Өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары облыс жұртшылығына шынайы ақпаратты дер кезінде ұсынып келеді. Аймақтағы саясатты, әлеуметтік-экономикалық ахуалды оқырман қауымға жеткізетін журналистер қауымы ертең кәсіби мерекесін атап өтпек. Осы орайда облыстық «Saryarqa samaly» мен «Звезда Прииртышья» газеттерінің, Pavlodarnews.kz сайты мен «Halyq radiosy»-ның, «Найзатас» журналының басын қосып отырған медиахолдинг — «Ертіс Медиа» ЖШС қызметкерлері табиғат аясына шығып, бір сергіп, қауырт жұмысқа жаңа күшпен қайта оралды.

Аталмыш медиахолдинг қызметкерлері ақпарат айдынында ауқымды жұмыс атқарып жүр. Оны көзі қарақты көрермен, талғамы биік тыңдарман мен ойы жүйрік оқырман қауым байқайтыны анық. Жыл он екі ай бойы, күндіз-түні соңғы жаңалықтардан құлағдар етіп, сараптамалық-талдамалық материалдарды ұсынатын аталмыш сала өкілдері кәсіби мереке қарсаңында бас қосып, ұйымшылдығын тағы бір мәрте көрсетті. «Forest» демалыс орнында өткен шараға 50-ге жуық қызметкер қатысты. Шараның мақсаты – қызметкерлердің ұйымшылдығын арттыру, бір-бірінің жеке қасиеттерін танып-білу, бірігіп жұмыс жасауға ынталандыру.

«Ертіс Медиа» ЖШС директоры Аида Хамзина барлық қызметкерді мерекемен құттықтай отыра, демалыстың керемет өтуін тіледі.

— Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Ақпарат майданында жүрген баршаңыздың қаламдарыңыздан қасиет кетпей, шабыттарыңыз шарықтай берсін! – деді А.Хамзина.

Әріптестер спорттық сайыстарда 15 адамнан тұратын 3 командаға бөлінді. Әр команданың өз атауы, ұраны, эмблемасы болды.

Конкурстар жеделдікке, шапшаңдыққа бағытталған тапсырмалардан тұрды. Бәсе-келестік рухы, ерекшеленуге деген ұмтылыс командаларды тапқырлыққа итермеледі. Әр команда ерекшелене білді.

Қызыққа толы көңілді эстафета сайысында қызыл киімді қызметкерлерден құралған «Қызыл өрік» командасы 1-орынды, «Хамелеон» жасылдар тобы 2-орынды, ал ақ түстес «Ақсүйектер» командасы 3-орынды қанжығалады. Ал волейбол ойыны бойынша «Хамелеон» командасы үздік шықты. «Қызыл өрік» пен «Ақсүйектер» командасы екінші, үшінші орындарды бөлісті. Сондай-ақ, шахмат, дойбы ойнап, садақ атты.

Бұл ретте тимбилдингтің этностильде өткенін атап өткен жөн. Арнайы тігілген киіз үйде ақ дастархан жайылып, оған ұлттық тағамдар қойылды. Холдинг қызметкерлері ашық аспан астында бауырсақ пісірді. Алтыбақан құрылып, ұлттық ойын дәріптелді. Облыстық «Saryarqa samaly» газетінің қызметкерлері қазақы нақыштағы киімдер киіп, басқосудың сәнін келтірді!

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.