріліп, моральдық зиян үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем аударылады. Балаларының жоғары оқу орнындағы ақысын өтеп, балалары мен жұбайларын жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі. Несиелерін өтеп, отбасыларына курортқа жолдама беріледі. Жыл сайын көмір үлестіріледі. Кеншілердің отбасыларына материалдық қолдау жасалып, көмектің көрсетілуі дұрыс-ақ. Алайда оның барлығы баланың, әкенің, жардың орнын толтыра алмайтыны анық.

Мемлекет меншігіне қайтарылады

Шахтада жарылыс болғаннан кейін Президент бірден «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Үкімет компанияның акционерлерімен алдын ала уағдаластық жасалып, кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстанның пайдасына беру туралы келісімшарт ресімделіп жатқанын хабарлады. Соңғы күндері кейбір әлеуметтік желілерде шахталар тағы да шетелдік инвесторлардың басқаруына беріледі деген сипаттағы алып-қашпа әңгімелердің тарағаны бар. Мұның барлығы шындыққа жанаспайды. Алдағы уақытта компанияны басқару иелігін мемлекет өз қолына алады.

– Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихы-мыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген, қазір облыс әкімінің орынбасары Вадим Борисович Басин деген азамат бар. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді, – деді Қ.Тоқаев. Өз кезегінде Вадим Басин бірінші кезекте еңбек қауіпсіздігін арттыруға назар аударылатынын атап өтті. Қызметкерлермен жасалған жұмыс шарттары, төлемдер мен әлеуметтік кепілдіктерде ешқандай өзгерістер болмайтынын да алға тартты.

– Бұл бағыттағы жұмыстарды жақсарту тұрғысынан ғана жағдайлар қайта қаралады. Бұл – компанияның әрі қарай жұмыс істеуі және әлеуметтік жауапты болуы үшін қажетті шарт. Ұжымның бірде-бір мүшесі жұмыстан шығарылмайды, ұжымның бірде-бір мүше-сінің құқығы төмендетілмейді, – деді В.Басин. Қарағандыдағы қайғылы жағдай күллі қазақ халқының қабырғасын қайыстырғаны рас. Өзге елдің басшылары да қайғыға ортақ екенін білдіріп, жеделхаттар жолдауда. Кеншілердің өміріне кепіл бола алмаған компанияның басшылығына туған-туыстары мен жұртшылықтың өкпе-назасы да бар. Ендігі бір үміт – кеніштердің қайтадан мемлекетке беріліп, мұндағы жағдайдың дұрысталуы. Біздің басты байлығымыз – адамдар. Олардың өмірін, жұмыс орнындағы қауіпсіздігін сақтау бәрінен де маңызды. Осыны қаперден шығармаған жөн.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

Сурет akorda.kz сайтынан алынды.