Биылғы жаздың шіліңгір ыстығы қарапайым тұрғын-дармен қатар, жергілікті шаруаларды да біраз әбігерге салды. Әсіресе, жауын-шашынның аз болуы мал азығын дайындау науқанына салқынын тигізбей қойған жоқ. Сондықтан биыл аймақта жоспарланған көлемде шөп дайындау мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Осы орайда облыста шөп шабу науқаны қалай жүргізіліп жатыр? Мал ұстаған ағайын қыстық жем-шөптен тарығып қалмай ма? Жоспарланған көрсеткіштер орындала ма? Осы және өзге де сауалдарға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов жауап берді.
– Есентай Базарбайұлы, биыл облыста мал азығын дайындау жоспары қандай? Қанша тонна шөп қажет?
– 2026–2027 жылдардағы қыстату кезеңіне облыстағы ауыл шаруашылығы жануарларының болжамды саны мен қолданыс-тағы зоотехникалық азықтандыру нормалары негізінде мал азығын дайындау жоспары бекітілді. Биыл өңірде 1 млн 316 мың тонна шөп, 326,5 мың тонна сабан, 112,5 мың тонна пішендеме, 242,1 мың тонна сүрлем және 220 мың тонна жемазық дайындау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, өткен жылдан қалған өтпелі қор да бар. Оның ішінде 225,1 мың тонна шөп, 11 мың тонна пішендеме, 32 мың тонна сүрлем және 28,1 мың тонна құнарлы жем сақталған.
– Қазіргі таңда шөп шабу науқаны қалай жүріп жатыр?
– Облыста мал азығын дайындау жұмыстары 15 маусымнан бері жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін жоспарланған 1 млн 428,8 мың гектар шабындықтың 93,4 мың гектары, яғни 6,5 пайызы шабылды. Нәтижесінде 66 мың тонна шөп дайындалып, жоспардың 5 пайызы орындалды. Орташа өнімділік гектарына 7,1 центнерді құрады. Сонымен қатар, 29,6 мың тонна пішендеме дайындалды. Бұл жоспардың 26 пайызына тең.
– Мал азығын дайындайтын техника жеткілікті ме?
– Қазірде техникаларға қатысты ешқандай мәселе жоқ. Шаруашылықтар қажетті ауыл шаруашылығы техникасын нау-
қан басталғанға дейін толық дайындады. Бүгінде мал азығын дайындауға 1 650 шөп шабатын агрегат, 188 жемшөп жинайтын комбайн және 128 тіркемелі жатка жұмылдырылған. Ал дайындалған мал азығын тасымалдау және жинақтау үшін 2 539 арба мен 854 тиегіш пайдаланылады. Қолда бар техника барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді.
– Ал биыл мал ұстаған шаруалар жем-шөптен тарығып қалмай ма?
– Жоспарланған мал азығы көлемі мен өткен жылдан қалған өтпелі қорды ескере отырып, облыстағы шаруашылықтарды 2026–2027 жылғы қыстату кезеңінде қажетті жем-шөппен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Сондықтан өңірде мал азығының жеткілікті қоры қалыптасады деп күтілуде.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
