Осыдан бір апта бұрын Майқайың кентіне суық су жеткізетін «Екібастұз қалалық су арнасына» қарасты құбырда ақау анықталып, тұрғындарды сумен қамтуда қиындықтар туындаған еді. Бүгінде құбырды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Мамандар жалпы ұзындығы 60 шақырымға жететін құбырдың қатып қалған бөліктеріндегі мұзды жібітуге күш салуда.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байханов өткен апта соңында құбырды қалпына келтіру жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізіп, Майқайың кентінде техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Мұндай шешімді Баянауыл ауданының әкімдігі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында қабылдаған.

— Су құбырының әрбір учаскесінде мамандар қатып қалуы және ауа жиналуы ықтимал тұстарын тексеруде. Мұндай бөліктер анықталған жағдайда ол бу генераторымен жібітілуде. Ал жекелеген учаскелерде құбыр маңындағы топырақты көмір мен ағаш шпалдар жағу арқылы жібіту жұмыстары жүргізілуде, — делінген облыс әкімдігінің мәліметінде.

Ал кент тұрғындарына су төменгі қысыммен жеткізілуде. Яғни, тәулігіне кент тұрғындары орта есеппен 250 текше метр су тұтынады. Тәуліктік су қоры қамтылуы үшін резервуарларға тұрақты түрде 10 техника су тасиды. Ақау толық жойылғанға дейін су құбырын қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізілмек.

Қазіргі таңда барлығы 143 адам және 60 мамандандырылған техника жұмылдырылған. Құбырдың 5 учаскесінде құбырды жылыту жұмыстары жүргізілуде. Анықталған ақауды жою бойынша жұмыстарды жүргізу кезінде барлығы 4,1 шақырымға жуық құбыр жібітілген.

Айта кету керек, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына байланысты «Богатырь-Көмір» АҚ-на су беру уақытша тоқтатылды. Бұл ретте көмір өндірісі зардап шеккен жоқ. Өйткені, оған судың қажеті жоқ. Ал кәсіпорынның шаруашылық қажеттіліктері үшін су жеткізілуде.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде субұрқақтай судың атқылап жатқан, жайылған су иен далада мұзға айналған бейнежазбасы тарады. Бұл бейнежазбаға байланысты көптеген азаматтар енді есепсіз аққан судың құнын тұтынушылар төлеуі мүмкін деген күдік те білдірді. Осы жағдайға байланысты да облыс әкімдігі су құбырында сансыз тесіктің барын жоққа шығарды.

— Бұл — құбырдың жарылғаны емес, судың циркуляциясы үшін арнайы жасалған тесіктер. Құбырдың қатып қалған учаскелері жібітілгеннен кейін бұл тесіктерді дәнекерлеп тастайды. Ал тұтынушыларға ол үшін төлем жасатпайды. Кентке су елді мекенге ең жақын ауылдар Майкөбе мен Бірліктен тасымалдануда, — делінген облыс әкімдігінің мәлімдемесінде.

Ағымдағы аптада Майқайыңды сумен қамтитын құбырдағы апатқа байланысты екібастұз қаласында да техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Естеріңізге сала кетейік, су құбыры «Екібастұз қалалық су арнасы» кәсіпорнына тиесілі.

Кент тұрғындарына хабарласып, қазіргі ахуалды сұраған едік. Майқайыңның байырғы тұрғындарының бірі, 1984 жылдан бері осында тұратын Алтын Жүсіпова тоқсаныншы жылдардан бері мұндай жағдай көрмегенін айтады.

— Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары кентіміздегі кен байыту комбинаты қараусыз, иесіз қалып, барлық құбырлар қатып, орталықтандырылған жылусыз, сусыз қалған едік. Ол кезде көпқабатты үйлерде де пеш жағып, суды флягамен тасыдық. Кейін кәсіпорынға жаңа қожайын келіп, барлығын қалпына келтіріп берген еді. Содан бері жылудан, судан таршылық көрмей, тіршілік кештік. Биыл не болғанын біле алмай отырмыз. Мұндай аяз, тіпті одан да қатты аяз бұрнағы жылдары да болды. Сонда қатпаған құбырдың дәл биыл қатып қалғанына таңбыз, — дейді Алтын Жүсіпова.

Айтуынша, өзі кенттің төменгі жағында үш қабатты үйдің екінші қабатында тұрады. Осы төменгі бөлікте ақау орын алғаннан бері су сыздақтап ағуын тоқтатқан жоқ, дейді. Ал елді мекеннің жоғарғы жағында тұратын тұрғындар он күнге жуық судың машақатын көріп отырғанын айтады. Себебі, онда су көлікпен тасымалдануда. Құбырмен су келмеген соң көп қабатты үйлердің тұрғындары үшін үлкен қиындықтар туындауда. Ең бастысы, жылу үздіксіз беріліп тұрғанына риза. Ол үшін кенттегі резервуарды үздіксіз суға толтыруға мән берілуде.

Майқайың кентінің әкімі Ербатыр Молдатаевтың мәлімдеуінше, тұрғындарды сусыз қалдырмаудың барлық амалдары жасалуда.

— Су күн сайын тасымалдануда. Жылу орталығының тәуліктік қажеттілігі 200 текше метр, одан бөлек тұрғындардың тұтынатын су мөлшері шамамен 400-600 текше метр. Су жіберу қысымы төмендетілуіне байланысты үйлердің 4-5-қабатына су жетпейді. Сондықтан, 3 су таситын көлік аулаларды аралап, тұрғындарды сумен қамтып отыр. Одан бөлек, әкімдікте тәулік бойы байланыстамыз. Су жеткізу кезінде үйінде болмаған азаматтар немесе қалып қойған мекенжайлар болса, хабарласса, су жеткізіледі. Алғашқы күндерден қарағанда қазіргі таңда жұмысымызды біршама реттеп алдық. Орталық сорғы станциясында да судың деңгейін көтеру мүмкін болды, — дейді кент әкімі.

Әлеуметтік желіде кейбір тұрғындар құбырдың қатуы кен байыту комбинаты жұмыс ауқымын азайтып, сәйкесінше суды аз мөлшерде тұтына бастауынан деп топшылауда. Әлбетте, бұл — тек болжам. Мәселенің мән-жайын алдағы уақытта мамандар анықтар деген үміттеміз. Әзірше, құбырдың нақты қашан қалпына келтірілетіні белгісіз. Бастысы, неғұрлым жылдам жөнделіп, тұрғындар судан тапшылық, салдарынан тұрмыста жайсыздық сезінбейді деп сенеміз.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.