Еліміздің мәдени-рухан өмірі тағы бір үлкен өзгеріске бет бұрып келеді. Күні кеше Торайғыров кітапханасында «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры мен Павлодар облысы әкімдігі арасында арнайы меморандум бекітілді.
Павлодар облысы «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолдайды. Торайғыров кітапханасында аталған бірегей ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді. Меморандумға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев қол қойды.
Мұндай бастамалар еліміздің барлық өңірінде жүзеге асыры-луда. Мақсаты – Қазақстан халқын жаппай кітап оқуға шақырып, кітап оқитын интеллектуалды ел, білімді де мәдениетті ұлт қалыптастыру. Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Кітап – ұлттың рухани тірегі, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Кітап оқитын қоғам ғана ойлайтын, ізденетін бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырады. Сондықтан жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру отбасылық оқу мәдениетін дамыту —
барлығымыздың ортақ міндетіміз. Павлодар облысында бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Жақында Павлодар облысы кітап оқу бойынша алғашқы орыннан көрінді, — деді Айгүл Қайыртасқызы.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошевтің айтуынша, республикалық кітап оқу марафоны тамыз айында ресми түрде басталады. Қазір марафонның талаптары мен ережелері бекітіліп жатыр.
— Марафон келесі жылдың наурыз айына дейін жалғасады. Ол жеті санат бойынша жүзеге асырылады. Әр санатқа арналған арнайы кітаптар тізімі бекітілген. Қатысушылар өз бағыты бойынша 15 кітап оқуы тиіс. Кейін нәтижелер сараланып, үздіктер марапатталады. Марафон аясында кітап талқылаулары, авторлармен кездесулер, book-case форматындағы пікірталастар, буккроссинг, әдеби квиздер мен викториналар ұйымдастырылады, –
деді Аян Сакошев.
Былтыр Нью-Йорк қаласында жүргізілген халықаралық зерт-теудің қорытындысына сәйкес, Қазақстан кітап оқу бойынша 105 мемлекеттің ішінде 95-орынға тұрақтаған. Статистика бойынша әр қазақстандық жылына орта есеппен 2,7 кітап оқиды деген тұжырым жасалған. Сонда жылына үш кітапқа да жетпейді деген сөз. Ал дамыған мемлекеттерде бір адам жылына 15 кітаптан артық оқиды. Мысалы, АҚШ халқы жылына 17 кітап оқыса, Ұлыбритания азаматтары 15 кітаптың бетін парақтайды. Ал француздар болса бір жылда
13 кітап оқиды.
Тілеуберді САХАБА.
