Облыс орталығына жақын орналасқанымен судан тапшылық көріп отырған ауылдар әлі де болса бар. Қарапайым қажеттіліктің өзі асқақ арманға айналған сондай ауылдардың бірі – Ақсу қаласы Достық ауылдық округіне қарасты Спутник елді мекені. Бір кездері мыңдаған адам түтін түтеткен ауылда қазір небәрі 300-ден сәл ғана асатын халық тұрады. Алайда бұл бұқараның айтатын базынасы аз емес. Жергілікті тұрғындар тіршілік нәрінен тарығып, орталықтандырылған ауызсу құбырынан ащы су ішіп отыр. Мәселенің мән-жайын зерделеу үшін аталмыш ауылға ат басын бұрдық.

Ұмыт болған үміт

Павлодар қаласынан шамамен 25-30 шақырым ғана қашықтықта жатқан Ақсу қаласы Достық ауылдық округіне қарасты Спутник елді мекенінде тіршілік нәріне қатысты бірқатар мәселе бар. «Тамшыдан құралған түйткілден» өзге бұл ауылда шешілмеген әлеуметтік мәселе де шаш-етектен. Өзгесін айтпағанда асфальт жол, көше жарығы, қоғамдық көлік пен балаларға арналған ойын алаңдары атымен жоқ. Жергілікті тұрғындардың бірі таяуда бұл мәселені облыс әкімінің есептік кездесуінде де көтерді. Қысқасы, таза ауыз суға жарымаған ауылдықтардың айтар шағымы көп. Аймақ басшысы Асайын Байханов әрбір тұрғынның талап-тілегі ескерілетінін және жақын уақытта бұл ауылға арнайы ат басын бұрып, мәселені бақылауға алатынын айтты. Біз де тұрғындармен тілдесу үшін ауылға жол тарттық.

ХХІ ғасырда қарапайым қажеттілікке қол жеткізе алмай, ащы су ішіп отырған ауыл тұрғындары ай сайын кран ауыстырса да оның бәрін тұз «жеп» тастайтынын айтады. Басқа барар жері, ішер суы болмаған соң олардың сол тұзды суға тәуелді боп отырғаны қынжылтады. Оның үстіне тұздың тым көп мөлшері денсаулыққа зиян екені тағы бар.

– Ауылымызда таза ауызсу жоқ. Орталықтандырылған су құбырынан тат, судан тұз татиды. Көптеген үй құдықтан су ішіп отыр. Жарамсыз су тұтынатын тұрғындар арасында ауруға шалдығушылар да жиіледі. Алдағы уақытта ащы су ішкен халық арасында бауыр, бүйрек ауруымен ауыратын адамдар саны арта түсуі бек мүмкін. Себебі су сүзгілерден өтпейді, құрамында тұз мөлшері көп. Су мұнарасындағы тазарту қондырғылары да ескірген. Тіпті кейбірі істен шыққан. Оған қоса, Спутникте не су таситын көлік жүрмейді. Сол себепті адамдар сорғы станциясындағы суды өз күштерімен тасымалдап, техникалық әдістерге салып тазартуға мәжбүр. Біз бұл суды бірнеше рет қайнатып, тұндырып барып ішеміз. Келешекте ауызсу жүйесі тартылып, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін пайдалансақ деген тілегіміз бар. Жақын арада бұл жұмыс қолға алынады дегенді естідік. Бірақ, дәл қазіргі жағдай тұрғындарға оңай соғып тұрған жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Любовь Кабылдинова.

Бүгінгі таңда аталмыш ауылдағы екі қабатты шағын мектепте 40-тан астам оқушы білім алуда. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дәметкен Амангелдіқызының айтуынша, білім ошағында осыдан екі жыл бұрын су тазарту қондырғысы орнатылған. Осылайша, мектеп ұжымы заманауи технологиялардың көмегін пайдаланып отыр.

– Мектеп ішіндегі арнайы бөлмеде орнатылған су тазарту қондырғысы бар. Заманауи қондырғы лай, бөтен иіс пен дәмді, судағы қосалқы заттарды толығымен жояды. Темір, мырыш және басқа да элементтерден тазартады. Судың сапасы арнайы аспаптар арқылы бақыланады. Тазарту процесі толығымен тексеріледі. Оған қоса, арнайы құзыретті органдар тарапынан да судан сынама алынып, су сапасы үнемі тексеруден өтіп тұрады. Сондықтан оқушылардың денсаулығына алаңдауға негіз жоқ. Жалпы, ащы суға қатысты бұл мәселе осындай су тазарту құрылғыларымен де біртіндеп шешіліп келеді, – деді ол.

Ал Геннадий Тюрин есімді осы елді мекеннің тағы бір тұрғыны тұзды суға қатысты бұл түйткіл су тазарту құрылғыларымен ғана тарқамайтынын жеткізді. Оның сөзінше, сорғы станция-ларындағы ауызсу қанша жерден тазартылса да ескі құбырлардағы тұз қалдықтары мәселенің оң шешілуіне мүмкіндік бермейді. Сондықтан су желілерін толықтай жаңғырту қажет.

– Ауылдағы су мәселесі бұрыннан бері көтеріліп келеді. Біз қазір тұзды, техникалық суды тұрмыста қолдануға мәжбүрміз. Ауылда шамамен 300-ден астам адам тұрса, олардың 80 пайызы – зейнеткерлер. Біз үшін таза ауызсу арманға айналғандай. Тұзды суды қайнатып қолданғанымызбен оның денсаулыққа әсер етпей қоймасы анық. Кейбір тұрғындар суды сүзгіден өткізетін сорғы станциясынан тасиды. Ал енді кейбірі үйлеріне құдық қаздыртып алды. Өйткені кеңестік кезеңнен қалған ауылдағы су құбыры қараусыз жатып, тозығы жетті. Құбырдың өзін толық ауыстырмай, мәселе шешілмейді. Мәселен, су тазарту қондырғыларынан өткен ауызсу бәрібір сол «тұзбен қапталған» ескі құбырға қайта құйылады. Сөйтіп, тұрғындарға жеткізіледі. Тазартылған ауызсу тұтынушыға жеткенше тұзданып үлгереді. Алдымен су құбырын алмастыру керек, – деді ауыл ақсақалы.

Ауыл тұрғындарының арманы

Амалы таусылған ауыл тұрғындары баяғы кеңестік кезеңде салынған құбырдан ащы су ішіп отыр. Мұндағы орталықтандырылған ауызсу құбырының жалпы ұзындығы шамамен 1 шақырымды құрайды. 1977 жылдары салынған құбырдың қазіргі жағдайы сын көтермейтіні рас. Ал жаңа су құбырының қашан тартылатыны әзірге белгісіз. Жергілікті әкімдіктегілер болса, қолдану мерзімі қырық жылдан асқан құбыр өз жұмысын атқарғанын алға тартып, оның арасында бұзылып, сынып, жарылуын «заңдылыққа» жатқызды. Сонымен қатар, әкімдіктегілер ауылдағы кешенді блок-модуль арқылы тұрғындарға күн сайын сағат 18.00-ден 19.00-ге дейін сүзгіден өткен таза ауыз-су жіберілетінін атап өтті.

Достық ауылдық округінің әкімі Айгүл Бекбергенованың айтуынша, Спутник елді мекеніндегі су құбыры тасымалдаушы компанияның иелігінде. Әкімдік тарапынан компания өкілдеріне тіршілік нәрін тазарту және сапасын жақсарту бойынша хаттар жолданған. Десе де, кәсіпорын жауап беруге асығар емес.

– Спутник станциясының су құбыры желілері «ҚТЖ» ҰК» АҚ балансына және «Теміржолсу-Павлодар» ЖШС-нің пайдалануына берілген. Техникалық су тұтынушыларға ақысыз беріледі. Сондай-ақ, ауылда су бөлетін төрт баған бар. Ауызсудың сапасын тоқсан сайын Ақсу қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жүргізеді. Жақында жоспарлы негізде басқарма зертханалары судан 21 сынама алып, 3 жағдайда параметрлерге сәйкессіздік барын анықтады. Сынамалар сорғы станциясында, сондай-ақ, Спутник станциясы мектебінің жанындағы су айдау бағанынан алынды. Өз кезегінде Достық ауылдық округінің әкімдігі су құбыры желілеріне жауапты «Теміржолсу-Павлодар» кәсіпорнына осы нұсқамаларды жою қажеттілігі туралы хат жолдады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Спутниктегі желілерді ауылдық аймақ әкімдігінің теңгеріміне беру мәселесі талқылануда. Бұдан бөлек, биыл көше шамдарын орнатып, ауылдың кіреберіс жолын жөндеуге қаражат қарастырылып жатыр, – деді ауыл әкімі.

Ақсу қаласы тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, аталған ауылдағы ауызсу мәселесін шешу үшін ағынды суларды тазарту қондырғыларын салу және жаңа ұңғымаларды бұрғылау қажет. Қазіргі таңда су мұнарасына қосымша құрылғылар орнату үшін жобалық-сметалық құжаттама да есептеліпті.

– Достық ауылдық округі әкімінің 2024 жылға арналған бюджетінде Спутник елді мекеніндегі сорғы станциясында су тазарту жүйесін жаңғыртуға қаражат көзделген. Өткен жылы жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Содан соң ауызсудың сапасы барлық санитарлық нормаларға сәйкес келетін болады. Бүгінгі таңда Спутник ауылындағы үйлерде орталық сумен жабдықтау желілері, сондай-ақ, тазарту қондырғыларымен қамтылған кешенді блок-модуль бар, – делінген хабарламада.

Түйін:

Ауызсуға жарымаған аталмыш ауыл жұртының бұл мәселесі жуық арада шешімін табуы екіталай. Ақсудың қазынасында ауылға жаңа су құбырын тартып беруге қажет қомақты қаражат жоқ. Сондықтан биыл мұнда тек сорғы станциясындағы су тазарту жүйесін жаңғырту жүргізілмек. Ал облыстан қосымша қаржы қарастырылса, мәселе оң шешімін тауып, ауыл тұрғындарының арман, қуанышына себеп болмақ. Ылайым солай болғай!

А.МҰҚЫШЕВ.

Ақсу қаласы, Достық ауылдық округі.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.