Елдің өркендеп, халықтың әл-ауқаты жақсаруы үшін мемлекеттік қазынадан қарастырылған қаражаттың әр теңгесі тиімді жұмсалуы тиіс. Теңге түгілі тиынның да сұрауы бар. Оның діттеген мақсатқа жетіп, шын мәнінде игілік әкелуін қадағалау – құзырлы органдар құзіретіндегі іс. Осы салада ұзақ жыл бойы бар білім-біліктілігін сарп етіп, адал қызмет етіп келе жатқан Раздық Уахитұлы Ораловтың еңбегі ерен.

Заманауи талаптарға сай тұрғын үйлер, жаңа үлгідегі әлеуметтік нысандар, тақтайдай тегіс жолдар, жылумен, сумен қамтитын инженерлік желілер және тағы басқа ауқымды жобалар – мемлекеттің «қалтасынан» шыққан қаржыға атқарылатын игі істер. Сол себепті қазынадан қарастырылған қаражаттың тиімді пайдаланылуы – басты мәселе. Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттік мекемелер сол қаржылай мүмкіндікті қалт жіберіп, тиімді пайдалана алмай, пайданың орнына зиянын тигізіп жатады. Енді бірі «Қолда барда қонышынан бас» дегенді «ұстаным» етіп, қазынаның қаржысына ауыз салуды ойластырады. Осындай әрекеттердің алдын алып, оларға тұсау салу үшін тексеру комиссиялары жұмыс істейді.

Бұл ретте қаржыны бақылау, тексеру саласында 30 жылға жуық еселі еңбек етіп келе жатқан Раздық Ораловтың қызметін ерекше атап өтуге болады. Білікті маман қаржының оңды-солды шашылуына жол бермей, тек бөлінген бағытына қарай пайдаланылуын басты назарда ұстайды.

Раздық Уахитұлы 1960 жылы 3 шілдеде Ермак ауданы Калинин совхозының үшінші бөлімшесінде (қазіргі атауы – Бөріктал) дүниеге келген. Әкесі Уахит Оралов 1959-1962 жылдары Калинин ауылында есепші болып еңбек етті. 1962 жылы Қарағанды партия мектебінде 3 жыл күндізгі бөлімшесінде оқып, 1965 жылы оны ойдағыдай аяқтап, Қызылжар совхозына партия хатшысы болып тағайындалды.

Раздық ағаның балалық шағы әкесі қызмет етіп, маңдай терін төккен Қызылжар елді мекенінде өтті. Осы ауылдағы мектептің табалдырығын алғаш аттап, білім алды. Мектеп қабырғасында алғыр болғаны соншалық, өлең жолдарын бір оқығаннан-ақ жаттап алып, қазақ тілі мен әдебиеті пәніне деген ықыласы ерекше болған. 1977 жылы Приозерный мектебін тәмамдаған соң әке жолын қуып, есепші мамандығын таңдады. Сөйтіп, 1982 жылы Павлодардың есеп-экономикалық техникумын аяқтап, еңбек жолын өсіп-өнген Қызылжар совхозында инженер–техникалық бақылаушы болып бастады.

Араға екі жыл салып жолдамамен Алматы халық шаруашылық институтына түсіп, 1989 жылы оны ойдағыдай тәмамдады. Сол жылдың тамыз айында Ермак ауданы Потанин совхозына бас экономист болып орналасты. 1995 жылдың соңында совхоздар жекешелендірілген соң жұмыс орнын ауыстыруға тура келді. Сол уақыттан бері Павлодар облысы бойынша қаржы бақылау, тексеру комиссиясында жоғары лауазымды қызметтерді атқарды. 2005-2011 жылдар аралығында Павлодар ауданының қаржы бөліміне жетекшілік етті. 2019 жылдан бүгінгі күнге дейін Павлодар облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі болып жұмыс істейді.

Осы орайда Раздық Уахитұлы 1990-ыншы жылдардағы қаржылай қиындықтарды еске алды.

– Кеңес Одағы ыдырап, еліміз егемендік алған алғашқы жылдары халыққа оңай болған жоқ. Әсіресе, айлап жалақы, зейнетақы ала алмай қалған жұрт абдырап қалды. Мемлекеттің өзінде елге берер ақша болмаған соң мұғалімдер, дәрігерлер сынды қызметкерлердің еңбекақысын тауармен беруге тура келді. Ол кезде жылу мен жарыққа да жарып тұрғанымыз шамалы. Соған қарамастан аудандарға барып, сол айырбас арқылы берілетін жалақының өзі қаншалықты дұрыс үлестіріліп жатқанын қараңғы, суық кабинеттерде дірдектеп отырып тексеретінбіз. Жасыратыны жоқ, сондай ауыр кезеңнің өзінде бір-екі қап макаронды өзінің үйіне алып қалмақ болған мектеп басшылары да кездесті. Солардың әрекеттерін әшкерелеп, жығылғанның үстіне жұдырық болмауын бақылайтын едік. Кейін жекешелендіру басталды. Ол да ауылдағы ағайынға қиынға соқты. Кезінде атағы дүркіреп, жағдайы жайқалып тұрған кейбір елді мекендер аз уақыт аралығында ойсырап, әлеуметтік нысандар күйреп қалды. Салдарынан ауыл шаруашылығы құлдырап, тұрғындар жаппай қалаға қарай қоныстана бастады. Иә, сол тұстағы экономикалық саясаттың нәтижесінде көп ұзамай еңсемізді тіктеп, мәселені реттей бастадық. Шекараның арғы жағындағы елдермен салыстырғанда жағдайымыз көш ілгері. Десе де, жекешелендіру болмағанда ауылдарымыз қазіргіден де дамыған, өркендеген болар ма еді деп те ойлаймын, – деген ойымен бөлісті тәжірибелі маман.

Бұл ретте бұрыннан бері келе жатқан жүйелі проблема – кадр мәселесіне де ерекше назар аударды. Жылдар санап бухгалтерлік есеп-қисап электронды форматқа ауысып, жетілдіріліп жатқанымен әлі де өзекті жайттар бар көрінеді.

– Бүгінде біз қаржылық жағдайын тексеретін 10 мекеменің кемінде тең жартысында міндетті түрде қандай да бір кем-кетік анықталып жатады. Оған бір жағынан кадрлық жағдай салқынын тигізеді. Бухгалтерлердің еңбегі аз, жұмысы көп болғандықтан, көбі бұл қызметке барғысы келмейді. Екіншіден, мекеме басшылары да есеп-қисапқа аса «бас ауыртуды» қаламайды. Оның тереңіне үңіліп жатпайды. Алдына келген қағаз-құжаттарға қол қоюмен ғана шектелетіні тағы бар. Соның салдарынан кемшіліктер кездеседі. Қандай да бір теріс әрекеттерді анықтасақ, оны құзырлы органдардың қарауына береміз. Кейін олар құқықтық бағасын белгілейді. Меніңше, осындай келеңсіз жайттардың алдын алу үшін есеп жағынан ғылыми-зерттеу институты болуы керек. Бәлкім, сол кезде салада айтарлықтай ілгерілеу байқалатын болар, – деген пікірін білдірді.

Раздық Уахитұлы үнемі мемлекеттік қызметтің күйбең тіршілігімен жүріп, іссапарға жиі шыққанымен, отбасының жағдайын әсте шет қалдырған емес. 1988 жылы халық шаруашылық институтында бірге оқыған Ирина Чайзадақызымен шаңырақ көтеріп, үш ұлды өсіріп-тәрбиеледі. Қарт анасын қолына алып, оған қарайласты.

– Ұлдарымның бала кезден терең білім алып, спортқа ден қоюына көңіл бөлдім. Ағылшын тілі бойынша алғашқы курстар ашылып жатқан тұста «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қағидамен, шетел тілін де меңгерсін деген ниетпен сабақтарға жаздым. Шымыр болып шынықсын деп жүзуге апардым. Одан бөлек, волейбол, баскетболдан болатын облыстық, республикалық жарыстардан, кезінде бес дүркен ел чемпионы атанған «Ертіс» футбол командасының ойындарынан қалыс қалмайтынбыз. Берік пен Асхат самбо, дзюдомен, Асылхан бокспен тұрақты түрде шұғылданды. Мен жұмысбасты болғандықтан тәрбиелеріне, бос уақыттарының тиімді өтуіне анасы көп көңіл бөлді, – дейді Раздық Уахитұлы.

Балалары әке мен ананың үмітін ақтады. Бүгінде үш ұлы да әке жолын жалғап, ел игілігі үшін қызмет атқаруда. Үлкен ұлы Берік – Павлодар облыстық полиция департаменті Тексеру басқармасының бастығы. Екінші ұлы Асхат – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі. Кенжесі Асылхан биыл Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторантурасын халықаралық қатынастар мамандығы бойынша тәмамдап, ғылыми дәреже алмақ. Ұлы Берік пен келіні Жұлдыз Абай, Алихан есімді екі немере сыйлап, ата-әже бақытына бөлеп отыр.

– Мемлекеттен осыдан 30, 20, тіпті 10 жыл бұрын бөлінген бюджет пен бүгінгі қомақты қаражатты салыстыруға келмейді. Арасы жер мен көктей. Қазіргі таңда халықтың жағдайы жақсаруы үшін қазынадан қыруар қаражат қарастырылып жатыр. Ендігі міндет – соны тиімді пайдаланып, еселі еңбек ету. Жұмыс істеп, жалақы алып, жағдайымды жақсартамын деген кез келген азаматқа мол мүмкіндік бар. Табыс табудың жолы көп, тек ниет болса болғаны. Бастысы, адам қай істі қолға алса да оны адал атқаруы тиіс. Елге адал еңбек еткен адамның ғана абыройы асқақ, жүзі жарқын болады. Осыны қаперден шығармау керек деп ойлаймын, – деп әңгімемізді түйіндеді.

Олай болса, ұзақ жыл бойы халыққа қызмет жолында маңдай терін төгіп, саланың «суығын» да, «ыстығын» да көрген білікті маман Раздық Уахитұлын зейнет жасына толуымен құттықтаймыз. Өмірлік ұстанымы берік азаматтың алдағы уақытта да елге берері көп деп білеміз. Денсаулығыңыз мықты, ғұмыр жасыңыз ұзақ болып, талай жылғы еңбектің жемісін көріңіз!

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.