Бүгінде еліміздегі тұрғын үй кезегінде тұрған адамдардың баршасы тезірек үй алуды мақсат ететіні айдан анық. Алайда тұрғын үй кезегі ұзақ жылдарға созылып, жылжымайтыны тағы бар. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында жаңа тұрғын үй бағдарламасын, оның ішінде ауылдар мен аудан орталықтарының тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасын іске қосу қажет екендігін атап өткен болатын. Бұл мәселе Мәжіліс деңгейінде де қаралып, бірыңғай зейнетақы қорының ақшасына тұрғын үйлерді 90 жылға жалға беру ұсынылды. Егерде бұл ұсыныс мақұлданатын болса, көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселе шешімін таба ма? Аталған мәселені «Алаңның» талқысына салып көрдік.
Ерлан СТАМБЕКОВ, Мәжіліс депутаты, (пікір интернеттен алынды):
— Бұл ретте еліміздегі халық саны қазірдің өзінде 20 миллион адамға жеткенін, ал кезекте тұрғандар саны соңғы үш жылда 480 мыңнан 640 мың адамға дейін өскенін атап өткім келеді. Бұл тұрғын үй несиесінің жыл сайын 15 мың пәтер және жалдамалы тұрғын үйге 9-10 мыңға жуық пәтер берілетінін ескереді, бұл — жалпы алғанда 25 мыңға жуық пәтер. Осындай қарқынмен бірнеше жылдан кейін 25 мың пәтер болады. Кезекте тұрғандар саны 1 миллион адамға жетеді. 2022 жылдың аяғында республикада тұратын бір адамға тұрғын үй көлемі 23,4 шаршы метр еді. Бұл көрсеткіш қазірдің өзінде БҰҰ стандарттарынан айтарлықтай төмен. Себебі, бір адамға 30 шаршы метр болу керек.
Осы сәттен бастап әрбір сингапурлық ай сайын табысының 20 пайызын сол жерге аударуға міндетті. Осы соманы жұмыс беруші ай сайын оның шотына аударып отырады. Бұл жарналар бірігіп, еңбекақы қорының 40 пайызына тең қомақты сомаға жетеді. Сингапур халқының 80 пайыздан астамы тұрғын үй кеңесі салынған пәтерлерде тұрады, 2021 жылы мұндай пәтерлердің саны шамамен 1,1 миллионға жетті. 30 жылдық тәжірибесі бар елімізде бұл мәселені шешу үшін ресурстар мен тетіктер жеткілікті. Осылайша, аталған жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыру халықтың ынтымағы негізінде және республикалық бюджеттен шығынсыз бірыңғай зейнетақы қорының қаражатынан өтеу құқығымен 40 жылдан 90 жылға дейінгі мерзімге ұсынылуы мүмкін.
Еркеғали ЖАНҒАЗЫ, «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
— Әрине, Қазақстан Үкіметі мұндай үлкен істі қолға аларда алдымен шетел тәжірибесіне жүгінетіні анық. Содан болар, Сингапур еліндегі зейнетақы қаржысын жұмсау тәжірибесі қызу талқылануда. Дегенмен, бұл тәжірибеге сын айтушылар да жоқ емес. Неге? Бұл елде де зейнетақы жинағына тұрғын үй және оқудың ақшасын төлеу үшін қордағы ақша белгілі бір шекке жетуі қажет. Экономистердің сөзінше, Сингапурда зейнетақы қорына аударылатын қаржы кәдімгі, арнайы және медициналық деп аталатын үш есепшотқа салынады. Аталған елдің адамдарының жалақысынан зейнетақы қорына біздегідей 10 пайыз емес, үш есе көп ұсталады. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанда орташа жалақы мөлшері шамамен 150 мың теңге болса, Сингапурдағы орташа айлық 1 млн теңгеден асады. Яғни, сингапурлықтардың шектік сомаға жетуге мүмкіндіктері мол. Ал бізде ше?
Елімізде жиырмаға жуық ипотекалық бағдарлама түрі бар. Бірақ жеңілдетілген шарттармен алуға болатыны сау-
сақпен санарлық. Мәселен, жақында бастау алған «Ертіс жастары» бағдарламасына мысал келтірсек болады. Жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін несиені 19 жылға дейін ресімдеуге болады. Ондай бағдарламаға ілігу екінің біріне бұйырмайды.
Егерде халықтың өмір сүру деңгейіне сәйкес төмен пайыздағы бағдарламалармен тұрғын үйлер берілетін болса, онда бірыңғай зейнетақы жүйесіндегі қаржыны пайдалануға болады.
Әсел ОРАЗЫМБЕТОВА, Павлодар қаласының тұрғыны:
— Баспаналы болу – әр адамның басты арманы. Әрине, қазіргі уақытта үй алудың түрлі жолдары бар. Мемлекет те бұл жағынан түрлі жеңілдіктер қарастырған. Дегенмен, облыс, аудан орталығынан, мегаполис қалалардан пәтер алу әлі де болса оңай шаруа емес.
Өзімнің үй кезегінде тұрғаныма 6 жылға жуық уақыт болды. Жыл сайын кезектің жылжып жатқанына қуанып, «үйлі болып қаламын ба?» деген үмітпен жүремін. Алайда үй кезегіне қосылып жатқан адамдардың тізімін көріп, бекерге үміттеніп жүрмін бе деп ойланып қаламын. Өйткені, олардың арасында әлеуметтік осал топтардағы адамдар мен көпбалалы аналар бар. Ал оларға үй бірінші кезекте берілетіні сөзсіз. Сондай-ақ, кезекке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде атында тұрғын үй болмауы қажет деген талап бар. Ал атында үйі бар адамдар кезекке тұру үшін иелігіндегі үйін сатып қайта кезекке тұрады. Бұл үй алу мерзімінің ұзаруына себеп болады.
Ал зейнетақы жүйесіндегі жиналған қаражатқа тұрғын үйді жалға алу ұсынысына келсек, меніңше, орынсыз пікір секілді. Өйткені, кез келген адам бірыңғай зейнетақы жүйесіне болашағын ойлап қаржы жинайды. Келешекке деп жинаған қаржысын бүгінде үйіне салатын болса, ертең жағдайы қандай болмақ? Сондықтан бұл ұсыныс халық үшін тиімсіз.
«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.