Бейсембай Кенжебаев – Павлодар өңірінің «Кеңес туы» газетінің бастауында тұрған тұлға, облыстық газеттің алғашқы бас редакторы. 1929 жылы 15 ақпан күні дәл осы әйгілі публицист ғалымның ұйымдастыруымен қазіргі «Saryarqa samaly» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Естеріңізде болса, 2021 жылы қазан айында редакцияның ғимаратында Бейсембай Кенжебайұлының мемориалдық тақтасын орнатқан болатынбыз. Міне, Алматыдан тағы бір қуанышты жаңалық жетті. Әйгілі журналист-ғалымның ұзақ жыл бойы тұрған үйінің сыртынан ескерткіш тақта орын алыпты. Бұл рәсімге бізді филология ғылымдарының докторы, жазушы, Б.Кенжебаевтың шәкірті Құлбек Ергөбек ағамыз арнайы шақырса да, өкінішке қарай, барып қатыса алмадық. Дегенмен, ұлт ұлына деген тағзымтақтаның ашылуынан мақаланы ұсынуды жөн көрдік. Себебі, бұл — басылымның тарихы.
Редакция.
Әдебиеттануда елеулі мектеп қалыптастырған біртуар ғалым, белгілі ұстаз Бейсембай Кенжебайұлы – ұлт руханиятының биік тұғырынан орын алатын тұлға. Ұлт мұратын өмірлік ұстанымы етіп, қазақтың әдебиеттану ғылымына қиын кезеңде қасқайып қызмет еткен профессордың ғылым кеңістігіндегі орны уақытпен бірге биіктеп, асқақ тартып келеді. Қазанның 13 күні Алматы тұрғындары көрнекті ғалым атын ардақтаудың тағы бір жарқын көрінісіне куә болды. Ғалымның өзі 25 жыл тұрған Мұқан Төлебаев көшесіндегі №154 үйдің қабырғасына тағзымтақта орнатылды.
Аяулы ғалым тәрбиелеген шәкірттерінің өнерге адалдығы, артында қалған байтақ мұрасының өміршеңдігі, өнегелі өмір жолын баяндаған естеліктер мен еңбектердің жарыққа шығып, оған деген құрметті оята түсуі күрескер ғалым есімінің ешқашан көмескі тартпайтынын көрсетсе керек. Ескерткіш-тақтаның ашылуына қолдау көрсеткен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков бастаған зиялы қауым өкілдері, ғылымдағы ізбасарлары мен туған-туыстары төрт қабатты үйдің төңірегіне топталып, ғалымның күрделі өмірі мен әдебиеттанудағы іргелі ісі туралы толғамды естеліктер тиегін ағытты. «Бүгінгі айтулы оқиға шағын шоғырдың ортасында өткенімен, осынау шараның маңызы аса зор. Кешегі тілден де, тарихи жадыдан да айыруды көксеген орталықтың озбыр саясаты үстемдік құрған, бодандықтың құрсауына енді қайтып босай алмастай болып енген тар заманда қазақ әде-биеттану ғылымының саңлағы, рухы биік өр тұлғасы Бейсембай Кенжебайұлы ғажап ерлік көрсетіп, еңсесі төмен, жүзі пәс халықты өзінің шынайы тарихымен таныс-тырып, табыстырды. «Сендерде тарих болмаған» деп тұқыртып, бұратана елге айналдырудың барлық амал-айласын жүргізген тұста әдебиетіміздің тарихын сонау көк түріктің заманына апарып бір-ақ тіреді. Идеологиялық тұрғыдан алғанда, иісі қазақ тек осы ерлігі үшін ғана Бейсембай Кенжебаевтың алдында қарыздар. Алмағайып уақытта ғалымның атқарған ісі қылышынан қаны тамған империалистік кезең түгілі тәуелсіз Қазақстанның өзінде оңайлықпен шешімін таба алмайтын қиын шаруа. Кеңестің заманында қабырғасын бір-бірден қақыратып сөксе де, қабағын шытпайтын нағыз ердің қолынан ғана келетін ерлік іс ешқашан ұмытылмауы керек. Халқы үшін рахаттан безініп, ғазиз басы кезең сайын қудалауға ұшырап отырса да, ұлт мұраты жолында шегінбегенін ұрпақ білуге тиіс. Тап осы сәтті ғалымның атын асқақтатуға, тұлғаны тануға бағытталған келешек ірі істің алғашқы қадамы деп қабылдайық», деді Арман Қырықбаев. Өткен күнді еске алған жазушы Дулат Исабеков: «Бауыржан Момышұлы бір кездесуде «Сендер мені батыр дейсіңдер, нағыз батыр – мен емес, Бейсембай Кенжебаев. Біз соғыста жүрдік, соғыста қаласаң да, қаламасаң да, шабуылға шығасың, атасың, тірі қаларқалмасың неғайбіл. Ал Бейсекең бейбіт күнде, қатер төніп тұрғанын біліп тұрып басын бәйгеге тікті. Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге бар ғұмырын арнаған нағыз қаһарман – Бейсембай Кенжебаев!» деп ардақты ұстазының табандылығын, қажырлы мінезін сипаттайтын тамаша естеліктерін толғады. Тағзымтақтаны орнату туралы ой тастап, игілікті істі ұйыстырып, жұмыла атқаруға жанашырлық танытқан филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбекұлы ұстазы туралы «Бейсембай Кенжебайұлы» және «Бейсембай Кенжебайұлы лабораториясы» атты қос бірдей кітаптың жарыққа шыққанын сүйіншіледі. Іс-шара аясында жаңа жинақтардың жібек бауы кесілді. «Егер Бейсембай Кенжебайұлы болмаса, біздің түрік қағанатынан бергі ұлы рухани мұрамыз әдебиет тарихына енбеген болар еді. Егер Бейсекең болмаса, қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетіміздің кешегі кеңестік кезеңдегі әдебиетке қосылуы мүмкін емес еді. Егер Бейсекең болмаса, бүкіл түркі халқының «Едіге батыр» эпостық жыры өз уақытында тарихтан орнын алмаған болар еді. Егер Бейсембай Кенжебайұлы болмаса, Алаштың ұранын жазған Сұлтанмахмұт Торайғыров әдебиет тарихындағы қастерлі орнынан айрылып, бүгінгі алаштықтармен бірге енді ғана ақталып жатқан болар еді. Осының бәрін сақтап қалған, қорғап қалған, мұқалмас жігері мен табанды еңбегінің арқасында рухани-ғылыми айналымға енгізген Бейсембай Кенжебайұлы еді. Кеш те болса, өз орнын тапқан мынау тағзым тақта осындай қыран жүрек адамға арналып отыр», деп сөзін түйіндеді ғалымның шәкірті, профессор Құлбек Ергөбек.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
Алматы.