Тәрбие талбесіктен басталады. Отбасынан тамыр алатын бала тәрбиесіне ата-ана бірдей жауапты. Яғни, жас ұрпақтың бойына ізгілік дәнін себу, жақсы қасиеттерді сіңіру, сапалы білім алуына жағдай жасау, үлгілі ортаға түсуіне ықпал ету – ата-аналардың міндеті. «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының басшысы Хызыр Жанарыспен осы және өзге де өзекті мәселелер туралы сұхбаттасқан едік.
— Алдымен «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің негізгі мақсаты жайлы айтып өтсеңіз…
— Осыдан екі жыл бұрын тұсауын кескен «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігі отбасы құндылық-тарын насихаттау, ата-аналардың отбасындағы және қоғамдағы жауапкершілігін арттыруды көз-дейді. Осы бағытта ата-аналардың психологиялық-педагогикалық білімін арттыру арқылы қолдау көрсету – басты мақсат. Қоғамдық бірлестікті құрылтайшы Нұркен Жарылғапұлы Асанов қаржыландырып отыр. Павлодар облыстық филиалының өкілдері қалалар мен ауылдарды аралап, ата-аналармен кездесулер, түрлі шаралар ұйымдастырып, қордың басым бағыттарымен таныстырып, жасөспірімдердің өмірге көзқарастары, т.б. өзекті тақырыптарда әңгіме өрбітеміз. Әлімжеттік, зорлық-зомбылық, т.б. келеңсіз жағдайлардың көбею себептерін талқылаймыз.
— Бірлестіктің облыстық бөлімшесі атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталсаңыз…
— Жалпы, «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің облыстық бөлімшесі барлық аудандарда болып, тұрғындармен кездесулер өткізіп, жүйелі жұмыстар жүргізуде. Балалар мен жасөспірімдер тәрбиесінде ата-аналарды толғандыратын тақы-рыптарда отырыстар ұйымдастыру игі дәстүрімізге айналды. Мәселен, Павлодар ауданы Заря ауылы мектебінде ата-аналармен зорлық-зомбылықсыз өмір тақырыбында әңгіме өрбітіп, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік, рухани әлсіздік, күйзеліс мәселелерін талдадық. Ертіс ауданының Павлодар қаласынан 260 шақырым қашықтықтағы Ресейдің Омбы облысымен шекаралас Қараағаш ауылына барып, ұлттық құндылықтарды сақтаған қарапайым ауыл азаматтарымен де мәнді мәжіліс құрдық. Шарбақты ауданы Жылыбұлақ ауылының тұрғындары да кездесу барысында кері байланыс жасап, жақсы пікірлер айтты. Ат басын тіреген әрбір ауданда отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында ойларымызды ортаға салып, пікір алмастық. Сондай-ақ, Ақсу қаласына қарасты және Аққулы ауданының барлық ауылдарына барып, жұмыс жүргіздік. Облысымыздың Железин, Тереңкөл, Успен, Шарбақты, Баянауыл, Ақтоғай аудандарының көптеген ауылдары қамтылды.
— Облысымызда қоғамдық бірлестіктің бастамаларына қолдау танытып отырған мекемелер бар ма?
— Әрине. Барлық білім беру мекемелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктер, білім, ақпарат және қоғамдық даму басқармалары, полиция департаменті т.б. қолдау танытып отыр.
Айталық, «Адамның үйлесімді даму ұлттық институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, аталған бағыттарда нақты жұмыстар жүргізілуде. Тікелей білім министрлігіне бағы-натын осы мекемеде біліктілігін арттыру үшін арнайы курста оқитын мамандарымен кездесулер алдағы нәтижелі жұмыстың басы деп білемін. Біліктілік арттыру курсына келген мектеп басшылары, олардың орынбасарлары, психолог мамандармен тікелей байланыс орнатып, ортақ мүдде – балалар тәрбиесінде маңызды мәселелерді бірлесе талқылап, шешімдерін бірге қарастырамыз.
«Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» коммерциялық емес қоғамның курстарында білімін арттыруға келген мұғалімдерге қоғамдағы зорлық-зомбылықтың көбею себептері, саналы мәдениетті отбасы үлгісі, ата-анамен тұрақты байланыста болу және жұмыс жасау жолдары тақырыптарында тренингтер ұйымдастырылады.
— «Болашақ жеңімпаз» жобасы туралы кеңірек айтып берсеңіз…
— Бұл – «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық бөлімшесінің жобасы. «Болашақ жеңімпаз» жобасына 16-23 жас аралығындағы «Жас қанат», «Жас дәурен», «Жас ұрпақ» үйлерінің балалары қатысады. Оның мақсаты – ата-анасынан айырылып, қиын жағдайға тап болған балалардың өмірде өз жолдарын табуына жөн сілтеп, жол көрсету. Осы балалардың бойына сенімділік ұялатып, әке орнына әке, ана орнына ана бола алатын жанашыр, мейірімді жандар болуы маңызды. Сондықтан «Сенімен болашақ» бірлестігінің жанашыр мүшелері осы балаларға өкіл әке, өкіл ана атануға бел буды. Жақында өкіл ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін «Жастар үйінің» балаларымен бірге Баянауыл баурайында болып, Торайғыр көлі мен Торайғыр тауларына саяхат жасап қайттық. Демалуға 10 ата-ана, 97 бала барды.
Балалар жақынырақ танысып, бауырмал болуы үшін волейболдан турнир, т.б. шаралар ұйымдасты-рылды. «Болашақ жеңімпаз» жобасына қатысушы балалар ризашылықпен қуаныштарын бөлісе бастады. Балалар үйінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелдерде ашық әңгімелер айтылды. Жанашыр сарапшылар кеңесінің мүшелерінің қатысуымен өткен шынайы әңгіме барысындағы балалардың көңіл-күйін, сезімін айтып жеткізу мүмкін емес. Өскелең ұрпақтың тәрбиесі үшін тамшыдай болса да үлес қоссам деген әрбір адам қатарымызға қосыла алады. Ізгі қоғам отбасынан басталады.
— Бала тәрбиесіндегі әкелердің рөліне тоқталып өтсеңіз…
— Әке институтын дамыту – еліміздегі отбасылық саясаттың басым бағыттарының бірі. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Бірлестік дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттап, бала мен әкенің арасындағы қарым-қатынасын нығайту, бала тәрбиесіне деген әкелердің көзқарасын кеңейту, отбасында және бала тәрбиесінде әкелер мен ер-азаматтардың мәртебесін көтеру, қоғамда әкенің рөлін арттыруды мақсат тұтады. Сондықтан «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі отбасының асыраушысы, қамқоры, тірегі – әкелердің қоғамдағы беделін көтеруге зор мән беріп отыр. Осы орайда қоғамдық бірлестіктің ұйытқы болуымен елімізде тұңғыш рет әкелер ұйымы құрылды. Түрлі саланың өкілдері, әртүрлі мамандық иелері – әкелер қауымы бір диалог алаңында жинап, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылап, әкелер институтын дамыту, қоғамдағы зиянды әрекеттерден баланы қорғау, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында әкелер форумы ұйымдастырылды. Облыстық бөлімшенің құрамына енген 80 өкіл әке жетім балаларды бауырына тартып, қанатының астына алуға, жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
— Балаларды тәрбиелеу неліктен қиындап кетті?
— Тәрбие отбасынан басталады. Балалардың жақсы адам болып қалыптасуында әке-шешенің орны ерекше. Тәрбиеде ең бастысы алға шығып кеткен материалдық қажеттіліктердің алдына моральдік құндылықтарды қою. Ол үшін балалармен көбірек әңгімелесіп, олардың жандүниесіне терең үңілу қажет. Сонда күні-түні гаджетпен отырып, басқа әлемде «жүрген» бала ашылып, ішкі сырымен бөлісе бастайды. Яғни бала ата-анасының қамқорлығын сезіне түседі. Кейбір жұмысбасты ата-аналар балаларына қажетін алып берсем, сол жеткілікті деп ойлап, рухани жылу беру керектігін естен шығарып алады.
Бүгінгі балалардың түсінігі де әртүрлі. Олар армандауды білмейді. Әдемі киім алғысы келсе, қымбат телефон ұстағысы келсе бір-ақ ауыз сөзі жеткілікті. Ата-анасы несиеге болса да бірден алып береді. Неге? Бірі жұрттан кем болмасын десе, енді бірі қалауын орындамаса баласы бірдеңеге ұрынып қала ма деп қорқады. Ондайды «әпербақан» дейді.
— Бұған не себеп болуы мүмкін?
— Балалар әлеуметтік желіге еліктейді, одан тыс өмірді елестете алмайды. Олар ұлттық және адами құндылықтарды керек етпейді. Бәрін ақшамен өлшейді. Рухани байлықты материалдық дүниеге ауыстырып жіберген. Таяуда Ақсу қаласындағы мектептердің бірінде 8, 9-сынып оқушылары арасында тренингтер өткіздік. Балалар бірден байып кетуді, керемет жұлдыз болуды армандайды. Инстаграм арқылы тез ақша табуды ойлайды. Көпшілігі осындай ойдың жетегінде жүр. Мұндай балалар үшін айналадағы өмір мүлде қызық емес. Оқуға да ынтасы жоқ. Сатылай өсуді ойламайды. Тезірек жұлдыз болуды аңсайды. Жастардың психологиясы тезірек баюды қалайды. Қымбат киім киіп, мықты көлік мініп алсам дейді. Қазіргі балалардың ойлау жүйесі жылдам. Бес жастағы баланың өзі смартфонды ары-бері ақтарып, ересектер білмейтін дүниелерді өздігінен меңгеріп алады. Инстаграмнан керегін тауып алып, осыны алып бер деп тұрады.
— Сізді не алаңдатады? Жалпы, баланы қалай тәрбиелеген жөн?
— Қазіргі уақытта әлімжеттік көбейіп барады. Көшеде екі бала төбелесіп жатса, үшіншісі оларға араша түсудің орнына қызықтап видеоға түсіріп мәз боп тұрады. Бұл – алаңдатарлық мәселе. Қоғамда мейірімділік, жанашырлық жетіспейді. Жастарды тәрбиелеу үшін аға буын оларға жан-жақты үлгі көрсете білуі керек.
Балаға отбасында ата-анасы үлгі-өнеге көрсетуі қажет. Ата-ана лайықты тәрбие бермеген соң баланы сөгіп қажет емес. Бала тәрбиесінде ұрысу, ұрып-соғуға жол жоқ. Балаңыз ренжіткен кезде өзінің қателік жасағанын түсінуі үшін баланың өзі уайымдап қалатындай әрекет ету керек. Смартфондар мен гаджеттерін қолынан тастамайтын балалармен көбірек тілдесу керек. Сұрағанын алып берсем болды деген дұрыс емес. Қалағаны көп ұзамай қолына тиетінін білгендіктен қазір балалар армандаудан қалды. Бұрын велосипед алуды армандаған бала оны алуға тірнектеп ақша жинайтын. Қазір ата-аналары бірден сұрағанын алып бере салады. Баланы дайынға үйретпей, өздігінен өмір сүре алатындай етіп тәрбиелеу керек.
— Түйінді мәселелердің туын-дау себебі және шешімі неде деп ойлайсыз?
— Қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайлардың бәрі отбасы тәрбие-сінің дұрыс болмауынан болып отыр. Жұрттың бәрі күнделікті күйбең тірлікті күйттеп, бас көтере алмай жүр. Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы жиілеп кетті. ЮНИСЕФ бойынша Қазақстан суицид және отбасылардың ажырасуы бойынша сегізінші орында. Бұл адами құндылықтар соңғы орынға түсіп, қоғамды рухани дағдарыс жайлауы салдарынан болып отыр. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін тұрғындармен тікелей кездесіп, санасына сілкініс жасап, енжар-лықтан ояту керек.
Сондықтан қалалар, ауыл-аудандарда ата-аналармен жұмыс жасап, оларға қоғамдық проблемаларды шешу үшін қолұшын берудеміз. Қарапайым тұрғындарға түйінді мәселелерден шығу жолдарын айтуды мақсат тұтамыз. Осы ретте, ұлт жанашырлары да ел арасына шығып, қазақ ұлттық дәстүрлерін дәріптеп, ана тілін қадірлеудің маңыздылығы туралы ой қозғаса, халықтың санасын оятып, серпіліс жасар еді.
Күйбең тіршіліктің соңында өмір жанталаспен өтіп жатыр. Ауылдықтар егіні мен малына алаңдаса, қалалықтар күні-түні жан бағудың қамында. Алайда құлдырап бара жатқан рухани құндылықтарды естен шығармаған жөн. Еліміздің жарқын болашағы үшін балалар мен жастардың рухани тәрбиесіне зор мән беру керек. Олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру үшін халықты тез арада оятуымыз керек.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан — Торғын ОРАЗАЛЫ.