OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Адам өмірі өкінішсіз болмайды. Белгілі жағдай. Медицина саласында қызмет ететін әріптестерім үшін Сабырханова Әлия Жакенқызының өмірден ертерек өтуіойламаған жағдай. Ақылшы, білікті маман, дәрігер, ұстаз, ұйымдастырушыдан көз жазып қалу оңайға түспеді.

 

Өз басым Әлия Жәкенқызын 1974 жылдан біле бастадым. Сол кезде Семей медицина институтының төртінші курс студенті едім. Институттың облыстық аурухана жанындағы №4 жатақханасында достарыммен тұрып жатқанмын. Әлия Жәкенқызы көрші бөлмелердің бірінің тұрғыны болатын. Басында ол кісіні курстасым Асқардың апайы ретінде таныдым. Апайымыз институттың акушерия-гинекология кафедрасында клиникалық ординатурада оқитын. Бізден ересек, сондықтан алыстан араласып, көрген жерде амандасып қана жүретінбіз. Кейін институтты тәмамдап Павлодарға келген кезден әріптестер ретінде араласа бастадық. Дәрігер акушер-гинеколог, Мойылды курортының басшысы, облыс денсаулық саласының кәсіподағының төрайымы лауазымдарында жемісті еңбек еткені елге таныс, жақсы біледі. Әлияның алғырлығын байқаған облыс партия комитетінің басшылары Әлияға инструктор нұсқаушы қызметінде сеніп тапсырды. Оны да абыроймен атқара білді. Кейінірек ұзақ жылдар медицина кол-леджінің директоры бола жүріп, облыс денсаулық саласын білікті орта мамандармен қамтамасыз етуге ат салысты. Колледжді республика көлемінде алдыңғы қатарлы оқу орнына айналдырды. Қажырлы еңбегінің бір көрінісі ретінде колледжді облыстық білім беру саласынан денсаулық сақтау департаментіне қайтаруға мұрындық болды. Алдымен Әлия Жәкенқызы: «Сәке, осы оқу орны алдымен денсаулық саласының кадр мәселесін шешеді, сондай-ақ, оқу процесін аурухана мен емханаларда жүргізуге жәрдемдеседі. Демек, орын алып отырған қиыншылықтарды шешу үшін денсаулық сақтау департаментінің құзырына көшірген дұрыс болар», — деп қолқа салды. Сөзін жерге тастамай, облыс әкіміне шығып, шаруаны дұрыс жолға қою мақса-тында өтінішке сай әрекет жасалды. Бұл шешімнің дұрыстығына уақыттың өзі куә болды. Бүгінде денсаулық саласы соның жемісін көріп жатыр. Тағы да тоқтала кететін қыры — көрегендігі. Баршаға белгілі, 2000 жылы облыста отбасылық медицинаны дамыту көзделіп, сонымен бірге қаржымен қамтамасыз етудің жаңа механизмін кіргізу қолға алынды. «Фондодержание» деген ат қойып, айдар тағып, іске кірісер алдында Әлия Жәкенқызы денсаулық министрлігінің, облыс активімен өткізілетін ғылыми-тәжірибелік конференцияны колледж аясында өткізуді ұсынды. Іле үлкен жұмыс жүргізіліп, «қаржы сырқат соңынан» принципі қолданысқа кіргізілді. Бүгінде бұл үрдіс респуб-лика көлемінде өз шешімін табуда. Тіпті, міндетті сақтандыруды да қолға ала бастаған кезде, сол Павлодар тәжірибесінің байыбына бармай тоқтап қалғанына, «қайта жандандырылса ғой», — деп Әлия орынды қынжылушы еді. Бұл тұрғыдан, өз ісінің білгірі Әлияның өзінің де өмірден ертерек кетуі — сөз жоқ, орны толмас өкініш. Әлия Жәкенқызының қолынан не келмеді десеңізші? Республика көлемінде талай өткізілген сайлау науқанына қосқан еңбегінің өзі бір төбе емес пе?! Облыстық комис-сияның төрайымы ретінде бұл қызметті де мүлтіксіз орындап шықты. Ондай саяси іске қажырлылық, өжеттілік, білгірлік, табандылық тәрізді қасиеттер қажет. Соның бәрі Әлияның бір бойынан табылып жатты. Мұрат жездеймен той-томалақтарда кездескенде, екеуі әдемі көрінуші еді. Әйел затына сай ибалық, еркелік сезіліп тұратын. Өзі де маңайындағыларды еркелетіп, қолпаштай білетін-ді. Сондай кездесулерде «Кербездің ата-әжесі келе жатыр», — деп біздің де шашбауымызды көтере беретін. Бірде, «Апай, сізге денсаулық сақтау саласының анасы деген ат лайық» — деп, кейінірек ол ойымды әріптестерімнің арасына тастап, ой салдым. Ұсыныс өте жылы қабылданып, тез арада Апамыз «Денсаулық саласының Анасы» аталып кете барды. Егер кейбір басқосуларда жанына барып, сәлем беріп, бетіне бет тигізбесеңіз, «үйдей пәлеге» қалдым деп ойлай беріңіз. Әрине, оны Апамыз ойын ретінде, еркелеп айтса да, оның тәрбиелік маңызы зор еді. Қазақылықтың иісі бұрқырап тұр емес пе? Сол жылы қатынас енді сағынышқа айналуда. Ойға да келмес, кеше ғана жаныңда жүрген сыйлас адамың бүгінде бақилық боларын. 2016 жылдың соңғы айның бір күні Әлия апамызды №1 ауруханада көріп қалдым. Танымайтындай өзгерген, әбден сырқат меңдеген екен. Өмірі ұзаққа бармайтыны белгілі болса да, көңілін аулап, құшақтасып мәре-сәре болдық. Сұм ажал сондай қомағай болар ма? Артынан 3-4 айдан соң дүние салды. Өкінішті, әрине. Кім біледі, уақыт өте медицина колледжі Сабырханова Әлияның атымен аталар деп те ойлайсың. Бұл да дұрыс шешім болар еді. Себебі, егемен елдің оқу-білімін дамытып, егемендік алған кезден бастап көп жыл өзі басшылық жасап, қоғам өміріне өмірінің соңына дейін еңбек еткен азамат ретінде сол еңбегі лайық бағаланса несі бар? Ал өз тарапымнан еске алып, аздаған осы әңгімені жазу ғана қолдан келді.

Сағит Иманғазинов, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.