Бүгін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтті. Оған қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова өңірдегі әлеуметтік қорғау саласының үздік қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттады.

Айзада Амангелдіқызы шараға қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.


— Баршаңызды егеменді еліміздің төл мерекесі — Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің мерекелеріңіз — кәсіби мерекелердің ішіндегі ең ерекшесі. Қазан айының соңғы жексенбісі аталып өтетін айтулы күн халықты әлеуметтік қорғау саласында жүрек жылуын аямай жұмыс істеп жүрген мыңдаған маманның мерекесі. Сіздердің мамандықтарыңыз мейірімділіктің, адамгершілік пен қамқорлықтың нышаны екені сөзсіз. Мерекелеріңіз құтты болсын, ақ жүректі асыл жандар!- деді. Бұдан соң осы салада еңбек еткен ардагерлер сөз алып, әріптестеріне жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Салтанатты кеш марапаттау рәсіміне ұласты. Атап айтар болсақ, Гүлбайрам Біләлова мен Евгений Губарев «Еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Құрмет грамотасымен Венера Демеубаева, Диляра Қасенова, Жанар Айдаркенова, ал аталған министрліктің Алғыс хатымен Гүлнар Ахтамберова, Әсемгүл Жақсыбаева, Берік Қасымов, Сәуле Сипатилова, Гаухар Түсіпжанова марапатталды. Өз ісіне тиянақты, әлеуметтік қорғау саласының дамуына зор үлес қосқан бір топ маманға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табыс етілді. Мереке соңы ән-шашумен жалғасын тапты. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда аймақтың әлеуметтік қорғау жүйесінде 3 мыңға жуық адам еңбек етуде. Шараға қатысушылар олардың әрқайсысының үлесі мол екенін атап өтті.

Нұржайна ШОДЫР.
Суретті түсірген – Есенжол ИСАБЕК.