Облыс орталығында жылдамдықты интернет желісіне қосылуға мүмкіндік беретін 5G интернет жүйесі қосылды. Оны қолдану үшін телефонның техникалық әлеуеті жеткілікті болуы шарт. Яғни байланыс құрылғысы неғұрлым жаңа болса, соғұрлым жылдамдықты интернет желісін пайдалану мүмкіндігі артады.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев мәлімдеді.

–  Облыс орталығының 11 мекенжайында 5G жүйесі орнатылды. Енді Ломов көшесі, 1, Елгин көшесі, 47, Целинная көшесі, 91, Лесная көшесі, 5, Солтүстік өндірістік аймағы, 17/23, «Сарыарқа» қонақ үйі, Катаев көшесі, 97, Ломов көшесі, 135, Репин көшесі, 46, Қамзин көшесі, 57, Торайғыров көшесі, 64 үй тұрғындары жаңа жүйенің мүмкіндігін пайлана алады, – деді Е.Өтебаев.  Жаңа жүйені қосуды қаламайтын тұрғындар да табылған. Химқалашық ықшам ауданының біріндегі үйдің тұрғындары 5G денсаулыққа зиян келтіреді деп жаңа жүйені қосуға қарсы болған.

– Жүйелерді орнату барысында мұндай жағдайлар ескеріледі. Себебі тұрғындар келіспеген жағдайда жүйені орната алмаймыз. Олар жаңа жүйе денсаулыққа зиян деп біледі. Шындығында оның ешқандай зияны жоқ, – деп атап өтті басқарма басшысы. Елнұр Өтебаевтың айтуынша, 5G қолданушыларға жоғары жылдамдықты интернетке қосатын артықшылығымен қатар кемшіліктері де бар.

–  Жеке тәжірибемде қолданып көргенімде, бірнеше кемшілігін байқадым. Мәселен, жоғары жылдамдықты интернетті пайдалану шығынды көбейеді. Яғни интернет трафиктің жүктемесі артады. 5G жүйесінің тағы бір кемшін тұсы телефон қуатын көп шығындауында, – деді Е.Өтебаев.  Теле2 және Ксеll операторларының мәліметінше, жыл соңына дейін тағы 12 орын іске қосылмақ. Биыл жазда Ertis Promenade сахнасының жанында 4 Wi-Fi кіру нүктесі орнатылды. Алайда, жабдықтың мүмкіндігі жоспарланғаннан бірнеше есе әлсіз болып шыққан. Қалыпты интернетті қамтамасыз ету үшін оны ауыстыруға тура келді. Павлодарлықтарға жағалауда тегін Интернетке қол жеткізуді ұйымдастыруға уәде берілгеніне 1 жылдан асты. Өткен жылы «Қазақтелеком» АҚ демеушілік негізде жобаны қолға алатыны туралы хабарланған болатын. Уәде етілген аталмыш жоба биыл іске асырылды

– «Қазақтелеком» төрт қолжетімділік нүктесін – тегін Wi-Fi орнатты. Өкінішке орай, жазда жағалаудағы концерттер кезінде жабдықтың жүктемеге төтеп бере алмайтынына көх жеткіздік. Бір Wi-Fi терминалы шамамен 4 мың пайдаланушыны, 4 құрылғы 16 мың пайдаланушыны қамтуы тиіс еді. Ал терминал 1000 пайдаланушының жүктемесіне төтеп бере алмады. «Қазақтелеком» мамандары техникалық ақауларды анықтап, келесі жылы мұндай мәселелерге жол берілмейтінін айтты. Олар жабдықты ауыстыру қажет болды, оны ауыстырған соң Wi – Fi іске қосылды, – деді Е.Өтебаев. Желтоқсан айының соңына дейін жағалаудағы тегін Wi-Fi желісіне қосылу мүмкіндігін пайдалануға болады. Келесі жылы қайта келісімшарт жасап, қаржы бөлу қажет. Сондай-ақ циярлық технологиялық басқармасы Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларындағы саябақтар мен кітапханаларда тегін Wi-Fi орнату мүмкіндігін қарастыруда. Кітапханаларға қолжетімділік нүктелерін орнатып, жастарды тарту жоспарлануда. Тегін Wi-Fi тек қалаларда ғана емес, 119 ауылда да ұйымдастырылады. Мектептер мен жергілікті мәдениет үйлерінде қолжетімділік нүктелері орнатылады. Шалғайдағы интернет жоқ және талшықты созудың техникалық мүмкіндігі жоқ  21 ауылдық мектепте Илон Масктың «Старлинк» компаниясының спутниктік интернеті пайда болуы мүмкін. Ай сайынғы төлем 200 долларды құрайды. Бұл мүмкіндікті шаруа қожалықтары мен мектептер пайдаланады деп күтілуде.

Т.ӘБІЛДА.