Аймағымызда көп ұзамай көктемгі дала жұмыстары қарқын алмақ. Астықты аудандардың бірі саналатын Шарбақтыда егіс науқанына дайындық шаралары ойдағыдай жүргізілуде. Биыл өңір бойынша 206,8 мың гектар алқапқа егін егу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп, дейді мамандар.

 

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша, ағымдағы жылы 134,7 мың гектар жерге дәнді және бұршақты дәнді дақылдар, ал 44,2 мың гектарға майлы дақылдар егілмек. Нақтырақ айтар болсақ, 96,9 мың гектарға – бидай, 10,1 мың гектарға – арпа, 1,6 мың гектарға – сұлы, 10,5 мың гектарға – тары, 14,3 мың гектарға – қарақұмық, 0,4 мың гектарға жасымық, 4,2 мың гектарға – жүгері, 3,2 мың гектарға – бір жылдық шөптер, 19,9 мың гектарға – көп жылдық шөптер және көкөніс түрлері егіледі деп күтілуде.

– Биыл бидай мен арпа егу алаңын азайту арқылы егістіктерді әртараптандыруды ескере отырып, майлы дақылдар салатын алқаптарды ұлғайту көзделуде. Сондай-ақ, алдағы уақытта жұмыс жоспарына сәйкес 87,4 мың гектар алқапта ылғал жабу, 60,0 мың гектар жерді егіс алдындағы өңдеу жоспарлануда. Жалпы, көктемгі егіс науқанына дайындық өз деңгейінде қолға алынуда, – дейді аталмыш бөлімнің басшысы Сымбат Шаяхметова. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарды қаржыландыру үшін 628,0 млн теңге қажет. Қомақты қаражат «Қазақстан халық банкі» АҚ-нан жылдық 6 пайызбен алынбақ.

Айта кетерлігі, кейбір өңірлерде тұқым тапшылығы мәселесі туындауда. Бұл ретте, шарбақтылық шаруалар ерте қамданғанын айрықша атап өткен жөн. Осы жылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер сортты жаңарту мақсатында 50 тонна жоғары репродукциялы дәнді дақылдар тұқымын сатып алған.

Сонымен қатар, егіннің бітік шығуы үшін топырақтың құнарлы болуы маңызды екенін ескерген шаруалар 1,6 мың тонна минералды тыңайтқыштар, оның ішінде 594 тонна «Аммофос», 454 тонна «Аммиак селитрасы» және 529 тонна басқа да түрлі минералды тыңайтқыштар алуды жоспарлап отыр. Мамандар бұл тыңайтқыштардың қай-қайсысы да ауыл шаруашылығы дақылдары үшін өте пайдалы қоректік зат екенін айтады.

Қазіргі заманда егін егіп, жер жырту бұрынғыдай білектің күшімен емес, техниканың ісімен бітетін шаруа екені сөзсіз. Осы орайда аудандағы шаруа қожалықтары өткен айда өз қаражаты есебінен 48,0 млн теңгеге 5 бірлік арнайы техника мен жабдықтар және «ҚазАгроҚаржы» АҚ-нан лизинг арқылы 9,7 млн теңге сомасына 1 бірлік көлік сатып алған.

Бүгінгі таңда ауданның ауыл шаруашы-лығы өндірушілерінің машина-трактор паркінде 1265 трактор, 23 егіс кешені, 273 комбайн, 196 соқа, 494 тұқым сепкіш, 101 қопсытқыш, 21 жемшөп жинайтын комбайн, 65 орақ, 558 тырма, 13 астық кептіргіш бар.

Жалпы, көктемгі егіс жұмыстарына 492 трактор мен 24 егіс кешені жұмылдырылмақ. Бастысы, аталған техни-
калардың барлығы іске кірісуге сақадай сай дайын, дейді мамандар.

Шаруаларды арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамсыз ету мәселесі де оң шешімін тапқан. Айталық, биыл аудан бойынша көктемгі дала жұмыстарына 2 962 тонна төмен бағамен дизель отыны бөлінген. Оның ішінде ақпан айында – 289 тонна, наурызда – 659 тонна, сәуірде – 1 281 тонна, мамырда 733 тонна жанар-жағар май жеткізу жоспарланған. Қазіргі күні 526 тонна сұйық отын жеткізіліп, 1 486 тоннаға өтінім берілген. Сондай-ақ, 630 тонна жанар-жағармай үшін төлем жасалып қойған.

Сонымен, Шарбақты өңірінде дала жұмыстарына дайындық мығым әрі шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Ал олардың маңдай тері мен еңбегінің нәтижесін уақыт көрсететін болады.

Нұржайна ШОДЫР.