Дархан Әділбеков – ел басына күн туған шақта етікпен су кешкен ердің бірі. Ол облыстық төтенше жағдайлар қызметінде жүргізуші болып қызмет атқарады. Өңірде елді мекендерге су тасқыны кезінде қауіп төнген шақта Успен және Шарбақты ауданына аттанып, тұрғындарды қарғын судан құтқаруда барын салды.

Көктемгі су тасқыны кезінде қауіпке қарсы тұрған құтқарушыларды бейбіт күннің батырлары деп айта аламыз. Биыл табиғи апат кезінде өңірдегі бірқатар ауданға қауіп төнгені белгілі. Дархан Теміртайұлы Успен ауданы орталығы мен Шарбақты ауданы Красиловка ауылын төтенше жағдайдан құтқару үшін жарты ай отбасынан жырақта жүрген. Осы салада 5 жыл қызмет атқарған ол биылғы су тасқынымен күрес жұмыстары жылдағыдан күрделі болғанын айтады.

– Биылғы табиғи апат ауа райының құбылмалы болуы салдарынан орын алды. Желтоқсанда толассыз жаңбыр жауып, жерге мұз қатты. Соңынан аяз көтеріліп, қалың қар түсті.  Ауылдардағы бірнеше үйдің суға кеткені сондықтан. Құтқарушылармен Успен және Шарбақты ауданында қауіп төнген учаскелерде күні-түні су сору жұмыстарын жүргізіп, құм толтырылған қапшықтарды төседік. Құтқарушылар отбасыларын екінші орынға қойып, тұрғындарды апаттан құтқаруда барын салғаны рас. Бірқатар әріптесім Солтүстік Қазақстан облысына көмекке аттанды. Бұған дейін полиция батальонында, жергілікті зауыттарда қызмет атқардым. Төтенше жағдайлар департаментінде жұмыс істеп жүргеніме еш өкінбеймін. Тұрғындарды оқшаулап, қарғын суды тоқтату кезінде жұмысыма деген жауапкершілігім артты.  Бастысы, жұрт аман, – дейді Д.Әділбеков.

Жалпы, құтқарушы қызметі қауіпті әрі зор жауапкершілік жүктейді. Осы сала мамандары жылдың 4 мезгілінде де аяқтарынан тік тұрып жұмыс істейді десек, қателеспейміз. Көктемде су тасқынымен, жазда шомылу маусымы мен өрт қауіпсіздігіне жауап береді. Күзде жылыту маусымы кезінде пешті дұрыс жағу ережелерін түсіндірумен айналысса, қыста қар құрсауында, аязда далада қалған жолаушыларды құтқарады.

– Құтқарушылар Майқайың-дағы апатты жағдай кезінде де қызмет көрсетті. Адам өміріне қауіп төнетін барлық фактілерде құтқару қызметі көмекке келеді. Мамандар өз өмірлеріне  қауіп төніп тұрса да, міндеттерін адал орындауда. Болашақта осы салада табанды еңбек етіп жүрген мамандарды баспанамен қамту мәселесіне көңіл бөлінсе екен, – дейді Д.Әділбеков.

Дархан Теміртайұлы – отбасында адал жар, ардақты әке. Жұбайы екеуі – 3 баланы тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.

Атап өтерлігі, Дархан Әділбеков су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге атсалысқаны үшін Шарбақты ауданы әкімінің Алғыс хатына ие болған.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.