Дастан МАСАЛИЕВ, №6679 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері:
Марапат иесі атанғым келеді
— Сәлем, Анашым-Әкешім! Хал-жағдайларыңыз қалай? Үйдегілер жақсы ма, ауыл-ел аман ба? Қандай жаңалықтар болып жатыр? Менде бәрі ойдағыдай. Әскери қызмет те ойдағыдай өтіп жатыр. Әскерде көптеген адамдарды кездестірдім, сенімді достар таптым. Жалпы, әскер маған көп нәрсенің қадірін түсінуге мүмкіндік берді. Мысалы, ең алдымен ата-ананың қадірін, екіншіден уақыттың, үшіншіден дстықтың қадірін ұқтырды. Менің ойым адам баласы ер азамат болып туған соң, өзінің Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс. Біздің әулеттің жүріп өткен жолына зер салсақ, қара шаңырақтан түлеген әрбір перзент бүгінде елге сыйлы азаматтарға айналып отыр. Сондықтан мен де жауынгерлік міндеттерді атқаруда жауапкершілікпен дұрыс бастамашылық танытып, өзіне сеніп тапсырылған қарудың құрылымын, тактика-техникалық сипаттамасын, қызмет көрсету тәртібін өте жетік меңгеріп, атыс даярлығында үздік нәтижелер көрсетуді мақсат тұтамын. Күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына белсене қатысқаны және көрсеткен ынта-жігері, үлгілі әскери тәртібі мен бекетте қырағылық танытқаны үшін берілетін бірнеше марапат қағаздарының иесі атанғым келеді. Осылайша, мен де жанұяның намысын жоғары ұстауға тиіспін.
Ибрагим ХАКИМОВ, №5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері:
Айтар алғысым шексіз
— Осыдан жиырма екі жыл бұрын менің отбасым Қазақстанға Шешенстандағы азаматтық соғыстан бас сауғалап келген еді. Әрине, туған елін тастап кету менің ата-анам үшін оңайға соқпады. Ішкі қақтығыстардан күйісі кетіп, берекесі қашқан олардың тығырықтан шығар басқа жолы болмаса керек-ті. Неге екенін білмедім, ел шығысындағы Семей қаласына қоныс аударыпты. Тарғыл тағдыр тауқыметі тар жол, тайғақ кештіргенімен тамырын тереңге жайған таңсық өлкеде тыныстары тарылмапты. Шаруада шашау шығармайтын әкешім қиюын қиыстырып, бір істі дөңгелетіп әкетсе керек. Әйтеуір, мен көйлегі көк, қарны тоқ отбасында өмірге келдім. Семей жұртына бірден бауыр басып кеттік. Бұл кеудемізден итермей, құшақ жая қарсы алған жергілікті жұрттың даладай кең пейілінен болса керек. Сондықтан қиын-қыстау шақта қолдау танытқан азаматтарға айтар алғысым шексіз. Өз баласынан кем көрмейтін қала тұрғындарына ризашылықтан басқа алып-қосарым жоқ. Осы қарашаның қайырымдылығынан болар, менің де Отанға деген махаббатым сондай ыстық. Сондықтан, бұғанам бекіп, қабырғам қатайған тұста, белімді бекем буып Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышымды өтеуді жөн санадым.
Жарқын ӘЙТІМЕТОВ, №5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері:
«Ұстазы мықтының ұстамы мықты»
— Сәлеметсіз бе, ұстазым! Кеше ғана қалам ұстауды үйреткен оқушыңыз бүгін сізге әскерден хат жазуда! Сізді қатты сағындым. Сіз маған ер азамат барлық жағдайға дайын болуы қажеттігін, қайғыда құлазымай, қуанышта асып-тасымай дәті берік тұлға болып қалыптасуыма зор ықпал еттіңіз. Күні кеше ғана қаруластырыммен бірге ант қабылдадық. Енді, міне антыма адал болу жолында тайынбай қажырлы қызмет етуге әзірмін. Мендегі бұл болмыс сіз берген өнегенің арқасында деп ойлаймын.
Ел ішінде «дайындықта қиын болса, соғыста
жеңіл болады» деп айтады ғой. Мектептегі қатал тәрбие әскердегі өзге қаруластардан мені ширақ, жауапты, елгезектігіммен айшықтады. Ұлттық ұлан қатарында жүріп, өзімнің өмір жолымда сіздей
ұстаз болмаса да, өн бойынан білімі мен өнегесі төгіліп тұратын әскери қызметшіні жолықтырдым. Менің взвод командирім лейтенант Бауыржан Серікболовтан адами жетілу жолында тәлім алар біраз дүние бар екен. Қымбатты ұстазым, болашақта талай хат жазамын. Шәкірттеріңіз сіз артқан сенімді ақтай білсін.